Таным

САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ОЙДЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

Шоқан Уәлиханов - авторы Ә

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өзінің әйгілі шығармаларының бірінен саналатын «Сот реформасы туралы жазбасының» соңына «28 ақпан 1864 ж. Омбы» деп қол қойған екен. Міне, содан бері 150 жыл өтіпті. Осы айтулы оқиғаға байланысты оқырмандар назарына саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкірдің мақаласын ұсынып отырмыз.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалық Ресей Қазақстан аймағын толық қаратып алғаннан кейін хандық билікті жойып, басқаруды өз жүйесіне сәйкес реформалауға кіріскен еді. 1860 жылдары жүргізіле бастаған сот реформасы империяның осы кең көлемдегі отаршылдық саясатына тікелей қатысты болды. Оның мақсаты қазақ тұрмысында ежелден келе жатқан, өзінің тиімділігін талай ғасыр дәлелдеген билер сотын жоюға бағытталған болатын.

Осы мәселеге арналған Шоқан Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазба» атты еңбегі – сол кездегі құны бүгін де биіктемесе, әсте төмендемеген, қазақтың саяси құқықтық, әлеуметтік-экономикалық ойының теориялық және практикалық жағынан асқар шыңы. Бұл – орысша оқып, орыс ортасында өсіп, орысша тәрбиеленіп, Еуропа мәдениетін ұстанғанымен, автордың жасынан ұлттық рухани бұлақтан барынша сусындаған, кейін оны жетілдіре түскен, өз халқының адал перзенті екенін дәлелдеген шығарма.

Бұл жазба бір жарым жылдан астам тынымсыз ізденістердің нәтижесінде дүниеге келген болатын. Ресейдің саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалынан, осы қитұрқы саясатқа тікелей қатысты сот реформасынан жан-жақты хабардар, бұл кездері атағы шетелдерге де мәлім болып қалған Шоқан Уәлиханов жергілікті әкімшілік арнайы құрған экспедиция құрамында 1862 жылғы жаз айларында Орталық  және Солтүстік Қазақстанда, Көкшетау, Ақмола, Атбасар, Баянауыл және Қарқаралы округтерінде болып, қазақтардың құқықтық қарым-қатынастарын зерттеп, әдет-ғұрып туралы материалдар жинап, жүргізілмекші реформа жайында билердің, бай-сұлтандардың пікірлерімен танысқан-ды.

Халық пікірінің маңыздылығына лайықты мән беріп, Шоқан оның шынайы көрінісін жеткізу үшін іс барысындағы барлық жағдайға нақты, әрі егжей-тегжейлі шолу жасайды. Ең әуелі халықтың пікірі қалай, сот реформасы жөніндегі ұсыныстар қандай жағдайда жиналғанын баян етеді. Экспедиция кезінде жиналған материалдарды сарапқа салады. Реформаны талқылау кезінде 92 әртүрлі мәселелерді қамтыған ұсыныстар түскен болатын. Бұл  пікірлер көп томдық шығармалар жинағының  5-томынан орын алған. Оларды Шоқан өз еңбегінде барынша пайдаланды. Мысал үшін, Көкшетаудан түскен мынандай ұсыныстарды келтіре кеткен артық болмас: «3. Би игі жақсы, халық арасында адалдығымен белгілі, халық заңдары мен салттарын  жақсы білетін және сот пен тергеуде болмаған, жасы 25-тен асқан қазақтардан сайланады. 4. Билер істерді халық заңдары мен салттарының негізінде шешеді. Ол үшін дала заңдарының біздердің ана тілімізде басылып шығуын қалаймыз. 5. Билер өз шешімдерінде халықтың салтынан ауытқитын болса, айыппұл салынады, ал алаяқтық танытса, сотқа тартылады. 6. Билердің шешімдері кітапқа қырғыз тілінде жазылуы  және ол әр бидің қолында болуы тиіс» [2, 119]. Осындай талаптар, әсіресе, халықтық дәстүрді және заңды білетін, адамгершілігі жоғары, елге танымал деген билерге аса қажет қасиеттер округтардан түскен ұсыныстардың барлығында бар еді.

