Жаңалықтар

СӘТБАЕВ КӨШЕСІНДЕГІ САЛТАНАТ

ERA_7667

Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Қаныш Сәтбаев көшесінің ашылу салтанаты болды.

Салтанатты жиынды ашқан аталмыш білім ордасының ректоры Ерлан Сыдықов қоғамдық пікірге қозғау салып, кешеге дейін Левон Мирзоян «ием­денген» көшеге Астана қалалық мәс­лихатының шешімімен халқы­мыз­дың біртуар ұлы академик Қаныш Сәт­баев­тың есімі берілуіне қалың көпшілік пен Еуразия университеті ұжымының елеулі үлес қосқанына тоқталды.

– …Және осы ғұлама ғалымның туған күні қарсаңында арнайы ұйым­дастырылып отырған іс-шара үстінде университетіміздің бас ғимараты сол Қаныш Сәтбаев көшесіндегі 1-ші үй екенін ерекше мақтанышпен атап өтем! – деді қуанышын жасырмай.

«Қазақ елінің басына түскен кешегі зұлматты кезеңде билік бишігін ұстаған Левон Мирзоянның да ұлт зиялыларын қудалап, қырып-жоюға тікелей атсалысқаны бүгінгі күні баршаға белгілі. Бұл – әділдік жеңісі!..

Жаңа осы сіздер шақырған салтанатты жиынға келе жатып, Қаныш Сәтбаевқа қатысты тағы бір оқиға есіме түсті.

1941 жылы фашистік Германия Кеңес Одағының шекараға таяу орналасқан негізгі марганец көзі – «Никополь маргенец» кенішін басып алды. Сөйтіп, зауыттар «марганец аштығына» тап болды. Бұл биыл 70 жылдығын атап өткелі отырған Ұлы Отан соғысы тарихында «Марганец хикаясы» деп аталады…

Кеңес Одағының алдында «Не өмір – не өлім» мәселесі тұрды. Сталин өзінің бірінші бұйрығын Шығыста танк өндірісін қауырт ашуға арнайды. Ол үшін марганец керек.

Сонда Қаныш Сәтбаев ағамыз Жез­қазған іргесіндегі «Жезді» кенішін ашуды ұсынады және оның жұмысын Сталиннің өзі телефон арқылы күн­делікті қадағалап отырады. Осылай, өндіріс тарихында болмаған қысқа мерзімде – 38 күнде ашылған кен орны 1942 жылы 12 маусымда танк зауытына өте бай марганец рудасын жөнелтеді.

Бұл – ерекше жаратылған сегіз қырлы, бір сырлы ғұлама ғалымның бір қыры ғана. Сондықтан, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын!» деп әңгімесін түйіндеді Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі Жабайхан Әбділдин.

Иә, елі барда, ер қадірін білетін есті ұрпағы барда асылдар есімі ешқашан ұмытылмайды!..

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button