Сарбаздарды қарсы алды

Кеше «Астана-1» теміржол вокзалында «2025 жылғы көктемде мерзімді әскери қызметтен запасқа босатылған сарбаздарды салтанатты күтіп алу рәсімі өтті.
Салтанатты күтіп алу рәсіміне Астана қаласы қорғаныс істері департаменті, қала әкімдігінің Ішкі саясат, Жастар саясаты және Жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармаларының өкілдері, қала мектептерінің оқушылары және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық клубтары тәрбиеленушілері, Қарулы Күштердің, Ауған соғысы мен жергілікті қақтығыстар ардагерлері мен сарбаздардың ата-аналары, бұқаралық-ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Қала әкімінің «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80-жылдығына дайындалу және оны мерекелеу жөніндегі «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты іс-шаралар жоспарының аясында өткізілген бұл рәсімде Астана қаласы Әскерге шақыру комиссиясының мүшесі отставкадағы полковник Ғани Артықов сөз сөйлеп, әскерден келгендерге көптеген жағдай жасалатынын жеткізді.
«Қорғаныс министрлігі еліміздің 80-ге жуық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтар үшін жоғары оқу орындарында тегін оқуға 3000 орын қарастырып отыр. Бұл жеңілдік мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға Ұлттық бірыңғай тестің нәтижесінсіз, әңгімелесу нәтижелері бойынша әскери борышын өткергеннен кейін екі жыл ішінде ақылы түрде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігін беруді көздейді. Мерзімді қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта тәртіпті және жоғары нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілерге ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады. Ал маусым айының аяғына дейін Астанаға өткен жылғы көктемде әскерге шақырылған 1 000-нан астам астаналық жігіт оралады. Олардың орнына наурыз бен маусым айларында 1 200-ге жуық жігіт әскер сапын толықтыратын болады» деп атап өтті Ғани Артықов.
Ал міндетін өтеп мерзімді әскери қызметтен запасқа босатылған 27 сарбазды қарсы алуға келген әскери зейнеткерлер, мұндай шараның ұйымдастырылуының өзі жастарды әскерге баруға ынталандыратынын айтады.