Жаңалықтар

Сарыарқа – тарихтың бастауы

«Астана» концерт залында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Сарыарқа – тарихтың бастауы» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараны Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен ашты. Ол ауданның дамуы туралы айтып, елордалықтарды мерекемен құттықтады.

[smartslider3 slider=1472]

«Тәуелсіздік – халқымыздың басты құндылығы. Егемендіктің 30 жылы ішінде еліміз барлық қиындықтарды еңсеріп, халықаралық аренаға шықты. Тәуелсіздігіміздің жарқын жетістіктерінің бірі – елорда. Сарыарқа ауданы елорданың қалыптасуына куә болды. Әрқайсысыңыз еліміздің игілігі үшін еңбек етіп келесіздер. Барша қазақстандықты Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!» деді Есет Байкен құттықтау сөзінде. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов өз жұмысын сол кезде халық ең көп қоныс­танған Сарыарқа ауданында бастағанын атап өтті.

«30 жыл ішінде елімізде үлкен өзгерістер болды. Елбасының ұстанған саясатының арқасында айналамыздағы көршілермен келіссөздер жүргізіліп, мемлекеттік шекарамыз шегенделді, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, экологиялық реформалар жасалды. Елбасының ең ұлы шешімдерінің бірі – астананы Ақмолаға көшіру. Ол кезде шағын провинциялық қалада небәрі 150 мың тұрғын болатын. Мен өз қызметімді 2002 жылы Сарыарқа ауданында бастадым. Ол кезде екі ауданның ішінде Сарыарқаның тұрғыны көп болды. Қазір қаламызда 4 аудан бар. Қала өсіп келеді, үйлер салынып жатыр, ал мұның бәрі атқарылған еңбектің арқасында. Мен астанамыздың және бүкіл елдің игілігі үшін еңбек еткен жандарға алғысымды білдіргім келеді. Елордамыз бүкіл республика дамуының локомотивіне айналды» деді Ерлан Каналимов.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов елордалық ардагерлерге қаланың қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Салтанатты жиын барысында аудан тұрғындарын марапаттау рәсімі өтті. ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісін 12 адам, «Халық алғысы» медалін 8 адам алды. Қала әкімі мен аудан әкімінің алғыс хаттары қаламыздың 40 тұрғынына тапсырылды, олардың арасында қоғам қайраткерлері, белсенді қала тұрғындары, ардагерлер, әлеуметтік маңызы бар мамандық иелері бар. Сол сияқты «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған ауданның көпбалалы аналары да құрметке бөленді.

Салтанатты шара қазақстандық эстрада жұлдыздары мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының мерекелік концертімен жалғасты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button