Сарыарқадағы серпіліс
Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарыарқа ауданының тарихы сонау Целиноград, кейіннен Ақмола қаласының құрылуынан басталған еді. Бүгінде бұл аудан еліміздің бас шаһарымен бірге есейіп, көркейіп келеді. Тұрғындар саны да күн санап өсуде.
Қазіргі таңда ауданның жалпы аумағы 6775 шаршы метрді құрайды. Аудан әкімдігі әсіресе тұрғын алаптардың дамуы мен өркендеуі үшін айтарлықтай күш салуда. Бұл ретте жергілікті жұртшылықтың бастамалары мен ұсыныстары ескеріліп отырады.
Тынымбаққа келушілер көбейді
Сарыарқа ауданы аумағында 80 тынымбақ пен қоғамдық орындар және «Көктал» саябағы бар. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлағанындай, «Көктал» саябағында биылғы жылы жөндеу қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, орындықтардың пластмасса бөліктері ағашқа ауыстырылды.
Сондай-ақ Әлия Молдағұлова сквері, Сирень гүлзары және Есіл өзенінің жағалауы сияқты басқа жерлерде де қоғамдық орындарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде көше жиһаздарын қалпына келтіру және бояу кіреді. Абай және Сарыарқа даңғылдарының қиылысындағы жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, тротуар жабыны ауыстырылды.
– Абаттандыру жұмысына тұрғындардың өздері идея білдіріп, қандай жаңа нысандар салуға болатыны туралы ұсынысын айтады. Қала тұрғындарының көмегімен биыл бірқатар қоғамдық кеңістік қайтадан жаңа кейіпке енді. Скверлер мен қоғамдық кеңістіктерге жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, гранит плиталар орнатылып, сынған, бүлінген жерлер қалпына келтірілді, орындықтар мен қоқыс жәшіктері боялды, – деді аудан әкімі Бауыржан Ералы.
Сонымен қатар, Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында орналасқан «Ақжайық» тынымбағы осы жылы күрделі жөндеуден өтті. Енді бұл орын барлық тұрғындар үшін жайлы демалу аймағы және ойын алаңына айналды. Заманауи стандарттарды ескере отырып қайта жаңартылған тынымбақ айналасына 50-ден астам ағаш отырғызылды.
Аудан аумағында барлығы 57 мыңнан астам жасыл желек бар. Одан бөлек, 2024 жылы ауданның жасыл картасында 21 100-ден астам өсімдік отырғызылады. Оның ішінде 3 600 ағаш және 17 500 бұта, яғни ірі ағаштар мен көпжылдық сәндік бұталар егілді.
Жасыл желектерді күту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде жасыл желектер тек қаладағы саябақтардың ғана емес, астана көшелерінің де сәніне айналып келеді. Олар эстетикалық элемент қана емес, сонымен қатар тұрғындарды желден қорғайтын функционалдық рөл атқарады. Бұл ретте «Астана Зеленстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы ай сайын аудан аумағындағы жасыл желектердің бұтақтарын пішініне сәйкес уақытылы кесу және оларды күтіп-баптау жұмыстарын дер кезінде жүргізіп келеді.
Көркейген қоғамдық кеңістіктер
Сарыарқа ауданында аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Мысалы, жаяу жүргіншілер үшін жайлылық пен қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін тротуар аумақтарын күрделі жөндеуден өткізу; ескірген және бүлінген тас төсемдерін жаңасына ауыстыру; көшедегі орындықтар мен қоқыс жәшіктерін жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Аудан басшысының айтуынша, биыл Жеңіс көшесі, 34, Юбилейная көшесі, 22 мекенжайларында қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ тарихи көшелерді қайта жаңарту аясында Біржан Сал, Гете (Мәскеу көшесінен Гете көшесіне дейінгі учаскеде) және Республика көшелері абаттандырылады. Мұнда 30 мың шаршы метр тас төсемді алмастыру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта Біржан Сал көшесінде абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, Сарыарқа ауданы өзінің кішкентай тұрғындарын заманауи құрылғылармен жабдықталған жайлы ойын алаңдарын жаңартумен қуантып келеді. «Халық қатысатын бюджет – 2024» жобасы аясында Д.Бабатайұлы көшесі 6, 8, 14, 16, 18 және Кеңдала көшесі, 2, Боталы көшесі, 26 мекенжайларындағы аулалар күрделі жөндеуден өтті. Мұнда әртүрлі жастағы балалар алаңдары толық жөнделіп, спорттық жаттығу алаңдары орнатылды, қосымша тұрақ орындары, футбол алаңдары және тұрғындардың демалуына арналған күркелері бар тыныш аймақтар жабдықталды. Балалардың қауіпсіздігі үшін ойын алаңдарында резеңке жабын қолданылды. Бұл жобалардың барлығы да аудан тұрғындарының өтініштері негізінде іске асырылуда.
