Басты ақпарат

«САРЫАРҚА» САЗЫ

Елордамыздағы айтулы өнер ұжымдарынын бірі — Астана қаласы Мәдениет басқармасының мемлекеттік филармониясының «Сарыарқа» қазақ ұлт аспаптар ансамблі. Ансамбль 1998 жылы құрылған. Жас елордамыздың құрдасы.

Бас орданың бірде-бір мәдени жиынынан қалыспай, барлық мәдени-рухани табыстарына ортақтасып, бәріне біркелкі атсалысып жүрген бірегей топ. Аталмыш ансамбльдің көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Хамзиннің айтуынша, құрамында көнеден келе жатқан аспаптар баршылық екен: шаңқобыз, аса таяқ, қылқобыз, сазсырнай, адырна, жетіген, шертер, одан бөлек сал-серінің қанжығасынан түспеген қазақтың қара домбырасы және ұрмалы аспаптар бар.

Кезінде ≪Сазген≫ қазақтың қандай мақтанышы болса, қазіргі таңда «Сарыарқа» Астананың  мақтаны атанып жүр. Астана әкімдігі ұйымдастыратын барлық мәдени іс-шараның бел ортасында жүретін ансамбльдің өнерде ерекше қолтаңбасы бар. Қазақтың халық әндері мен күйлерінен попурри жасайды.

Өскенбайдың «Қазақстан», Сүгірдің «Боз інген», Құрманғазының «Сарыарқа», Ықыластың «Жез киік» күйлерін орындайды. Халық әндерін, Ақан серінің «Ләйлім-шырақ», Мейрамбек Жанболатовтың «Сарыарқа», Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», Алтынбек Қоразбаевтың «Туған жер» сынды көптеген халықтың жанына жақын әндерді сүйемелдейді.

Репертуарында 300-ден аса қазақтың ән-күйі бар ансамбльде шебер сазсырнайшы Ләззат Көбенова, сыбызғышы Шығыс Мақан, сым қобызда ойнайтын Индира Габделова-Казиева сияқты дарынды жастар легі өсіпкеледі. Олармен бірге бірқатар кәсіби әншілер жұмыс жасайды. ҚР Еңбегі сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейханова, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері Нұрай Танабаев, Күнсұлу Тұрлыбекова, Алтынай Мамырова.

Сонау 1999 жылдың өзінде-ақ, халықаралық фестивальдерде бас жүлдені бермей, шығармашылық бәйгелерден елге тек жеңіс туын желбіретіп әкеліп жүрді. 1999 жылы Францияда, 2000-2003 жылдары Ыстамбұлда, Мәскеуде, Түркістанда, 2002 жылы Астанадағы «Шабыт» фестивалінде, 2003 жылы Новосібірдегі Халықаралық халық шығармашылығы фестивалінде, 2004 жылы Қытайдағы Халықаралық әлем халықтарының билері мен фольклорлық музыка фестивалінде, 2006 жылы Яловода өткен Халықаралық фольклор фестивалінде, 2006 жылы Мәскеудегі «Садко» Халықаралық фестивалінде жүлделі орындарға ие болған. Францияның Дижон қаласында «Алтын медальге» ие болған. Сол сапарлары туралы көп қызықты мағлұматпен бөліскен көркемдік жетекші:

«Үлкен стадионда өнер көрсететін болдық. «Дайдидауды» сыбызғымен алғашқы ноталарын ойнағанда отыз мыңдық стадион ду етіп шапалақ ұрды. Сол шапалақтан құлақ тұнғаны сонша, ойнап тұрып өзімізді өзіміз естімей қалдық. Сыбызғының үніне деген құрметтің қаншалықты зор екенін шетелдіктер бір ғана ілтипатпен білдіртті≫, – дейді көркемдік жетекші Нұрлан Хамзин. Ең үлкен жетістіктің бірі ретінде республикалық «Ғасырлар сазы» аталатын фестивальді атады ол кісі. Дәстүрлі әуезді биік деңгейде орындаушылардың көптігін көрсеткен ерекше сайысқа қатысу «Сарыарқа» ансамблінің майталмандары үшін де көңіл серпілтер шуақты мезгіл болған көрінеді.

Ансамбльге мүше болған 16 музыканттың барлығы жыл сайын біліктілігін анықтайтын аттестациядан өтіп тұрады. Қабілетті күнделікті даярлық жасау арқылы нығайтып, бекітіп отырмаса, өнерлі жандар тез қарайып қалатын көрінеді. Сондықтан ай сайын түрлі тақырыптарды қамтитын концерттік бағдарламалар әзірленеді.

Қазір ансамбльде дарыны шыңдалған, өнердің құзар шыңына жеткен қыз-жігіттер музыкалық кітап жазуды қолға алып жатыр екен. Өз өнерінің ертеңгі күні ұмыт қалмай, келешек өскелең ұрпақ қажетіне жаратуы үшін қолға алынған іс құптарлық-ақ. Мәселен, сыбызғышылар елімізде өте аз.

Оларды бізде даярлау жағы ылғи ақсап жатады. «Сарыарқаның» сыбызғышы жігіті Қазақстан бойынша өте жоғары деңгейдегі мамандардың бірі. Өз өнеріне адал жандар ертеңгі күніне де еңбек сіңіріп, ұлттық музыка мектебін қалыптастыруды арман етіп жүр.

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button