Сарыарқа ауданы: Сапалы жұмыс жетерлік

1998 жылы мамыр айында құрылған, Астана қаласы тарихының ең бір өзегі іспеттес Сарыарқа ауданының өз уақытында маңызы зор болды. Елорданың алғашқы жылдарында мұнда мемлекеттің басты әкімшілік ғимараттары – Президент Резиденциясы, Парламент, Үкімет, Жоғарғы сот және басқа да маңызды нысандар орналасты. Дәл осы ғимараттарда ел үшін маңызы бар елеулі шешімдер қабылданғаны мәлім. Бүгінде Астананың қарқынды дамуы барысында аудан да жаңарып, маңызды әкімшілік және мәдени орталыққа айналды.
Абаттандыруда алда тұрған аудан
Қазір Сарыарқа ауданында 354 мыңнан астам тұрғын бар. Әрі бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Халық санының өсуі арқасында аудан да кешенді түрде дамып, бүгінде абаттандыру, жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру, инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары әрдайым жүзеге асырылып келеді.
«Кейінгі жылдары Сарыарқа ауданында абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында кең көлемді жұмыстар атқарылуда. Былтыр аудан аумағында 13 жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Оның төртеуі бос жатқан жер есебінде абаттандырылса, қалған тоғызы толық күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде көше мен жаяу жүргінші жолдары жаңартылып, заманауи ойын алаңдары мен жайлы демалыс аймақтары пайда болды. Ал биыл аудандағы маңызды нысандардың бірі – «Паровоз» сквері, «Астана-1» вокзалының маңы, Е.Рахмадиев атындағы филармония алдындағы алаң және «Иллюзия» сквері толық жаңғыртылады. Мұнда көшеге жарықшамдар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары мен шағын сәулеттік нысандар ретке келтірілмек. Сонымен қатар, жасыл желектерді күтіп-баптауға автоматтандырылған суару жүйесі іске қосылады. Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін Қарасай батыр көшесі, 16 және Республика даңғылы, 7/2, Шынтас көшесі мекенжайларында жаңа қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады. Аудан дамуының тағы бір маңызды бағыты – тарихи көшелерді жаңғырту.
Осы мақсатта биыл Ә.Мәмбетов және Ғұмар Қараш көшелері күрделі жөндеуден өтеді. Мұнда қауіпсіз әрі ыңғайлы жаяу жүргінші аймақтары жасалып, заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек» дейді Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы.
Былтыр Сарыарқа ауданындағы маңызды көшелердің бірі – Біржан Сал және А.Гёте көшелерінде жаяу жүргінші жолдары толық жаңартылып, табиғи ландшафт сақтала отырып үлкен ағаштар мен бұталар отырғызылған еді. Жалпы алғанда 10 мың текше метрден астам аумақ абаттандырылды. Қала көркін арттыру мақсатында көше бойларына жарық шамдар қойылып, демалыс аймақтарындағы жасыл желектерге суару жүйесі енгізілді. Жастар театрының алдында жаңа субұрқақ салынып, тұрғындар үшін жайлы орын жасақталды.
«Абаттандырудың келесі маңызды бөлігі – аулалардың аумағын күрделі жөндеуден өткізу. Бұл бағытта ауданда «Халық қатысатын бюджет» жобасы жұмыс істейді. Тұрғындар өз аулаларына қажетті өзгерістер бойынша ұсыныстарын әзірлеп, жоба дайындайды. Ал аудандық әкімдік ұсынылған жобаларды сараптамадан өткізіп, тұрғындардың дауыс беруіне ұсынады. Көпшілік қолдаған жобаны әкімдік жүзеге асырады. Бұл – әр тұрғынға өз ауласын өзі абаттандыруға мүмкіндік береді. Кейбір аулаға ойын алаңы қажет болса, басқасына демалыс орындары керек.
Айта кетейін, Қазақстанда «Халық қатысатын бюджет» жобасы алғаш рет пилоттық негізде Сарыарқа ауданында іске қосылды. Содан бері аудан тұрғындарының 121 бастамасы мен 34 қоғамдық кеңістік абаттандырылды» дейді әкім.
Ал Сарыарқа ауданы әкімі аппараты, Абаттандыру бөлімінің бас маманы Нариман Ахметовтың айтуынша, былтыр ауданда рекордтық көрсеткішпен 66 аула күрделі жөндеуден өткен. Оның 43-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы іске асырылды.
«Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Аулаларды абаттандыру аясында ойын алаңдары жаңартылып, автотұрақтар кеңейтіліп, тротуарлар төселді, спорт аймақтары ретке келтірілді. Сондай-ақ 287 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, яғни әткеншек, сырғанақтарды жөндеу, футбол алаңдарын сырлау сияқты жұмыс атқарылды. Биыл тағы 30 жобаны іске асыру жоспарланып отыр» дейді Н.Ахметов.
Сондай-ақ өткен жылы Сарыарқа ауданындағы 44 мекенжайда 5 177 ағаш отырғызылып, тұрғындарға арналған жайлы жасыл аймақ құрылды. Биыл да 5 мыңнан астам ағаш пен 74 мың бұта отырғызу жоспарлануда.
Көше жөнделуімен көрікті
Сарыарқа ауданында жыл сайын халық саны 5-8 мың адамға артып келеді. Сондықтан көлік инфрақұрылымын дамыту – басты бағыттардың бірі. Бүгінде тұрғындар сұранысымен 4 жаңа қоғамдық көлік бағыты қосылыпты. 7 автобус бағытының сызбасы қайта қаралып, олардың қамту аймағы кеңейтілген. Сонымен қатар, мұнда жылы аялдамалар орнатылуда. Былтыр 9-ы салынса, аудан бойынша олардың жалпы саны 72-ге жетті. Осы жылы тағы 10 аялдама салу жоспарланған.