Алайда, Шоқан қарапайым халықтың бұл  аса маңызды іске енжар қатысқанын атап көрсетеді. Оның себептерін ол былай түсіндіреді: біріншіден, қазақтардың сауатты бөлігі ғана ұғынатын мәселелерге көпшіліктің дайын еместігі, білімсіздігі; екіншіден, тез арада жауап талап етілетін ереженің жұртшылыққа алдын ала түсіндірілмегендегі; үшіншіден, орыс үкіметіне сенімсіздік салдарынан да қазақтардың салғырттыққа бой алдырғандығы. Өйткені, орыс бастықтарының әрбір әрекетін қазақтар арасында көбіне бостандығымызға, тұрмысымызға қол сұғатын озбырлық деп қабылдау дәстүрге айналған болатын.

Шоқан Уәлиханов ұсынылып отырған мәселенің барынша дұрыс шешілуін аңсады. Сондықтан, ол қазақтарға қатынасында әдетке айналып кеткен ықылассыздықтың салдарынан ғана аймақтық басқарма жанындағы бұрынғы комитет сұлтан-билердің және басқа «ақсүйек» қазақтардың пікірлерін ешбір сыни бағасыз-ақ өз жұмыстарына басты негіздеме етіп қабылдап, тереңнен тамыр алған салғырттықтан халық үшін түкке керегі жоқ, тек қазақтың мәртебесі жоғары тобы қол жеткізуге тырысатын зиянды жаңғыртулар мен өзгерістерді өз жобасында қайта бекіткенін сынайды. «Қоғамдағы дәрежесі биік таптың пікіріне халықтың шынайы қажеттілігін теріс бұрмалаушы ретінде қарау керек, өйткені атақты не бай адамдардың мүддесі, тіпті жоғары өркениетке қол жеткізгендер қоғамында да басым жағдайда көпшіліктің мүддесімен қастасып, қарсы келіп жатады» деген Шоқан бүкіл ұлттың мүддесі, қатал әділеттікке жүгінгенде  жеке қауымның пайдасынан жоғары болуы керек деп есептеді [1, 84]. Сөйтіп, табиғатында демократ Шоқан ақсүйектер мен ауқатты адамдардың, жоғары мәртебелі қауым адамдарының мүддесі көбіне көпшіліктің мүддесіне қайшы келетінін ойда ұстауды қажет деп санайды.

Өзіне жүктелген тапсырманы қатаң ескере отырып, Шоқан облыс басқармасы мен округтік приказдардың іс қағаздарынан алынған санақ пен тарихи деректерді барынша пайдаланады. Реформа мәселесін нақты мәліметтермен, болжамдармен түсіндіреді. Қазақтың билер соты жөніндегі мол білімін толықтай жайып салады.

Ұлы ғалымның классикалық шығармасында өз кезіндегі толып жатқан келелі мәселелер сөз болады. Халқымыздың ұлттық табиғаты, оның  әдебиеті, ділі, діні, ағарту және т.б. туралы маңызды да мәнді пікірлер жетерлік. Оларды бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сол себепті өзі қазақ қауымына аса қажет деп есептеген халықтық сипаттағы экономикалық және әлеуметтік реформалар туралы тұжырымдамаларын еске түсірумен шектеліп,  негізгі тақырыбымыз – сот реформасы туралы мәселеге көшкенді жөн көріп отырмыз.

 

СЫРТТАН ТЕЛІНГЕН ЗАҢ СЫҢАРЖАҚ

Шоқан Уәлиханов жалпы реформалардың ішінде ең бірінші адам тұрмысын жақсартуға оң ықпал ететін реформалар пайдалы дей отырып,  қоғамдық жаңарудың қозғаушы тетігі, тарихи дамудың ең басты бағыты, қоғамның барлық мүшелерінің материалдық жағдайын өсірудің бірден-бір жолы ретінде экономикалық және әлеуметтік  реформаларға  ерекше мән береді. Бұлардай «соншалықты маңызды қоғамдық мәселе жоқ» деп санайды. «Біздің қазіргі уақытымызда, – деп жазды Шоқан, –  халыққа етене жақын әрі ең маңыздысы болып, оның ең толғақты қажеттіліктеріне тікелей қатысты экономикалық және әлеуметтік реформалар есептеледі, ал саяси реформалар тиісті экономикалық формаларды жүргізу құралы ретінде орын алады, өйткені әрбір адам жекеше түрде және бүкіл адамзат ұжым болып өз дамуында бір ғана соңғы мақсатқа – өзінің материалдық тұрмысын жақсартуға талпынады, осы тұрғыдан прогресс (ілгерілушілік)  аталатын нәрсе анықталады» [1, 84]. Шоқан ойынша, осы мақсатқа қандай да болса кедергі келтіретін реформа зиянды деп саналады.

