Басты ақпаратҚоғам

Сарайшықтың сиқы алаңдатады



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді» деген еді. Жұрт Президенттің осы сөзінен үлкен үміт күтті. Өйткені тағдыры қыл үстінде тұрған көне қаланы құтқарып қалу ең маңызды мәселе болғандықтан, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтсе, Сарайшықтың күні қайта туа ма деген үміт басым болды.

Біз көрген Сарайшық

Әрине, Президенттің «Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді» деген сөзі өте орынды. Елдік мәселелер талқыланатын келелі кеңестің қазақ хандығының алғашқы ордасы тігілген өңірде өтуінің де мән-маңызы бөлек еді. Бірақ Президент осы мәселені ойлап, орынды дұрыс таңдағанымен, Атырау облысы жұмысты дұрыс орналастыра алмады ма, жоқ әлде басқа себеп болды ма, кім білсін, ұлы жиын Сарайшықта емес, Атыраудың өзінде өтті. «Оның да бір себебі бар шығар» деп өзімізді жұбатқанымызбен, сол келелі кеңеске барған Президенттен тартып, қатардағы қонақтардың іргесі Атырау қаласына тиіп тұрған қасиетті көне қалаға мойын бұрмағанына қатты қынжылғанымызды қайдан жасырайық. Өйткені Президент Сарайшыққа барып, жағдайды өз көзімен көрсе, облыс әкіміне және қатысты министрліктерге тапсырмалар берсе, жұтап тұрған Сарайшыққа бір себі тиер еді деп үміттендік. Сөйтсек, Сарайшықтың халі Ұлттық құрылтайды өткізбек түгіл, Президенттің бір келіп қарап кетуіне тұрарлық деңгейде емес екен. Атап айтқанда, атағы X ғасырдан астам уақыт ауыздан түспей келген қастерлі қала қайыршының жұртындай жұтап жатыр. Жаңадан салынған қақпасынан басқа көне жұртта көзге түсер ештеңе жоқ. Жаңадан төселген асфальт ай өтпей ойлы-шұңқыр болып, бұзылып кеткен. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей,  «Президент келеді» деген хабар шыққанда асығып-үсігіп, бос топырақты шыңдамай бетіне асфальт төсей салғаны көрініп тұр. «Көз бояуға кеткен қайран ақша» дерсің.

Онан да сорақысы қала жұртына жапсарлас отырған ауыл тұрғындары Жайық суы асып кете ме деген қауіппен көне жұрттың қоршауын бұзып, техникамен топырақ төгіп, биіктігі 2 метрге таяу бөген жасаған. Кейін оны тазалаудың өзі үлкен жұмыс екенін былай қойғанда, қоршауы алынғаннан кейін археологиялық қазба жасаған аумаққа мал кіріп, ешкі ойнақтап, сиыр жапалап, әбден тоздырған. Біз барған кезде де көне жұртта бір топ ешкі, біраз сиыр жатыр. Бар есіл-дерті тасқын судан сақтануға ауған жұрттың оған қарайтын түрі жоқ.

Сәні келіскен Сарайшық еді

Сарайшық – Алтын Орда дәуіріндегі маңызды діни, саяси-­экономикалық орталық. Қазіргі Атырау қаласының солтүстігінде (50 шақырым), Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан бұл қаланың іргесі XI-XII ғасырда қаланған. Жеті хан жерленген делінетін бұл қала Қасым хан тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болды. 1580 жылы Дон, Еділ казактарының шапқыншылығы кезінде біржола қирады.

Сарайшық аталуы кіші Сарай атынан туындаған. Мәселен, XIV ғасырдың алғашқы жартысында, Қыпшақ даласы арқылы Хорезмге сапар шеккен араб саяхатшысы Ибн-Баттута: «Сарайдан шыққан соң он күннен кейін Сарайжук қаласына келдік, ол – Ұлы су (Жайық) жағасына орналасқан. «Жук» деген сөз бұл жерде «кіші» деген мағынада» деп жазады. Сонымен қатар, «Бүкіл әлемді шарлап шықтым, Сарайшық Бағдадтан кейінгі ең үлкен қала екен. Мені таң қалдырған бұл емес, су жіберу жүйесі. Сарайшықта су әрбір үйге өзі кіреді» деп таңданысын да хатқа түсірген. Сарайшықтан табылған аса құнды жәдігерлерінің бірі –  сұр түсті қыш құмыра. Құмыраның бір бүйіріне Жүсіп Баласағұнның «Кісі көркі жүз, бұл жүз көркі көз, бұл ауыз көркі тіл, бұл тіл көркі сөз, тағы кісіге көрік білім мен өнер, біліктілікке әркім жанын пида етуі тиіс» деген қанатты сөздері жазылған.

Сарайшыққа алғаш болып зерттеу жүргізгендердің бірі белгілі археолог Әлкей Марғұлан еді. Ол 1950 жылы ескі шаһардың орнына қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде «Қала он екінші ғасырда салынған» деген қорытындыға келген. Сондай-ақ ол «Сарайшықты Жайық суы шайып барады» деп дабыл қаққан екен. Бірақ оны тыңдар құлақ болмады да, тарихи орынға кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілмеуі, сондай-ақ немқұрайдылық пен немкеттіліктің кесірінен қасиетті орынның 70 пайызға жуығы су астында қалып қойған.

