Жаңалықтар

Саябақ нағыз тынығу орнына айналуы тиіс

11143492_721387887983350_3652399746360181956_o

Кеше елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті аппарат отырысын өткізді деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қала әкімі алдымен мемлекеттік қызметтің дамуына сүбелі үлес қосқан қызметкерлерге «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерін табыстады.

– Мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой. Сіздер елге, халыққа қызмет етіп келесіздер. Сондықтан, қай істе де кәсіби біліктілік танытып, мемлекет игілігі үшін адал еңбек ету қажет. Халыққа қызмет етуді насихаттау, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру да – сіздердің қолдарыңызда. Осы жолдағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, – деді әкім.
Мемлекет басшысы бекіткен «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафина, қала әкімінің кеңесшісі Михаил Чирков, экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нұрпейісов, әкімнің көмекшісі Үмбетбай Мағзұмов, жер қатынастары басқармасы бас­шысының орынбасары Назымбек Кенжебаев, қала әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Қайрат Көпбаев марапатталды.
Бұдан кейін жиын күн тәртібіндегі мәселелерге ойысып, Әділбек Рыскелдіұлы қала дамуындағы басты басымдықтарға тоқталды. Алдымен «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыру мен өткізу мәселесі қозғалып, әкім ондағы қолға алын­ған шаруаларды пысықтады. Қала әкімінің айтуынша, үш айға жалға­сатын көрме аумағында үш мың­нан астам мәдени-демалыс шарасы ұйымдастырылмақ. Олардың әр­қайсысы халықаралық талапқа сай болуы шарт. Жаһандық шара кезінде елордаға келетін туристер мен қала тұрғындарының демалысын түр­лендіру де – басты мәселе. Көңілді сергіту үшін келген жұртшылық Астанадан шын мәнісінде тынығып қайтуы керек. Сондықтан, елорданың барлық аумағында рухани-мәдени
іс-шаралар өткізілуі тиіс.
– Қазіргі кезде елордалық сая­бақ­тарға келушілер санын көбейтуіміз керек. Саябақтар тұрғындардың саялайтын ғана емес, жақсы тынығып кететін мекеніне де айналғаны абзал. Осы мақсатта қалалық саябақтың инфрақұрылымын дамытуға ден қоюымыз қажет, – деп атап өтті қала басшысы.
Ә.Жақсыбековтің айтуынша, халықаралық мамандандырылған көрме – елімізді әлемге танытатын салмақты шара. Оған қазақ­стандықтар да белсене атсалысу үшін өзге өңірлермен ынтымақтаса жұмыс істеудің маңызы үлкен. Бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде әкім
ЭКСПО аумағына мектеп оқу­шы­лары мен студенттерге экскурсия өткізу керектігін алға тартты. Әкімнің пікірінше, ЭКСПО алаңы ғана емес, елорданың кез келген көрнекті орындары өзге өңірлерге кеңінен насихатталуы керек. Бұл шаруаларға қалалық құрылымдар белсене үлес қосуы тиіс. Ә.Жақсыбеков елімізді дүние жүзіне танытатын айтулы шарадан астаналықтарды да тысқары қалмауға шақырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button