Осы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 30 ауланы абаттандыру жоспарланған. Әуезов көшесі, 39, Сұлукөл көшесі, 14, Шұғыла көшесі, 17, Самал шағын ауданы, Дүкенұлы көшесі, 38 мекенжай аулаларында жұмыстар аяқталды.
Аула аймақтарын абаттандырумен бірге аудан көшелерінде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Атап айтсақ, Сарыарқа даңғылы, 11, Жеңіс даңғылы, 69, 67 мекенжайлары маңындағы көшелерге жаңа асфальт төселген. Сарыарқа даңғылы, 31/2, Қосшығұлұлы, 20, 24 мекенжайлары маңындағы көшелерде асфальттау жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы қалада аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мәселе – қала әкімінің ұдайы бақылауында. Жеңіс Қасымбек биыл Астанада барлығы 170 аула мен қоғамдық кеңістіктің абаттандырылатынын айтқан болатын. Бұл жұмыспен қаланың барлық ауданы, оның ішінде елді мекендер де қамтылды. Ал Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордада 20-дан астам аула мен қоғамдық кеңістікті ашылды.
Жөндеу жұмыстары жалғасуда
Сарыарқа ауданында жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Абай және Сарыарқа даңғылдарының қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру аяқталды. Жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Тротуар жабыны ауыстырылып, жаңа сәндік жарықтандыру, тірек қабырғаларының қаптамасы жаңартылды.
Аудан аумағында 9 көшені жол төсемін орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, асфальт жабыны жоқ 11 көше мен аумаққа инертті материал төселді. Сондай-ақ Тілендиев даңғылының жаяу жүргіншілер жолы толықтай жаңартылуда. Барлығы 12 км қашықтық жөндеу жоспарланған, қазіргі таңда 50%-дан астам жұмыс аяқталды.
Аудан аумағында мекенжай маңдайшаларын ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Мамандардың мәлімдеуінше, ағымдағы жылы Сарыарқа ауданы бойынша 400 маңдайша ауыстырылып, барлық көше атауы «көшесі», «улица», «street» деп қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде және көше атауларындағы тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері басқа тілдерге аударылмай, тек мемлекеттік тілде жазылады.
«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Тұрғындар өздерінің үйлеріне бөліп төлеу арқылы күрделі жөндеу жүргізе алады. Осыған орай алдағы уақытта жеделсатылар жөнделіп, жылумен жабдықтау, су құбыры желілері, шатыр, қасбеттер, су бұру жұмыстары жүргізіледі, жертөлелер мен кіреберістер қалпына келтіріледі.
Жыл басынан бері Сарыарқа ауданында С.Кубрин көшесі, 22/1, Сарыарқа даңғылы, 15, Қарталы көшесі, 18/1 мекенжайларында жеделсатылар ауыстырылды.
Жылы аялдамалар
Сарыарқа ауданында жылы аялдама павильондарын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аталған аялдамалар 2015 жылы елордада алғашқылардың бірі болып орнатылған. Жөндеу жұмыстары аясында жарықтандыру жүйесін толық ауыстыру, жаңа кондиционерлер мен жылытқыштарды орнату, аялдаманы толық бояу, сондай-ақ жаңа резеңке төсемін жайластыру жұмыстары жүргізілуде.
Биыл аудан аумағындағы 8 аялдама павильонын күрделі жөндеу жоспарланған және бұл күндері 5 жерде жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.
Сарыарқа ауданының аумағында жабық үлгідегі 68 аялдама кешені бар. Олардың 57-і әкімдіктің балансында, ал 11-і демеушілердің қаражаты есебінен абаттандырылған.
Аялдамалар жылыту, бейнебақылау, жарықтандыру, электр қуаты және кондиционер жүйелерімен жабдықталған. Ағымдағы жылы «65 мектеп», «Рио-де-Жанейро» ТК, «Астана технопаркі» аялдамасы, «Мирный дом» ТК және «Чехов көшесі» аялдамасында аялдама кешенін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Ал «№94 мектеп-гимназиясы» аялдамасында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
Сарыарқа ауданы алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты бастап кетті. Кесте бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда, әкімдік қызметкерлері «Астана-Теплотранзит» АҚ-мен бірлесіп күн сайын тұрғындардың жалпы жиналыстарына қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Аудан аумағында санитарлық тазалау жұмыстары жалғасуда. Коммуналдық қызметкерлер тазалау жұмыстарын екі ауысымда жүргізеді. Жолдардың автокөлік жүретін бөлігінен басқа жол белгілері, қоршаулар, қоқыс жәшіктері, қоғамдық кеңістіктерді және т.б. тазартылады. Бүгінгі таңда санитарлық тазалау жұмыстарына 630 жұмысшы мен 190 арнайы техника жұмылдырылған.
Гүлбаршын
ӨКЕШҚЫЗЫ