Сауда соғысы: қайта қызған майдан

Қытай мен АҚШ арасындағы сауда қақтығысы жаңа кезеңге аяқ басты. Нақты айтқанда, Дональд Трамптың сауда саясаты қайтадан әлемдік экономиканы дүрліктіріп, «екінші экономикалық қырғи-қабақ соғыстың» салқыны анық сезіле бастады. Вашингтон мен Бейжің арасындағы тарифтер шайқасы енді тек экономикалық емес, геосаяси қарсылықтың да алаңына айналып барады.
104 пайызға дейін көтерілген салық
Трамп әкімшілігі қазірдің өзінде Қытайдан келетін тауарларға салынатын баж салығын 104 пайызға дейін өсіруі мүмкін екенін мәлімдеді. Аталған шешім Қытай тарапынан 34 пайыз жауаптық тариф жарияланған соң қабылданған. Трамп бұл қадамды «Американың өз мүддесін қорғауға арналған жалғыз мүмкіндігі» деп атады. «Бізде тек бір мүмкіндік бар. Мұны менен басқа ешбір президент жасай алмайды» деді Трамп Ақ үйде сөйлеген сөзінде.
Трамп әкімшілігі 4 ақпанда Қытайдан әкелінетін барлық тауарға 10 пайыз баж салығын енгізді, 4 наурызда бұл мөлшерлемені 20 пайызға дейін көтерді. Ал соңғы рет 9 сәуірден бастап тағы да қосымша 34 пайыз баж салығын енгізген еді. Енді 50 пайыз баж салығын салса, Қытай тауарларына салынған тарифтің жалпы мөлшері 104 пайызға жетеді. Бұл – әлемдік сауда-саттық ісінде бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
Жаңа тарифтер киім-кешек, ұялы телефон, химия өнімдері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдеріне де енгізілуі мүмкін. 2024 жылы АҚШ Қытайдан 440 миллиард (кей деректерде 524 миллиард) доллардың тауары мен қызметін импорттағанын, ал Қытайдың АҚШ-тан импорты 163 миллиард долларды құрағанын ескерсек, тарифтік қысым қытай өнімдеріне тәуелді америкалық бизнеске де ауыр соққы болуы ықтимал. Ал Қытай Дональд Трамптың Қытайдан әкелінетін импорт тауарларына қосымша 50 пайыз баж салығын енгізу саясатына қарсы «соңына дейін күресуге» бел байлап отыр. «АҚШ Қытайға қарсы баж салығын көтерем деп қателік үстіне қателік жасады, бұл АҚШ-тың бопсашыл сиқын тағы да көрсетті. Егер АҚШ өз дегенінен қайтпаса, Қытай соңына дейін күреседі» деп мәлімдеді Қытайдың Сауда министрлігі.
Бұдан бөлек, Қытай тарифтік емес шараларды да қолға ала бастады. Мысалы, Google, Nvidia және Қытайда жұмыс істейтін жекелеген америкалық компанияларға монополияға қарсы тексеру жүргізу, бірқатар америкалық кәсіпорынды экспорттан шеттету және «сенімсіз субъектілер тізіміне» енгізу шараларын қолдана бастады, сондай-ақ АҚШ-тан импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдеріне лицензия беруді тоқтатты және сирек жер металдары секілді стратегиялық ресурстардың экспортына шектеу қойды.
Basic Fun ойыншық компаниясының бас директоры Джей Форман «Мен 54-тен 104 пайызға дейін кеден салығы салынуы мүмкін кез келген өнімді теңізге жөнелту тәуекеліне бара алмаймын» дейді. «10-нан 20 пайызға дейінгі салықты сіңіру немесе тұтынушыға өткізу – бір басқа, ал 54-тен 104 пайызға дейін бұл мүмкін емес. Ондай жағдайда тұтынушы мүлде сатып алмайды» дейді.
Екі жүзді қанжар экономикаға зиян
Әлемдік сауда-саттық жағдайының ушыға түсуіне байланысты Уолл-стрит те аласапыран күйге түсті. Standard & Poor’s 500 индексі 0,2 пайызға төмендеп, ақпан айының ортасындағы шарықтау шегінен шамамен 18 пайызға құлдыраса, технология компаниялары үлесіне басымдық беретін Nasdaq құрамдас индексі де қатты ауытқып, сауда соңында сәл ғана өсіммен жабылды. FTSE 100 өткен жұмада 5 пайызға құлады, бұл соңғы 5 жылдағы ең ірі төмендеу болды. Германия мен Франция биржаларында да осындай құлдырау байқалды. Міне, бұл – инвесторлардың сауда соғысына байланысты туындаған белгісіздікке деген реакциясы.
Азия-Тынық мұхиты аймағының қор нарығы да осы аптаның басында күрт төмендеді. Nikkei 225 индексі – 6, австралиялық ASX 200 – 4, ал оңтүстіккореялық Kospi 4,7 пайызға төмендеді. Қытайдың қор нарығы рекорд деңгейіне дейін құлдырады. Шанхайдың Shanghai Composite индексі 6 пайыздан астам құлады, ал Гонконгтың Hang Seng және Тайваньның TAIEX индекстері шамамен 10 пайызға түсіп кетті. MSCI Asia Pacific индексі (13 елдің ірі және орта капитализациялы компанияларын қамтиды) 2008 жылдан бері ең ірі құлдырауды көрсетті: -7,1 пайыз. Nikkei 225 индексі «аю нарығына» кірді, яғни бұрынғы максимумынан 20 пайызға төмендеді. Қытай нарығының құлдырауы – 2008 жылдағы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін тіркеліп отырған дүрбелең. Бұған, Трамптың саясатынан бөлек, Қытайдың ішкі факторлары да әсер етіп отыр. Нақты айтқанда, ел экономикасы өсімінің баяулауы, юань бағамының құлдырауы нарыққа деген сенімді жоғалтты.
