Басты ақпарат

САРЫАРҚА РУХЫН САҚТАП ҚАЛҒАН

Әйгілі Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірттерінің бірі болып, абыз жазушының үлкен сенімін арқалаған Нұрғожа Ораздың есімі бүгінде халыққа кеңінен танымал. 1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап қолынан қаламын бір сәтке де тастамаған ақын  әдебиетке «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын шақ», «Дала демі»  атты жинақтар берді. Өмірдің өзінен өрілген ақын өлеңдері жарты ғасыр бұрын-ақ халықтан шынайы бағасын алды. Қиял қанатында қалықтаған   шайыр өлең өлкесіндегі өзіндік өрнектерін тіршіліктің тыныстарынан ешқашан алшақтатқан емес. Парасат биігінен ой толғайтын ақынның әрқашан оқырманына айтары бар.

Нұрғожа Ораздың сахна саң­лақтары Серке Қожамқұловпен, Қапан Бадыровпен, қалам қайрат­керлері Мұқа­ға­ли Мақатаев­пен, Сырбай Мәуленов­пен, Қадыр Мырзалиевпен және Тұманбай Молдағалиевпен достығы да ерекше айтылады. Ғабит Мүсірепов пен Әбділда Тәжібаевқа іні болғандығы да аңызға бергісіз кезеңдер. Және ақынның әдебиеттен бөлек қайрат­керлігін де халық біледі. Қазақтың белгілі ақыны Нұрлан Оразалиннің сөзімен айтсақ, «Сарыарқаның рухын сақтап қалған» Нұрғожа Ораз байырғы Ақмоладағы көше атауларының қазақшалануына едәуір еңбек сіңірген тұлға. Туған әдебиетіміздің, жалпы руха­ния­тымыздың да солтүстік өңір­лер­дегі өркеніне ерекше үлес қо­сып келе жатқан қарымды қалам­гер­­лердің бірі. Әсіресе, кешегі кеңес­тік кезеңде ат төбеліндей ғана жер­гі­лікті ақын-жазушылар Арқа төсін­дегі қазақ ділі мен тілінің тамы­рынан ажырап кетпеуіне еңбек сіңірді. Олардың арасында Нұр­ғожа Ораз да бар болатын. Сол кезең­дерде Целиноград жерінде  айтыс ұйымдастырудың өзі қиын еді. Қаза­қы болмысқа негізделген айтыс өнерінің табиғаты кеңестік көз­қа­рас­пен көп жағдайда сәйкес келе бер­мейтін. Сондай «сарығына ас құйып, сабына қа­рауыл қойған» әсіресақ әрі кінәмшіл кеңестік тұқыртпа талаптың белінен басып, Нұрғожа Нарынбайұлы өткен ғасырдың 70-80 жылдары Сары­арқа төрінде ақындар айтысын өткізді. Оған белгілі қоғам қай­рат­кері, мәдениет жанашыры болған көрнекті тұлға Өзбекәлі Жәнібе­ков­тің берген бағасы тарихтан белгілі.

2 қараша күні Конгресс-холл сарайында белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұр­ғожа Ораздың «Сағындырған Сарыарқа» атты шығармашылық кеші өтті. Барлық саналы ғұмырын ар ісі – әдебиетке арнаған ақынның мерейлі кешінің бастауында Қазақ­стан Республикасының Мемле­кеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхам­медтің құттықтау хаты оқылды. Хатта Мұхтар Абрарұлы сексеннің сеңгіріне шыққан қарт қаламгердің әдебиетке сіңірген еңбегін лайықты бағалап, алдағы уақыттарда да ар ісінде абыройлы болуына тілек­тестік білдірген. Сондай-ақ, мерей­герге «Нұр Отан» халық­тық демо­кра­тиялық партиясы басшы­лы­ғының атынан, Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісі мен Сена­тының депутаттары атынан, еліміз­дегі бірқатар жоғары оқу орында­рының басшылықтары атынан құт­тық­тау хаттар келіп түсті.

Ал, кешті салтанатты түрде ашу үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың құттықтау ха­тын министрдің орынбасары Асқар Бө­рібаев оқып берді. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің мерейтой иесіне деген ыстық ықыласын Астана қаласы мәдениет бас­қар­масының бастығы Болат Мажағұ­лов жеткізді. Қазақстан Ғылым Акаде­миясының академигі, әдебиет ақса­қалы Серік Қирабаев қаламдас інісіне «Биік таулар ылғи шың мен қиядан тұрмайды. Таулардың ме­рейін асырып тұра­тын алып жоталары болады. Әр ақын өз заманының жыршысы, тағдырмен тайталасып жүріп әде­биетті жасайды. Нұрғожа Ораз – сондай алып жоталардың бірі» деп баға берді. Қазақстан Жазушы­лар одағының төрағасы, белгілі ақын Нұрлан Оразалин, филология ғылым­дарының докторы Серік Негимов те қаламдас ағаларына деген інілік ілтипатын білдіріп, иығына шапан жапты.

Нұрғожа Ораз қаламгерлік қыз­метінен бөлек Арқа өңірінің қа­лам­герлеріне рухани тұрғыдан қол­дау көрсету мақсатында «Сары­арқа» әдеби-танымдық жур­на­лын шығарды. Жергілікті талант­тардың танылуына жол ашты. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында елеулі істер тындырды. Ал, әдебиеттегі алған асулары, көтерілген биігі өз алдына.

Хамит ЕСАМАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button