Денсаулық

Сапасыз снектерден сақ болыңыз!

Биыл Астана қаласының Санитариялық-эпидемио­логиялық бақылау департаменті 22 түрлі атаумен Қытай снектерінен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама алды. Соның нәтижелері бойынша барлық сынамалар Кеден одағының «Таңбалау бөлігі бойынша тамақ өнімдері» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды, яғни тұтынушылардың тамақ өнімдері туралы сенімді ақпарат алу құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге қатысты тұтынушыларды жаңылыстырады.

Қазақстанда 2023 жылы Қытай өндірісінің ащы таяқшалары-снектерді тұтынумен байланысты улану жағдайлары тіркелді. Тексеру нәтижелері бойынша барлық сауда нүктелеріне Қытайдың ащы таяқшалары ілеспе құжаттарсыз (фискалдық чек, жүкқұжат) түскені анықталды. Сауда субъектілері ұсынған өнімнің қауіпсіздігі туралы құжаттар – сәйкестік туралы декларациялар жалған болып табылды, өйткені өнім тек қытай тілінде таңбаланған және өніммен сәйкестендірілмеген. Осыған байланысты біздің департамент тұтынушыларға тамақ өнімдерін, оның ішінде снектерді сатып алу кезінде таңбалауды зерделеуді, егер мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпарат, сонымен қатар сәйкестік пен қауіпсіздік туралы құжаттар болмаса, онда мұндай өнімді сатып алудан бас тартуды ұсынады. Дайындалу және жарамдылық мерзімінің, құрамының, сақталу шарты, сонымен қатар таңдалатын өнімнің сәйкестігі мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы сізді аландатуы тиіс.

Жалпы, «Снектер» ағылшын тілінен аударғанда «тіскебасар», жеңіл тағам деген мағынаны білдіреді. Снектерге ерекше дәмдік қасиеттері бар попкорн, крекер, жүгері таяқшалары, чипсы, гранола, қақталған ет және балық, пісте, фундук, кешью, жержаңғақ, кептірілген және қытырлақ ірімшік тағамдары, қақтау және кептіру арқылы алынған балық тағамдары, жидектер мен жемістердің кесілген және кептірілген бөліктері және т.б. жатады.

Олардың ішінде өткір соя таяқшалары кеңінен қолданылады. Қытайда оларды «ла тяо» деп атайды, бұл – әртүрлі дәмдеуіштер қосылған ұннан жасалған тағамдар. Дәстүрлі құрамы: бидай ұны, су, өсімдік майы, тұз, қант, чили, зира, күнжіт, сарымсақ, бұрыш, глюкоза, натрий глутаматы, глицерин, кальций карбонаты, қызыл чили, қызыл ашытқы күріш, куркума, хош иіс. Бірақ сатылымдағы мөрленген пакеттер ішінде дәмдеуіштермен байытылған, құрамы белгісіз «жағымсыз» заттар болуы мүмкін. Қаптамадағы өнім туралы барлық ақпарат тек қытай тілінде жазылғандықтан, біз оны біле алмаймыз.

Айгүл ШАҒАЛТАЕВА,

Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button