Жаңалықтар

Сарала қаздың қанатындағы сары өлең

Жағада – жалбыз, жағада жалғыз тұрдым мен,
Тасжарған бұлақ, танакөзденiп гүл күлген.
Басымнан құстай үркетiн дәурендi ескертiп,
Қызарған ернiн шығарып тұр бүлдiрген.

Бұл – бiр кезi айтыстың аламанына айқасқа аттай ауыздығын қарс-қарс шайнап кiрген ақын Дәулеткерей Кәпұлының «Бүлдiрген ағып түскен¬ше» деген жаңа жыр жинағындағы кiтаптың беташар шумағы.
Жаңа дегенiмiздi жаңсақтық дерсiз, бәлки. Десек те, өзi баспадан мың-ақ данамен жарық көргенiне бiр жыл да толмаған кiтап, оқыр¬маны¬ның қолына тоз-тозы шығып, қашан жетсе де, жаңа болады. Әйтеуiр, жазған құлыңыз үшiн, ақынның осының алдындағы жинағы – «Сүттi iңiр» солай жеткен.
Бiрақ, бұл жинақтың нәтi бөлектей көрiндi, бiзге.
Сай-салалы сар дала – Сарыарқадан Алтайға, дәлiрегi, сол мұнар таулардың бөктерiндегi қай¬мағы бұзылмаған қазақы тiрлiкке деген сағыныш.
Сары өлеңмен өрiлген сары сағыныш.
Мейлiң, мынау бескүндiк пәнидегi мөлт еткен пендәуи назымы болсын, мейлiң ел ағаларына деген арнауы болсын қай-қайсысынан да, бұ бозшулан бәдiре дүниенiң Дәулеткерейге берген бәсiре сезiмi – қазақылыққа деген сағыныш табы бiлiнедi.
Әм ақын оны әдемi өре бiлгендей. Әр шумақ – әуездiлiк пен шымыр динамиканың симбиозы.
Жинақтың соңғы өлеңiн оқып, осы ойға келiп, кiтаптың соңғы мұқаба бетiн жапқанда, ақынның да суретiн көрдiк: Қаракөкке бiржамбастай отыр¬ған маңғаз қалып. Көрдiк те тағы бiр ойға келдiк. Дәулеткерей Кәпұлы поэзияға-жазба жырға, әң¬гiме басында айтқан айтыстағы алғашқы адым-дарындай аласұрып емес, дәл сол суретiндегiдей маңғаз қалыпта келiп қосылды.
Оны осы жинақ дәлелдеп те беретiндей.

Нұрберген МАҚЫМ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button