Басты ақпаратҚала мен СалаМәдениет

Сара сөздiң сардары

«Егемен Қазақстан» газеті – 95 жаста

Ел газеті атанған «Егемен Қазақстан» кемеліне келіп, кемерінен тасыған ақылман ақсақал шағына жетті. Ұлттың маңдайына біткен ұлы тұлғалардың қолтаңбасы қалған, республиканың өркендеу, қалыптасу кезеңдерінде халқының қамын күйттеген, тәу етер тәуелсіздігіміздің қол жеткен жетістіктерін дүйім жұртқа жан-жақты жеткізіп келе жатқан аға басылымның мерейтойы – қолына қалам ұстаған әрбір қазақ журналисінің мерекесі.

«Әр үйдің терезесінен ауа, есігінен «Егемен Қазақстан» кіреді» деген сөздің айдай ақиқат екені рас. Өйткені, тұңғыш саны 1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынбор қаласында «Ұшқын» деген атпен жарық көрген қазақ баспасөзінің қарашаңырағының ел арасындағы беделі – биік, абыройы – асқақ. Бұғының мүйізіндей тарамдалған ұрпақ сабақтастығы дәстүрінен аумай, ұлылар салған қасиетті жолды жалғастырып келе жатқан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының бүгінгі президенті Сауытбек Абдрахмановтың сөзімен айтсақ, тоқсан бес жылдық тарихы бар басылым «қашанда елмен бірге тыныстайды, елмен бірге қиналады, елмен бірге қуанады».

Сондықтан, егеменқазақстан­дықтардың торқалы тойын жазу тапсырылған сәтте бір қуандық, бір толқыдық. Қуанғанымыз – алаштың мүйізі қарағайдай қайраткер азаматтары мен ең бір ірі тұлғаларына мектеп болған ұжымдағы бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің болмыс-бітімі мен тыныс-тіршілігін, хал-ахуалын оқырманына салмақты ой мен салиқалы пікірлер арқылы тереңнен толғап жеткізіп жүрген әріптестерімді көзбе-көз құттықтаудың сәті түскендігі болса, толқығанымыз – «мәртебесі биік бас басылымның бекзат болмысына лайық сөз айта аламыз ба?» деген қобалжу еді.

Осындай ойды арқалап Арқа төсінде күннен-күнге сәулеттеніп, көркіне – көрік, ажарына – ажар қосып, көз сүйсіндірген бағаналы бас ордамыз – Астананың дәл ортасынан көше атауын иемденген «Егемен Қазақстан» газетінің сегіз қабатты ғимаратының киелі табалдырығын толқи аттадық.

Жақсы дәстүр қалыптасқан

Редакцияның зәулім жаңа үйі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен тұрғызылған, әрі оны Елбасының өзі ашқан.

Табалдырық аттағаннан Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» – Отанымыздың бас газеті» деп берген бағасы жазылған қабырғадағы әдемі сөздер көзге бірден шалынды. Ал, қарсы бетте басылымның тізгінін әр жылдары ұстаған Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың небір жақсысы мен жайсаңдары бейнеленген алып панорамалық полотно ілініпті.

«Театр – киім ілгіштен бас­талады». Бас сұққан адамды мұнтаздай жинақылығымен қарсы алатын ғимараттан жылылық пен зиялылықтың, тәртіп пен талғамның лебі есіп тұрды.

Төртінші қабаттағы қабылдау бөлмесінен вице-президент-бас редактор Жанболат Аупбаевтың кабинетіне өттік.

«Бас редактор дегеніміз – погонсыз генерал, атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым докторы, патентсіз өнертапқыш, лицензия алмаған конструктор, халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер» деп, бір сұхбатында осы лаузымға керемет анықтама берген. Әрі «маған «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы» дегеннен артық марапаттың да, атақтың да керегі жоқ. Алаштың бар баласы ардақ тұтатын басылымның басшылығында болуымның өзі зор мәртебе» деп, құтты орнын аса құрметтейтін ақмылтық журналистің жылы шырайлы қабылдауы бойымызға қуат, ойымызға серпін бергендей болды.

Құба-құп. Бас редактор бізге редакцияның тыныс-тіршілігімен таныстыруды жауапты хатшының орынбасары Амангелді Қиясқа жүктеді.

