Имантаразы

Сауалдама: РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ МӘН БЕРЕСІЗ?

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ,
«Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры:
– Халықаралық қарым-қатынастағы сенімсіздік, бір-бірінің әрекетіне күмән келтіру сияқты жәйттер түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алуына итермелеп отыр. Осының барлығынан құтқаратын күш – рухани мәдениет. Тек рухани мәдениет негізінде ғана жүзеге асырылған саясат жемісті болмақ. Рухани келісім күні барлығымыз ортақ дастарқанға жиылып, бір-бірімізге жылы қабақ танытып, жылы сөз айтсақ, бұдан асқан игілік жоқ. Рухани келісімнің бір артықшылығы, құндылығы осында жатыр. Ұлттық тұтастық, елдік, бірлік болған жерде, сол мемлекеттің іргесі де одан сайын беки түседі. Адамзатты ізгілікке, кемелдікке бастайтын ортақ мейрам – бүкіләлемдік рухани келісім күні бүкілхалықтық мерекеге айналады деп сенемін.

Яқия қажы ИСМАИЛОВ,
«Шейх Кунта қажы» мешітінің бас имамы:
– Мұсылман баласы бар жерде жасампаздық пен үйлесімдік қатар салтанат құруы тиіс. Исламда адамды түр-түсіне қарай бөлмеген. Шын мұсылман ісі мен сөзі бір жерден шығып, жағымды әрекетімен де ерекшеленуі керек.
Адам баласын алаламайтын діндес бауырларымыз басқа діндегі қауыммен де бейбіт қатар өмір сүруде. Бірге жүріп қиындықтарды жеңіп, жеңістерге бірге қуандық. Сынақтарда шыңдалған бірлігіміз нығайып, бізге батылдық пен төзімділік берді. Бүгінгі күні, әсіресе, жас­тар адамзаттың игі құндылықтарына ие болуы керек. Салт-дәстүрлерге, ел мен жерге құрмет, үлкендерді сыйлау сияқты қасиеттер Отан алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Ең бастысы, адамдар айналасындағы таныс-туыс, достарымен ауызбіршілікте болуы шарт. Рухани келісім күнінің маңыздылығы санамызға осы қасиеттерді сіңіріп, жүрегімізді тыңдап, жақсылыққа ұмтылуға үндеуінде деп ойлаймын.

Роза ПАК,
Қазақстан корейлері қауымдастығы Астана филиалы төрағасының орынбасары:
– Еліміз егемендігіне қол жеткізгелі қасиетті топырақта игі дәстүрлердің қайта түлеуіне де жол ашылды. Қазақ халқының даналығының бір көрінісі – ұлтаралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін сақтай білгені. Рухани келісім күнін тойлау дәстүрге айналды. Айта кетерлік жайт, мұндай мереке көп халықтың күнтізбесінде жоқ. Бұл бас­тама 1992 жылы 18 қазанда Алматы қаласында өткен I Бүкіләлемдік рухани келісім күнінде аясында көтеріліп, ел тарапынан қолдау тапқан еді. Қазақстан халқы тұтасып, бірлік, ізгілік пен қайырымдылық жолындағы амалдарымыз көбейген сайын қоғам да ізгілене түседі. Бұл мерекенің шын мәні де осы деп ойлаймын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button