Таным

САҚ КӨСЕМІ – САРЫАРҚАДА

Назарбаев орталығында Конституция күні мерекесіне орай, «Сақ көсемінің қорғаны» атты жаңа зал салтанатты түрде ашылды. Экспозициялық залға атақты Берел қорғанына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған қырық жәдігердің түпнұсқасы қойылды. Оның ішінде ер адам мен әйел адамның саркофагы, үш аттың қаңқасы, жылқыларға салтанатты жағдайда кигізілетін әбзелдердің қалпына келтірілген түрі және осы әбзелдердің жекелеген бөліктері бар. Көсемді немесе көшпелі ақсүйек өкілін жерлеудегі жылқының экспозициялық жинақтама бейнесі көрермендерді Берелдің байырғы тұрғындарының жұмбақ әлеміне жетелейді.

Бұл жерде органикалық экспонат­тар­дың дұрыс сақталуына барлық жағдай жасал­ған.­ Тіпті, ауаның ылғал­ды­лы­ғына дейін бақы­ла­нып отырады.
Берел қорымы Қазақтың Алтай жерінде, Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауда­нын­да­ғы осы аттас ауылдан оңтүстік батыс­қа қарай жеті шақырым қашықтықта орна­лас­қан. Ол тас­пен­ қаланған отыз бір обадан тұрады. Қорым Бұқ­тыр­ма өзенінің оң жағасындағы биік тау баурайын­да­ғы әсем жазықта, теңіз деңгейінен 1120 метр биік­тік­те тұр. Берел обаларының деректеріне 1998­ жыл­дан ғылыми және реставрациялық жұмыс жүргізіле бастады.

Берел қорымындағы ірі обалардың біріне Әлкей Марғұлан атындағы археология инсти­ту­ты­ның халықаралық археологиялық экспеди­ция­­сы қазба жұмыстарын жүргізді. Ресей, Италия, Франция мемлекеттерінен мамандар арнайы шақырылды. Экспедицияға Берел оба­ла­рын тапқан қазақтың белгілі археологы Зайнолла Самашев жетекшілік етті.­ Қайталанбас әрі аса құнды қазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыс­тарымен суретші-реставра­тор­ Қырым Алтынбеков айналысты.
Берелден табылған қазбалар – еліміздің мәдени және ғылыми өміріндегі айтулы оқиға. Қорымда жүргізілген қазба жұмыстары б.з.д. І мың­­жыл­­дық­тың­ екінші жартысы мен аяғындағы Қазақтың Алтайын мекендеген халықтың мәде­ниетін танып-білуге жағдай жасайды. Қаз­ба­лар­дың басым бөлігі он бірінші обадан табылды. Мәңгі тоң линзасы оба­дан табылған арте­фак­ті­лер­дің бүгінгі күнге бұзыл­май жетуіне себепші болды және б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген Сақ көсеміне тиесілі салт ат­тың салтанатпен жаб­дық­тал­ған әбзелдеріне нақты ғылыми әрі толымды жаңарту мүмкін­дігін туғызды.

Қазіргі кезде Берел қорымындағы қазба жұмыс­­тары жалғасуда. Бұл қорғаннан бөлек, архео­лог­тар ғұндардан кейін Қазақ жерін мекен­­де­ген түркі тайпаларының ескерткіштерін зерт­теп жатыр. Табыл­ған ескерткіштердің көбісі – музыкалық аспап­тар мен медициналық заттар.

Залдың ашылу салтанатында Назарбаев орта­лы­ғы­ директорының ғылыми-гуманитарлық жұмыс жөніндегі орынбасары, философия ғылымының докторы, Еуропа Өнері одағының лауреаты Лейла­ Махат, Әлкей Марғұлан атын­дағы археология инсти­ту­тының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылы­мының докторы, Берел қорғанын халыққа таны­тушы Зайнолла Самашев, танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйледі. Оларға Назар­баев орталығының атынан Алғыс хат тапсырыл­ды­ және жаңа залды ашу құрметі берілді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button