Сауда саясаты: даму даңғылы дұрыс па?

2019 жылы құрылған Сауда және интеграция министрлігі 5 жыл ішінде ауқымды жетістікке қол жеткізді. Осы аралықта ішкі сауда айналымы 60 пайызға артса, сыртқы тауар айналымы 43 пайызға өсті. Сондай-ақ ұлттық сауда секторын дамытуда айтарлықтай ілгерілеу бар. Нақты жұмыстар нәтижесінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде саладағы көптеген кедергі жойылды. Бұл халықаралық саудада мәртебені жоғарылатып, экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал еткендей. 2019 жылдан бастап қазақстандық компаниялар экспорт арқылы Alibaba, Wildberries секілді халықаралық электрондық алаңдарға шыға бастады. Аталған бастама жаңа жұмыс орындарын көбейтіп, бүгінгі нарыққа шығуға мүмкіндік беруде.
Ал былтыр Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 141,4 млрд АҚШ доллары болды. Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Арман Шаққалиев министрлік жаһандық сын-қатерлерге қарамастан өткен жыл қызметтің барлық бағыттары бойынша оң қорытындымен аяқтағанын айтты.
«Өткен жылы сауданың өсуі 9,1 пайызды құрады. Сауда саласына 884,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға көп. Ішкі тауар айналымы да тұрақты оң динамикада қалып отыр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 14,1 пайызға өсіп, 69,6 триллион теңгені құрады. Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 141,4 млрд АҚШ доллары болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,6 млрд АҚШ долларға өскен» дейді министр.
Ведомство басшысының дерегінше, сауда балансы 3,1 млрд АҚШ долларға өсіп, 21,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемі өткен жылы 10,7 пайызға артып, 40,2 млрд АҚШ долларын құрапты.
Көрсеткіш көңіл көншітеді
Жоғарыда айтқандай, министрлік жеке шаңырақ тіккелі елдің сыртқы экономикалық қызметін дамыту, оның ішінде шикізаттық емес экспортты қолдау және сауда қызметін жақсартуды бірінші орынға қойған еді. Сырт елдермен тауар айналымында белсенді болуға тырысқан министрлік саладағы өз көрсеткішін арттырып отырғаны да рас. Бір ғана мысал, 2019 жылы тауар айналымы 97,8 млрд АҚШ долларын құраса, 2022 жылы 135,5 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл жерде энергия ресурстарының бағасының өсуі мен жаңа аймақтарға экспорттың кеңеюі есебінен сауда көлемінің рекордтық артуы да көп өсім көрсеткені рас. Ал 2023 жылы 139,8 млрд, 2024 жылы 141,1 млрд АҚШ долларды құрап отыр.
Жалпы министрлік алдымен экспорттың әртараптан болуына және сыртқы сауда құрылымындағы шикізаттық емес тауарлардың үлесін арттыруға күш салып келеді. 2019 жылы шикізаттық емес тауарлардың экспорты 15,1 млрд АҚШ долларын, ал былтыр 40,2 млрд АҚШ долларын кұрағанын мақала басында министрлік дерегімен келтірдік.
Жалпы еліміз сауда қатынасында Ресей, Түркия, Қытай, АҚШ, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония және Орталық Азия елдерімен тұрақты серіктестік орнатып отыр. Мұның ішінде Ресеймен тауар айналымы елдің сыртқы экономикалық қызметінде маңызды орын алады. Аталған елмен тауар айналымы өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 24,2 млрд АҚШ доллары болды. Ресейге экспортталатын негізгі тауарлар – жер асты қазба байлықтары, яғни көбісі түсті металдар. Ал Ресейден Қазақстанға импорт 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 5,3% өсіп, 16 млрд АҚШ долларын құрады. Импортталатын негізгі тауарлар қатарында табиғи газдан бөлек, түсті металл, бидай, т.б. өнімдер бар.
Ресейден бөлек, тіпті осы салада тауар айналымы тұрақты өсу динамикасын көрсеткен елдің бірі – көрші Қытай. Былтыр қос ел арасында сауда айналымы 30,1 млрд АҚШ доллары болды. Қытайға экспортталатын негізгі тауарлар қатарында мыс, мұнай, уран, табиғи газ бар. Керісінше, Қытайдан импорт 2024 жылы 1,5% төмендеп, 15,2 млрд долларды құраған. Импортталатын негізгі тауарлар – телефон аппараттары, автокөліктер, есептеу машиналары, көлік корпустары, жол және құрылыс техникасы, т.б.
