Қала тіршілігі

«САУМАЛЫҚ» АЙТЫП, САЛТ-ДӘСТҮРДЕН КӨРІНІС КӨРСЕТТІ

садик

Жыл басы Наурыз мерекесі тәуелсіздігіміздің арқасында бейбіт елімізде жыл сайын дүркірете тойланады. №32 «Балдәурен» балабақшасында өткен кішкентай балапандарымызға арналған ертеңгіліктер соның бір дәлелі болғандай.

Наурыздың 17-сінен басталып кеткен той әр топта «Армысың, әз Наурыз!», «Қымызмұрындық», «Қош келдің, Наурызым!» т.б. тақырыптарында бірінен – бірі өтерліктей өнеге мен тәрбиеге толы болды. Ата-аналар дастарқанды дәмді асқа толтырса, балалар өздерінің тойға қосқан базарлықтары ретінде өлең оқып, ән шырқап, би билеп, бар өнерлерін ортаға салды.

Бұл мейрам орыс топтарында да мемлекеттік тілімізде өтті. Өзге ұлт өкілдерінің балалары түгілі ата-аналарына дейін белсенді қатысып, бесік жыры мен тұсаукесер рәсімінің өлеңдерін қазақша айтқанда кеудемізде үлкен бір мақтаныш сезімі оянды.

Өзге ұлт өкілдері балалары ұлттық киімімізді киіп, Наурыз тойының дәстүрлі әні – «Саумалықты» айтып қазақ тілінде таза сөйлеп, Наурыз жырларын мәнерлеп нақышына келтіре жырлағанда қуаныштан қанат біткендей болды.

Бала десе ішкен асын жерге қоятын балабақшамыздың тәлімгері Бақыт Қабылдақызының өзі осы тойда әженің рөлін ойнап, балаларға  наурыз көженің жасалуын көрсеткенде ата-аналар да қызыға тыңдасты. Аластау рәсімі жасалып, қызыл кітапқа енген наурызшешек гүлін тағына отырғызып ортаға әкелгенде, наурызкөк құстар мың бұрала билегенде көрерменнің алған әсері зор болды.

Жалпы, №32 «Балдәурен» балабақшасы тек кішкентай бүл­діршіндерді ғана емес, мұғалім мамандығы бойынша оқып жүрген студенттерге де тәлім-тәрбие беріп, қаладағы басқа оқу орындарымен тығыз байланыс жасайды. Айта кетсек, осы тойдағы Ұмай ана, Жиренше, Қарашаш рөлдерін Еуразия гуманитарлық институты колледжінің студенттері орындады.

Әсел Нүсіпова,

«Балдәурен» балабақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button