«Жол инфрақұрылымына келетін болсақ, өткен жылы 15 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп, асфальт жаңартылды. 12 жерде жаяу жүргіншілер жолы төселді. Мысалы, Н.Тілендиев даңғылы бойындағы 12 шақырым жаяу жүргіншілер жолы толығымен жаңартылды. Тұрғындар өтінішімен 10 мекенжайда автотұрақ алаңдары абаттандырылды. Сонымен қатар, 45 көшеге инертті материал төселді. Бұл уақытша болғанымен, жолда жүру мүмкіндігін жақсартып, қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, «Көктал-1,2» тұрғын алаптарындағы 11 көшеде кешенді инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жүрді. Жұмыстар аясында интернет жүйесі тартылып, су бұру желілері жаңартылды, көшелер жарықтандырылып, автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдары толықтай қайта жөнделді» дейді аудан әкімдігі аппаратының Инфрақұрылым бөлімі басшысы Әділжан Сағындықов.
Ал ауданға қарасты тұрғын алаптарын газдандыруға қатысты айтсақ, бүгін 5 625 абонентке техникалық шарт беріліп, 5 256 жеке тұрғын үй табиғи газға қосылған. Газдандыру «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агроқалашық» тұрғын алаптарында белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар, қазір 32 көпқабатты тұрғын үй «көгілдір отынға» қосылыпты. Сондай-ақ былтыр Кендала көшесінде орналасқан екі қабатты тұрғын үйлерге газ тарту бойынша іске қосу-реттеу жұмыстары толық аяқталған.
Әлеуметтік ғимараттар салынуда
Аудан әкімінің айтуынша, былтыр ауданда 2000 оқушыға арналған екі жаңа мектеп пайдалануға берілген. Әрі олар қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Білім беру мекемелерінде химия, биология, физика зертханалары, заманауи кітапхана бар. Оқушылар үшін домбыра, шахмат, би, театр, волейбол және басқа да үйірмелер қарастырылған.
«Ауданда тарихи маңызы бар Қ.Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы толық жаңғыртудан өтуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ол 4000-нан астам көрерменге арналған заманауи спорт аренасына айналады. Болашақ спортшылар үшін заманауи жаттығу құралдары орнатылып, жайлы инфрақұрылым жасақталады. Екіншіден, Ақан Сері көшесінде Перинаталдық орталық пен Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Алдағы уақытта тағы көпсалалы аурухана мен көпфункционалды Оқушылар сарайының жобалау жұмыстары қолға алынады. Бұл ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ» дейді аудан әкімі.
Тұрғындар мәселесі түбірімен шешілді
Сарыарқа ауданының аумағында жүзеге асқан ең маңызды шешімдердің бірі – 200-ден астам үй орналасқан «Нұр-Бесік» шағын ауданының (Көктал-1) тұрғындарына құқықтық құжаттарды беру мәселесінің шешілуі. Мұнда мыңнан астам адам өмір сүреді. Аталған шағын ауданда азаматтар 2007 жылдан бері тұрып келе жатса да, 16 жыл бойы үйлеріне тиісті құжаттары болмапты. Өз үйлеріне тұрақты тіркеуде тұрмаған тұрғындар сондай-ақ медициналық мекемелерге тіркеуге тұру, балаларын балабақша мен мектепке орналастыру сияқты қарапайым құқықтарын пайдалана алмаған еді. Қазір бұған қатысты ауқымды жұмыс атқарылып, техникалық мәселелер толығымен шешілді. Жер телімдерін заңдастыру рәсімдері жүріп, құқық белгілейтін құжаттарды беру жұмыстары аяқталуда. Енді олар ресми түрде елорда тұрғыны мәртебесіне ие болып, өз үйлеріне тіркеле алады.
Сонымен қатар, шағын ауданды абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Инженерлік желілер – сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, нөсер кәрізі, электрмен және газбен қамту толығымен аяқталды.
Мәдени шаралар легі тоқтамайды
Сарыарқа ауданы әкімі аппараты әлеуметтік-мәдени бағытында жұмыстар атқаруда. Бұл саладағы іс-шаралар аппарат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеологиялық бағыттағы тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылады.
«Былтыр «Таза Қазақстан» акциясы жарияланып, бір жыл көлемінде 100-ден астам түрлі экологиялық бағыттағы іс-шара өтті. Мұндай іс-шаралар биыл да жалғасын табуда. Ал биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған сәйкес, оқушылармен түрлі экскурсиялар мен кездесулер ұйымдастырылуда. Тарихи аудан болғандықтан, әрбір мереке кезінде халықтың көңіл-күйін көтеруге бағытталған шаралар тоқтамайды. Мысалы, бір жылдың ішінде 50-ге жуық концерт, 30-ға жуық спорттық іс-шаралар өткізіледі. Жаз бойы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналатын Есіл жағалауы мен Арбат – Сарыарқа ауданының бойтұмары. Жаз маусымы бұл жерде қызу ән мен бидің, әдемі кештің алаңына айналады» дейді әкімдік аппаратының Ішкі саясат бөлімі басшысы Алтынай Зарлыққызы.
Айта кетейік, жергілікті билік балабақша, мектеп, колледждермен тығыз байланыста. Аудандық құрылымдық бөлімдермен бірлесе отырып, жастарға құқықтық сауаттылықты үйретуге аса мән берілуде. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың орнын алу бойынша түсіндірме жұмыстары, темекі өнімдері мен алкагольді ішімдікке тыйым салуға байланысты рейдтер жиі өтіп келеді. Сонымен қатар, «Астана – есірткісіз қала» нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарымен ай сайын түрлі семинарлар, спорттық жарыстар өтіп тұрады.
Ержан ҚОЖАС