Айту керек, «Егемен Қазақстанда» қызмет ету –  қолына қалам ұстаған әр қазақтың арманы. Өйткені, таңдаған тақырыптарын тереңнен толғап, бойына «қан жүгіртіп», қаламдарының қарым-қайратын еркін елдің қасиеті мен қастерін өрнектеуге арнап келе жатқан көргені мол, таланты кемел майталман журналистерден тәлім алуды кім қаламайды дейсіз. Бүгінде мұнда өз ісіне берілген, қаламы қарымды Еркін Қыдыр, Сейфолла Шайынғазы, Самат Мұса, Серік Пірназар, Жылқыбай Жағыпарұлы, Жақсыбай Самрат, Сүлеймен Мәмет, Александр Тасболатов, Әлисұлтан Құланбай, Қарашаш Тоқсанбай, Сұңғат Әліпбай сияқты көптеген тәжірибелі газет қызметкері еңбек етеді. Олар көтерген келелі тақырыптар мен небір қызықты да, тағылымды мақалалар оқырман жүрегіне күн сайын жол табуда. Әрі олар турашылдық, тазалық, мемлекет пен ұлт мұраттарына адалдық тәрізді аға буын өкілдері қалыптастырған асыл дәстүрді мінсіз жалғастырып келеді. «Егеменде» қалыптасқан тағы бір жақсы дәстүр – желікпеге  салынбау, арзан дақпырт қумау. Орнықты ой айтып, салмақты сөз өрбіту.

Газет шығару оңай шаруа емес

Әсіресе, «Егемен Қазақстан» сияқты ел сенетін, сөзін сыйлап, ардақтайтын басылымды мың-мыңдаған адамдардың алдына тартудың жауапкершілік жүгі еселене түсері сөзсіз. Әріптестеріміздің көз майын тауысып, жанын жейтін қиындықтарға толы жұмыс үдерістеріне бір сәт үңіліп көрдік.

… Мақала жазылады. Оқылады. Тексеріледі. Түзеледі. Теріледі. Тазартылады. Оқылады. Тағы түзеледі. Тағы оқылады. Мақалаға қол қойылады. Нөмір жоспарланады. Беттер макеттеледі. Мақалалар бетке түседі. Корректорлар оқиды. Кезекші редактор оқиды. Басшылық оқиды. Тағы түзеледі…

Қай басылымның да бас штабы – секретариат. «Егеменде» де мереке қарсаңындағы қарбаласта жауапты хатшы Сапарбай Парманқұлов және оның орынбасарлары Амангелді Қияс пен Қонысбай Шежімбаев, суретші Айдарбек Ғазизовтер кезекті нөмірдің макетін пысықтауға кіріскен.

Электрондық байланыс желісіне бас сұқтық.

– Қыздар, мерекелеріңізбен! Тоқсан беске толған торқалы тойларыңыз құтты болсын!

– Рахмет! Бірге болсын!

«Егемен ақпаратқа» толассыз түсіп жатқан хаттарды іріктеп, басып шығарып, жүйелеп отырған Мәншүк Шайғожанова мен Ләззат Нұрпейісова және хат бөлімінің қызметкері Дина Дәуіттің көңіл күйлері көтеріңкі. Жұмыстарын ыждағаттылықпен атқаруда.

Одан әрі терімшілер бөліміндегі Сәлима Ғалымова, Айнұр Райымқұлова, Фариза Орманова есімді қыздармен амандасып, мерекемен құттықтадық. Бұл қыздардың да  жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Өйткені, мұнда басшылықтың сауаттылыққа қатты көңіл бөлетінін жақсы білеміз.

Ал, аға корректор Нұршагүл Әшімбаева, корректорлар Закира Төлешева, Базаргүл Ахметова, Тұрсын Есілбаева, Ақбаян Сназарова, Сапаргүл Бұхарзада күн сайын әріп түзеткен қырағы жандар. Кейде ресми материалдар көп түскен кезде олар үйлеріне келесі күні шыққан күнмен бірге қайтатын  кездері де болады. Алайда, мың-мыңдаған оқырманға сүйікті газеттері еш қатесіз, сауатты жетіп жатса, еңбектерінің ақталғаны үшін қуанады.

Бүгінгі газет жасап шығару үдерісі мен оны басатын полиграфиялық технологиялар жетістігі керемет. Бұрын қорғасын қалыптарға басылатын газет беттері қазір компьютерде беттеледі. Заман жетістігі деген осы. Бір қуанарлығы, осы мамандықты қазақ қыздары  көптеп меңгеруде. Гүлмария Құдабаева, Назым Рахымбаева, Әсел Түсіпбекова, Абай Риза, Алмас Манап  – осындай өз ісін жетік меңгерген «Егемен Қазақстанның» бет қаттаушылары. Олар бір сәтте компьютерден бас алмай кезекті нөмірді оқырман қолына тезірек тигізуге асығуда…

Үйренетін үрдістер де бар

2001 жылдан бері редакция ұжымы өзінің «етжеңді» нөмірлерін шығарып келеді. Онда көбіне тарихи, танымдық және басқа да қоғамдық ойға қуатты қозғау салатын, оқырман қызығып оқитын материалдар беріледі.