Осы жерде мынандай бір мәселеге арнайы тоқтай кеткенді жөн көріп отырмыз.  Кейбір ғалымдарымыздың, әсіресе экономист мамандардың арасында алдымен экономика, сонан соң саясат деген жалған түсінік бар. Меніңше, бұл – қате пікір. Біріншіден, қоғамның негізгі салаларын бірінен бірін бөлуге болмайды. Қоғам – тұтас дүние. Екіншіден,  экономикалық сала өз- өзінен дамымайды. Оны ұйымдастыру, басқару қажет. Оның ұдайы өсуіне ықпал ететін объективті жағдайлармен қатар, субъективті факторлардың да қажет екенін ұмытпауымыз керек. Экономиканың дамуы адамдардың санасы мен қабілетіне, ақыл-ойы, көңіл-күйі мен ықыласына, біліміне, белсенділігі мен еңбекқорлығына байланысты. Сол себепті қандай да бір экономикалық құбылыс, үдеріс болмасын, оларды талдауды, анықтауды әр уақытта нақтылы жеке адамның, жеке топтың іс-әрекеті мен қызметінің жемісі ретінде қараған жөн.

«Сот реформасы туралы жазба» атты еңбектің аса бір мәнділігі, оның бүгінгі күн үшін де әсте төмендемеген ерекше маңыздылығы автордың жалпы реформа атаулыны жүзеге асыруда қажетті-қажетті деген ғылыми-әдістемелік қағидаларға жан-жақты тоқталғанында болып отыр. Шоқан реформаларды жүргізуде әр халықтың қоғамдық тарихи үдерістерінің ерекшеліктерін, олардың халықтың мүддесі мен материалдық мұқтажына, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпына сай келуін ескеру қажет екенін атап көрсетеді. Ол өзіне етене таныс, сонымен тәрбиеленіп, өсіп-өнген заң қаншалықты олпы-солпы болғанымен, сырттан телінген немесе жоғарыдан ұсынылған заңнан гөрі түсінікті де айқын екеніне ешқандай күмән жоқ дейді. Заң ісінің ең алдымен адам тұрмысына, оның тәрбиесіне, санасына және тағы басқа көптеген факторларға сәйкес келуінің қажеттігін алға тартады.

Осы бағыттағы ойын ары қарай тарқата келе Шоқан реформаға қоғамдық қажеттілік болғанда ғана жүзеге асады деп, ағылшын философы, саяси және экономикалық либерализмнің теоретигі Джон Стюарт Милльдің қандай да болмасын қауымның адамдарына жаңа құкық берместен бұрын бұл қауым адамдарының ақыл-қабілетін, өнегелілігін және саяси сана сезімділігін ғылыми тұрғыда мұқият зерттеуі керек дегенін орынды санайды. Сөйтіп, жоғарыдағы қоғамдық қажеттілік деген ұғымға адамдардың ақыл-қабілетін, өнегелілігін, жоғары саяси санасын сыйғызады.

Шоқан Уәлиханов заң шығарушылар мен реформаторлар қоғам мүддесін көздеп келгені, бірақ қоғамның дамуына не залал, не пайда екені жайындағы ұғым әр дәуірде әртүрлі болғанын, тіпті әлі күнге дейін де көптеген тағылық болжам орын алып отырғанын, ал ғылым мұның жаңсақтығын, ешқандай негізсіз екендігін толық дәлелдегенін атап көрсетеді. Қандай да болмасын реформа қоғамның мұқтажы мен қаражаты белгілі болғанда ғана кездейсоқтыққа ұшырамай, діттеген мақсатына жете алады дейді. Бірақ осыларды білмегендіктен, қажеті жоқ жаңа өзгерістер, реформалар бұрын да, кейін де туатындығын атап көрсетеді. «Егер түрлі реформаларды енгізу кезінде өсімдіктерді егу үстінде қолданылатын тәсілдерді ауыл шаруашылығындағы сияқты бұлжытпай басшылыққа алатын болсақ, бұл тұрғыдағы қателіктерден құтылу оңай. Бұл әдіс бойынша, біріншіден, өсімдіктердің өзін толықтай зерттеу қажет, содан кейін оның қандай топырақта өсіп-өнетінін, қанша жарық, жылу және сол сияқтыларды талап ететінін білу керек» деген Шоқан пікірін бүгін де ескеріп жатсақ, әсте артық болмас еді [1, 85].