«Бүгінгі күні Қазақстанның сыртқы саудадағы ең үлкен әріптесі – Қытай. Әрине, Ресеймен де тұрақты байланыс бар, бірақ олар кейінгі жағдайға қатысты көп санкцияға іліккен соң біздің шикізат не өнімге сұранысы азайды. Себебі Ресей екі-үш жылда өз өндірісін қорғаныс саласына қарай бұрып, бейбіт өмірге қажетті тауарларды шектеді. Әзірге сауда байланысында екінші орында Ресей тұр. Ал Қытайға экспорттау жағына келсек, шикізатпен қоса, тамақ өнімдері кетеді. Импорт жағында техникалық жабдықтар келеді. Ресейге көмір мен металл жіберсек, ол жақтан көп дайын өнімдер мен қондырғылар алынады. Сондай-ақ Орталық Азия мен Түркиямен де сауда саясатында тығыз қатынастамыз десек болады» дейді экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев.
Сарапшының айтуынша, бес-алты жыл бұрын Орталық Азия елдерімен сауда айналымы 5 млрд доллар айналасында болса, бүгінде ол көрсеткіш 7-8 млрд доллар көлеміне артқан. Ал министрлік дерегі көрсеткендей, Орталық Азия мемлекеттерімен сауда 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 6,9 миллиард АҚШ долларын құраған. Ал экспортталатын негізгі тауарлар қатарында бидай ұны, күнбағыс майы, алтын және өзге де металл түрлері бар. Аталған мемлекеттерден автомобильдер үшін корпустар, табиғи газ, қорғасын мен бағалы металдар рудалары мен концентраттары импортталады.
Салаға әлі де ұмтылыс керек
Қазақстандағы сыртқы сауда – сыртқы экономикалық байланыстың бір бөлігі болып саналады. Бүгінде аталған салада көрсеткіш жаман емес. Сарапшылар осылай дейді. Экономист Сапарбай Жобаев сонау 2000 жылдардан бері қарай біздегі шикізат бағасы өскенін айтады. Ал 2013-2014 жылдары сыртқы экспорт көлемі 80 млрд долларға артқаны тағы бар. Бұл сол кездегі 230 млрд долларлық жалпы ішкі өнімнің үштен бір бөлігі болатын. Сондықтан Қазақстанды экспортаушы мемлекет деп әбден атауға болады. Яғни өзімізде өндірілген мұнай мен газ, металл, көмір, сондай-ақ бидай мен оның өнімдері, өсімдік майы, ет өнімдері және басқа да өнімдерді экспорттап отырмыз.
«Екінші – саладағы транспорт, яғни логистика мәселесін айтсақ болады. Мәселен, транспортты айтар болсақ, кезінде ашық теңізге шығатын жолымыз болмаған соң 12 млрд доллар шамасында төлем жасап, өз тауарларымызды солай экспорттап жүрдік. Ал біздің үлкен территориямыз арқылы өтетін басқа елдер бізге 6 млрд доллар ғана төлем жасады. Бұл шығын болатын. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы орталық көлік дәлізі, ТрансКаспий халықаралық маршруты ашылған соң бізге транспорттық қызметтен түсетін түсім 10 млрд долларға жақындап қалды. Бұл мәрені 12 млрд долларға жеткізсек, өз өнімдерімізді сыртқа шығаратын транспорттық құны мен тауарларын біздің шекара арқылы сыртқа шығаратын жүктердің бізге төленетін төлем құны бірдей болатын еді. Ал мұндайда шығын болмайды» дейді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың сөзінше, тиісті қаржылық қолдау болмай, сыртқа өнім шығарушы кәсіпорындардың алға қадам басуы қиын. Үкімет осыған тереңірек кіру керек. Ынталандырудың бар механизмін іске қосқан жөн. Бұл жерде тиісті салаға жетекшілік ететін шенеуніктердің де батылдығы рөл ойнамақ.
«Расы сол, бізде бюджет тапшылығы жоқ емес. Жаңа өндіріс көздерін ашу қарқыны төмен. Мысалы, шетелдік инвестицияның өзі 7,5 пайызды ғана құрап отыр. Ал салықтық базаны ұлғайтуға, қазынаны толтыруға жаңа өндіріс керек. Жалпы Қазақстанның ішкі нарығы аз екені белгілі. Оның үстіне барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның көбісінің жұмысы ішкі нарыққа бағытталған. Алайда Үкіметтің сыртқы нарыққа, әсіресе ауыл шаруашылығындағы азық-түлік өнімдерін экспорттауға әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын. Бірақ бұл үшін тағы қайталап айтамын, тиісті өнім өндіруші кәсіпорын санын арттыру керек. Қазір олар бізде бар болғанның өзінде де олардың қуаттылығы өте төмен» дейді депутат.