Кейінгі жылдары ТМД елдеріндегі жақсы дәстүрді жалғастыра отырып, егемендіктер жыл бойы жарық көрген «етжеңді» нөмірлердің арасынан тартымды, танымдық сипаты мол және сирек фактілерге құрылған мақалаларды іріктеп алып, жұртшылыққа кітап ретінде ұсынып келеді. Осындай он үш кітап оқырмандарына жол тартты.

Басшылық кейінгі кезде  басылымның жеделдік мәселелеріне жіті көңіл бөле бастады. Акционерлік қоғамның тың талаптар тұрғысынан жұмыс істеуге талпынысының нақтырақ көрінетін тұсы – интернет-редакцияның қызметі. Қазір мұнда газеттің сайты аптасына жеті күн жұмыс істейді. Осыған байланысты меншікті тілшілерге де жүктеме көбейген. Сенбі, жексенбіде болған уақиғаны, үлкен жиындарды, жарқ еткен жаңалықты міндетті түрде сайтқа салып, дүйсенбі күні мақала күйінде жіберу талаптары қойылған.  «Егеменнен» үйренетін үрдістің бірі – мәселен, Үкімет отырысына барып келген журналист ақпараттың қырық-елу жолдық нұсқасын бірден сайтқа дайындайтындығы. Сонымен қатар, видеокөрсетілімдер де  жақсы пайдаланылады. Сайттың өзіндік контенті қалыптасып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті сайты үш жазумен – кириллицамен, латынмен және арабшаның төте жазуымен жарық көреді. Бұл арқылы бүгінде әлемдегі барша қазақ, мейлі ол Үрімшіде тұрса да, мейлі ол Ыстамбұлда тұрса да, мейлі ол Нью-Йоркте тұрса да, қалаған уақытында газет сайтын ашып, өзі білетін жазуымен өз елінің басты газетін оқи алады. «Егемен Қазақстан» – қазірше бұған қол жеткізген жалғыз газет.

Бүгінгі таңда газет сайты басылымда күнделікті жарияланып тұратын материалдардың компьютердегі көшірмесі, яғни, газеттің электрондық нұсқасы деген түсінік біртіндеп жойылып барады. Оқырман қауым қазір газеттің шын мәнінде де нағыз сайты бола бастағанын түсінетіндей дәрежеге жетті.

Бүгінде еңсесі биік, елеулі басылым екі жүз мыңнан астам данамен таралады. Әр облыста тілшілер қосыны бар.

Қашан да елдің өмірінен, халықтың көңілінен орын алып, алаштың рухын асқақтатуды мұрат тұтқан қазақ баспасөзінің темірқазығы –  «Егемен Қазақстаннан» үйренетін үрдістер де аз емес.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Мерейлі жасқа толып отырған «Егемен Қазақстанға»  елордалық  оқырмандар да жылы лебіз білдіруде.

 

Бекділдә ҚОЖАХМЕТОВ, қала тұрғыны:

–  Мен қырық жылға жуық тәжірибесі бар ұстазбын, қалада тұрсам да өзімнің сүйікті газетім – «Егемен Қазақстанды» үйге жаздырып алып оқимын.  Отандық білім беру саласын жаңғырту – адами капиталды дамытудың бір үлкен бағыты. Міне, осы мәселені егемендіктер ұдайы назарда ұстап, білімнің сапасын әлемдік деңгейге көтеру жөнінде салмақты ойлар, келелі мәселелер көтереді. Бір ғасырға жуық мерзімде ұлт руханиятының демеушісі, халықтың тілі һәм көзіне айналған басылымның беделі ұдайы арта берсін, жазары мен оқырманы көбейе берсін!

 

Сағидолла БЕКҚАЛИЕВ, зейнеткер:

 –  Қай кезеңде де халықтың үні бола білген басылым бірінші кезекте ел ішіндегі береке-бірліктің, ынтымақтың ұйытқысы. Оның бүгінгі қоғамдағы алар орны ерекше. Елдік, ұлттық мүддені оқырман жүрегіне жеткізе біледі. Газетте әдебиет пен өнер де, тарих пен тіл де, бір сөзбен айтқанда, руханият мәселесі ұдайы көтеріледі. Алдағы уақытта да осы үрдісінен танбай, көпшілік көңілінен шыға берсін. Мерейтойы құтты болсын!

 

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button