Трамп әкімшілігінің тариф саясаты мұнай бағасына да айтарлықтай әсер етті. 2 сәуірде Трамп барлық импорт тауарларына тарифтер енгізетінін жариялағаннан кейін, мұнай бағасы 14 пайызға құлдыраса, Қытай жауап ретінде өз тарифтерін енгізгеннен кейін, мұнай бағасы тағы да 7 пайызға төмендеп, мұнай өндірушілерге айтарлықтай соққы болды. Сонымен қатар екі ел арасындағы сауда соғысының шиеленісуі мұнайға деген жаһандық сұранысты да азайтты.
Чип: текетірестің жаңа түйіні
Екі ел арасындағы сауда текетіресінің басты нүктесі – чип өндірісі. Қытайдың 28 нанометрден жоғары деңгейдегі (дәстүрлі/мature node) чиптерді жаппай өндіруге көшуі АҚШ-ты қатты алаңдатып отыр. Америкалық сарапшылар мұндай чиптердің күнделікті тұрмыс техникаларынан бастап, әскери техника, авиация, телекоммуникация, тіпті энергетика саласына дейін кеңінен қолданылатынын, Қытайда осы нарықты толықтай жаулап алу қаупі бар екенін алға тартады.
Жақында АҚШ Өкілдер палатасының Қытай Коммунистік партиясымен стратегиялық бәсекелестік жөніндегі арнайы комитетінің төрағасы, Республикалық партия өкілі Джон Муленар АҚШ-тың сауда өкілдігіне «Қытайда өндіріліп, АҚШ-қа келетін дайын өнімдерге кіріктірілген барлық чипке арнайы тариф енгізуді» ұсынған еді.
Сарапшылардың пікірінше, Трамптың чипке қатысты жаңа стратегиясы тек экономикалық бәсекелестік емес, ұлттық қауіпсіздік мүддесіне де негізделіп отыр. Себебі чип өндірісі – бүгінгі технологиялық экожүйенің жүрегі. Ал бұл жүрек егер Қытайдың бақылауында болса, онда Америка экономикалық қана емес, стратегиялық тәуелділікке ұрынады. Бұл жөнінде америкалық әскери сарапшы Джеймс Малвенон өзінің USTR-ге жолдаған пікірінде: «Қытай чиптеріне тәуелділік – АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп. Әсіресе SiC (кремний карбиді) негізіндегі чиптерге байланысты жағдай өте қауіпті, себебі бұл элементтер жаңа энергетика, әскери техника және киберқорғаныс жүйелерімен тікелей байланысты» деп мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар Вашингтон Қытай чиптері тыңшылық немесе кибершабуылдарға пайдаланылуы мүмкін деп санап, Huawei мен SMIC сынды компанияларға санкциялар салды. Тайвань арқылы әлемдік чип өндірісін бақылап отырған АҚШ Қытайдың бұл салада күшеюін шектеуге тырысуда. Осы мақсатпен Қытайға жоғары технологиялы чиптерді экспорттауға шектеу қойып, өз өндірісіне миллиардтаған қаржы құйып отыр.
АҚШ бір оқпен екі қоян атпақ
Қазір АҚШ әлем елдерінің бәріне сауда қаруын, тариф саясатын қолданып отыр десек болады. Сонымен бірге олар басқа елдерді қарымта әрекет жасамауға шақырып отыр. Өйткені бұл АҚШ көзқарасы бойынша жаңа әкімшіліктің әділетсіз сауда-саттық қатынасын өзгертіп, тең тұрғыдан сауда жасаудағы маңызды қадамы саналады. Трамп тарифтерді көтеруден 700 миллиард доллар кіріс алуды күтетінін, бұл бюджет тапшылығын азайтуға көмектесіп, салықты азайтуға жағдай жасайтынын ашық айтып отыр. Бұл өз кезегінде экономикалық белсенділіктің артуына себеп болуы мүмкін. Яғни АҚШ бұл саясаты арқылы «екі жеп биге шығып», бір мезгілде сауда балансын да, бюджет тапшылығын да қысқартпақ. Соңында бұл өндірістің АҚШ аумағына қайтуына түрткі болуы мүмкін. Трамптың басты көздеп отырғаны осы секілді.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы бүгінгі таңда тек екі ел арасындағы текетірес емес. Бұл – жаһандық экономиканың болашағына әсер ететін фактор. Өйткені тіреске түскен екі елдің бірі – әлемнің ірі экспорттаушысы, енді бірі – ірі тұтынушысы. Олардың арасындағы кез келген шиеленіс Жер шарының түкпір-түкпіріндегі елдерге әсер етеді. Бүгінгі тариф шабуылдары ертең технология, логистика, энергетика дағдарысына ұласуы мүмкін.
P.S: АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы енді тек кедендік баж немесе импорт-экспорт саясаты ғана емес, технологиялық, стратегиялық және геосаяси ықпал үшін күрестің шынайы көрінісіне айналды. Бұл текетірестің салдары жаһандық экономика жүйесіне терең сілкініс әкеліп, тек қос елдің ғана емес, тұтас әлемнің өндіріс тізбегіне, қаржы нарығына, энергетика қауіпсіздігі мен технологиялық даму бағытына ықпал етіп отыр. Ал бұл күрес қай тараптың пайдасына шешілсе де, XXI ғасырдағы әлемдік тәртіп пен экономикалық картаның қайта сызылуына алып келуі әбден мүмкін.