Басты ақпаратМәдениет

САРЫАРҚАДАҒЫ ҚОБЫЗ САРЫНЫ

Астанада Қорқыт атындағы Түркі тілдес мемлекеттердің дәстүрлі орындаушылық өнер фестивалі шымылдығын түрді. Қазақ ұлттық өнер университетінде «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркия елшілігінің «Юнус Эмре» мәдени орталығы осындай шараны ұйымдастыруға мұрындық болып отыр.

Фестивальге 60-тан астам дәстүрлі музыканың отандық және шетелдік орындаушыла­ры қатысуға ниет білдірген. Астанадағы байқауға қатысуға Әзірбайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан елдерінен жас орындаушылар келіп отыр. Өйткені, фестивальге 16 мен 30 жас аралығындағы музыкант­тар ғана қатыса алады. Фестиваль үш номинация бойынша жүреді. Оның алғашқысы қобыз, содан кейін үрмелі және ішекті аспаптар, одан кейін «ысқышты» аспаптар бойынша үздік орындаушылар анықталады. Аталмыш байқаудың басты меймандары, яғни қазылар алқасында ҚР Композиторлар одағының мүшесі Еділ Құсайынов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, про­фессор Меруерт Қаленбаева, ҚР Мәдениет қайраткері, қобызшы Ба­зархан Қосбасаров, ҚР Мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақасов, Саян Ақмолда, Талғат Мұқышев, Қырғызстаннан келген Жүсіп Ай­саев, Әзербайжаннан Лала Гусей­нова және т.б көптеген өнерпаздар бар.

«Қобыз» аталымындағы қазылар алқасының төрағасы Әлқуат Қазақбаевтың айтуын­ша, Қорқыт атындағы фестиваль Астанада тұңғыш рет өткізілуде. Жобаның бір ерекшелігі, мұнда тек дәстүрлі музыка ғана орын­далады. Еуропалық әуендер кіріктірілмепті. Басты талап – Қорқыт күйлерінің бірін фортепианоның сүйемелдеуімен орын­дап шығу.

«Дәстүрлі музыканың орын­даушылары бұл оқиғаны көптен бері күтті. Бұрындары Қорқыт фестивалі басқа қалаларда, негізінен, өзге өңірлерде өткізілген. Келесі жылы бұл фестивальді Түркияда ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – дейді ҚР Президенті сыйлығының иегері Ә.Қазақбаев.

Оның атап өткеніндей, фестивальдің жүлде қоры 11 млн теңгені құрайды. Лауреаттарды марапаттау және фестивальдің қорытынды гала-концерті бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы концерттік залында.

Шынар ӘБІЛДА 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button