1999 жылы Сарайшық қаласы орнында тарихи-мемориалдық кешен құрылысы салынды. Хандар пантеонында Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылды. Одан бөлек мешіт пен мұражай ғимараттары салынса да, өзен жағасындағы Сарайшықты жел жеміріп, су кеміріп жылдан жылға тозып жоғалуға айналды. Тек Сарайшық тағдыры алаңдатқан жергілікті халық пен тарихшы, археолог мамандардың жан айқайынан соң сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өзен суының көне қала жақ қапталын биіктетіп, бетонмен қаптатып тастаған. Соның арқасында биылғы су апатында Сарайшықтың тарпы тұрған бөлігі аман қалды. Дей тұрғанмен, көне қаланың қазіргі келбетін көрсең, жүрегің ауырады. Қазба жұмыстары жүргізілген аумақта целлофан жабындылардан басқа ешқандай қорған боларлық қалтқы жоқ. Жұрттың ең төменгі бөлігінде неге, нендей мақсатта салғаны белгісіз темірден салған бір арба тұр. Түйе қора сияқты, төбесін шатырмен жапқан ол қалтқы да көрер көзге сондай сөлекет. Тым құрыса, көне жұртты аралауға арналған жаяу жүргінші жолы да салынбаған. Келген туристер сол маңда жүрген ешкілер секілді қалаған жерімен ыршып-шоршып жүр. Қазбадан шыққан сүйектер, қыш ыдыс сынықтары көрінген жерде шашылып жатыр… Қойшы әйтеуір, сол өлкедегі ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең керемет туристік нысан болуға барлық мүмкіндігі жететін атақты қала қазір қуаласаң тірі жан кірмейтіндей сүреңсіз күйде.

Көңіл бөлмесе, құриды

Сарайшықтың тағдыры туралы аз айтылған жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері де біраз жоспар жасалды. Бірақ соның бір де біреуінің Сарайшыққа саясы түспегенін көне қаланың қазіргі келбетінің өзі айтып тұр. Егер осы немқұрайдылық әлі біраз уақыт жалғасатын болса, онда көне қаланың жұртын да жоғалтамыз.

Сарайшықта жүйелі қазба жұмыстарын белгілі ғалым Зейнолла Самашев жүргізді. Ол кісі Сарайшықты қорғаудың қажетті жобасын да жасаған. Сарайшықты көрген соң Самашевқа телефон шалып ой бөлістік.

Зейнолла Самашев:

– Сарайшықты қорғау мәселесінде кезінде әкім болған Н.Ноғаевқа рақмет айту керек. Ол көне қаланың су бүлдіретін аумағына бетон тоған салдырды. Егер ол болмаса, Сарайшық түгел суға кетер еді. Бірақ судың қаупі әлі толық сейілген жоқ.

Мен 2017 жылы Сарайшықты 40-жылға дейін қорғаудың жоспарын жасап берген едім. Сол жоспар бойынша жұмыс істелсе қала қорғалып қана қалмай, туристік нысанға айналдыруға мүмкіндік туар еді. Қазір бұл аумақта кең көлемді, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Әне жерден бір шоқып, мына жерден бір шоқып істеген жұмыстан еш нәтиже шықпайды. Сондықтан Мәдениет  және ақпарат министрі жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып, ұзақ жоспар жасауы керек еді. Ол өңірде шешуге тиісті мәселе өте көп. Мәселен, ескі қаланың орнына 30-40 үй салынып кеткен, оларды көшіру керек. Бұл мәселе де 2015-2017 жылдары көтерілген. Шешілген ештеңе жоқ.

Екінші тұрғыдан, Сарайшық Ноғай ордасының да астанасы болған. Сол кезде қаланың шеткі бөлігі зиратқа айналып кетті де, XIV-XV ғасырда көне мәдени қабаттардың көбі бүлінді. Олардың бәрін тазарту, дәуірін анықтау да – үлкен жұмыс. Ол да ғылыми тұрғыдан алғанда үлкен мәселе. Демек, Сарайшықта ғылыми мәселе де, сақтау, музейге айналдыру сынды мәселелер де жетерлік.

P.S: Сарайшық тарихымыз үшін де, осы заманғы туризмді дамыту үшін айрықша маңызға ие. Оны қорғау және осы заман үшін пайдалану кезек күттірмейтін міндет саналады. Яғни орта ғасырда әлемге әйгілі болған Сарайшық бүгін де біздің ұлттық брендіміз болуы тиіс. Айына 700-дей керуен келген қала сол кездің өзінде туристік орталық саналған. Бұл үрдісті бүгінмен де байланыстырған жөн. Ол үшін Сарайшыққа мемлекет көңіл бөліп, қорғау және туристік нысан ретінде дамыту жұмысын Үкіметтің өзі қадағаламай, ештеңе шешілмейді. Өйткені 30 жыл бойы атқарылған жұмыстар Сарайшыққа еш серпін бермеген. 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button