Инвестиция демекші, Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Орталық Азияға тартылған 500 млрд доллар инвестицияның 80 пайызы Қазақстанға келген. Бірақ бұл өте үлкен төлемдерге алып келмек. Өйткені әр жылдары шет мемлекеттерге 20-25 млрд доллар дивиденд төлейміз. Онсыз болмайды. Олар дивиденд алмаса, біздің елге мүлде инвестиция әкелмес те еді.
«Былтыр қараша-желтоқсан айларында Қытайда тағылымдамадан өтіп келдік. Сонда байқағанымыз, ондағылар Қазақстанмен сауда байланысын нығайтуға өте мүдделі. Олар бізден үлкен кәсіпорын ашып, біздің шикізатты пайдаға асыру арқылы өздеріне қажетті жеңіл өнеркәсіп немесе тамақ пен басқа өнімдерді көбейткісі келеді. Жалпы бізге түсетін қаражат Қытай мен Еуропа арасындағы 600 млрд долларлық сауданың біздің территория арқылы өтуінен болып отыр. Екіншіден, сыртқы сауда қатынасында мүдделі шет мемлекеттермен арадағы сауда айналымы үшін теміржол мен көлік, сондай кеме қатынасы өте маңызды рөл атқара бермек» дейді С.Жобаев.
80 мыңға жуық сауда нысаны бар
Сауда – экономиканың маңызды саласы. Аталған сала мемлекет бюджетіне түсетін салықтың көп бөлігін қамтып отыр. Әрі жұмыссыздыққа тосқауыл қоюда өте маңызды рөлге ие. Сауда және интеграция министрлігі берген мәліметке сүйенсек, еліміздегі сауда саласында 1,5 миллионнан аса адам қызмет етеді. Сондай-ақ 80 мыңға жуық сауда нысаны бар. Мұның ішінде 700-ден астамы – түрлі сауда базарлары. Ал сауда қызметкерлерінің мақсаты – халықтың тауарлар мен қызметтерге сұранысын қанағаттандыру. Расымен де өмір сүру дағдымызды дүкендер мен басқа да сауда орындарынсыз елестету тым қиын. Адамзаттың түрлі қажеттілігін өтейтін нысандардың маңызы ерекше. Екіншіден, сауда кәсіпорындары жыл сайын дамып, заманауи технологиялық қызмет көрсету стандарттарын енгізіп жатыр. Өйткені тұтынушылардың да өнім мен қызмет көрсетуге қойылатын талаптары артқан.
Екіншіден, отандық тауарларды халықаралық нарықтарда ілгерілету үшін сыртқы сауда инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Чэнду қаласындағы серіктестік кеңсе, Үрімші қаласындағы өкілдік және Нанкиндегі «Цзянсу – Орталық Азия» ұлттық павильон орталығы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ Шандун провинциясындағы «Қытай-ШЫҰ» өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастығының пилоттық аймағында алаңдар берілген. Өзбекстанның «Термез» халықаралық сауда орталығында қазақстандық өнімдердің сауда павильоны, сондай-ақ БАӘ, Қытай, Түркия, Үндістан және Иранда сауда агенттері өкілдіктерін ашты. Дубайда «QazaqTradeHouse» сауда үйі жұмыс істейді.
Жақында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2025 жылға арналған министрліктің негізгі басым міндетін айта келіп, экономиканың өсімін 6-7%-ға жеткізу жайлы сөз қозғаған еді. Осы мақсатта 3 стратегиялық басымдықты іске асырылмақ. Алғашқысы – «Болашақтың сауда экожүйесін» құру арқылы тауарлар мен сауда нысандарын цифрландыру. Ұйымдасқан сауданы, оның ішінде биржалық және электронды сауданы дамыту. Екінші – отандық тауарларды ілгерілету, яғни қазақстандық өндірушілердің позицияларын нығайту, импортқа тәуелділікті азайту және қосымша құн жасауға ынталандыру. Ал соңғысы – тұтынушылардың құқықтарын қорғау және тауарлар мен қызметтердің сапасын қамтамасыз ету болып отыр.
Ержан ҚОЖАС