Шоқан  реформа қоғамдық организм жан жақты дами алатын мызғымас прогресс заңына негізделіп жасалғанда ғана ұтымды бола алатынын, сондықтан қандай да болмасын өзгерістерді ұластырып, орын тептіріп, әрі сақтап қалу үшін қабылдағалы отырған реформа сол халықтың ұлттық мінез-құлқына сай келуі қажет деп санады. Тіпті  қазақтың еуропалық реформаны қабылдайтын қабілетін арттыру үшін оған алдын ала білім беру арқылы ой қабілеті мен жүйке жүйесін жетілдіру керек деуі жайдан-жай емес еді. Бұл жағдайдан тыс жасалған өзгерістің бәрі де зиянды, әрі жағымсыз аномалиялық құбылыс ретінде қауымды айықпас дертке шалдықтыратынын ескертеді. Сондай-ақ, қисынсыз теорияға немесе өзге халықтың өміріне негізделіп, зорлықпен ырықсыз жасалған реформа адам баласын жойқын апаттарға  душар етіп келеді дейді. Бұған кезінде қоғамда аномалдық яғни ауытқушылық жағдай да туғызған Бірінші Петрдің реформасын мысалға келтіреді.

«Қазақты орыс заңымен соттауға болмайды»

Осындай аса маңызды әдістемелік қағидаларды жалғастыра түсіп, Шоқан Уәлиханов ежелгі халықтық үлгідегі билер сотына, оның керемет ұлттық қасиеттеріне тоқталады. Мұны тереңірек түсіну үшін туындыдағы халықтың қалыпты өсуі үшін ол дамудың қандай сатысында болмасын өзін-өзі қорғауы, өзін-өзі сақтауы, өзін-өзі билеуі және өзіндік соты болуы керек деген аса бір маңызды қағидасының «өзіндік сот» дегеніне арнайы тоқтай кетсек. «Өзіндік сотты» айтқанда автор ежелден қалыптасқан, көшпелі өмір тұрмысына сай келетін әдет-ғұрып, салт-санаға негізделген сот жүйесін, яғни билер сотын айтып отыр.

Қазақ қоғамында би атағына көтерілу қандай да бір формальді сайлаудың өткізілуіне және оның басқарушы үкімет тарапынан  бекітілуіне себепкер болған емес, тек заңгерлік білім, шешендік өнер мен соттық салт-дәстүрдегі терең танымның  өзара орайластырылуы қажет. Мұндай адамдар туралы дақпырт тұтас далаға тез жайылып, олардың есімдері барлығына және әрқайсысына танымал болады. Сөйтіп, би атағы соттық және қорғаушылық істегі патентке айналады. Осындай атағы бар билердің балалары заңгерлік тәжірибе мен тиісті білімге ие болып билік жүргізгендеріне  Шоқан көптеген мысалдар келтіруге болатынын айтады. ХVII ғасырдың соңынан келе жатқан Қазыбек бидің Бекболат, Тіленші және Алшынбай сияқты ұрпақтарын атап өтеді. 

Қазақ қоғамында би болу үшін халық арасында әділдік, шешеңдік жағынан танылған адам болуы керектігі, бидің билігі ұнамаған адамның екінші бидің төрелігіне жүгінуге құқы барлығы және тағы басқа фактілерге сүйене отырып, Шоқан қазақтар арасында ашықтығы, демократиялық принциптері ертеден етене таныс, өз тілінде  өтетін билер сотын үкіметтің жобалап отырған мировой (бітістіруші) сотының алғашқы жобасымен салыстыра отырып, алдыңғысы әділдікке әлдеқайда жақын екенін атап көрсетті. Оның пікірінше, қазақты орыс заңымен соттауға болмайды, жалпы алғанда, мировой сотты пәк таза сот деп айтуға да және қалайда бұл қалпынан артықты күтуге де болмайды. Егер қазақ өз құлқынын, қарабасының қамын ойлаған шенеуніктердің ырқымен би тағайындауды сайлау арқылы жүргізсе, онда сот әділеттігі деген кім көрінгеннің қолжаулығы болып, ақшамен пұлдап, әртүрлі жылпостық жолмен, сот тәртібінен, юстициялық құқықтық жөн-жосығынан бейхабар малды байлардың, атақты саудагерлердің қолына көшіп кетеді.

Жоғарыдағы ойларды жалғастыра түсіп Шоқан өзге көрші халықтардың заңдарына қарағанда, қазақтың әдеттегі құқығының адамгершілік жағы басымдау екенін нақты мысал негізінде көрсетеді. Қазақ заңында еуропалық жаңа кодекстердегідей сіресіп сескендіретін шаралар жоқ. Мысалы, ол қазақта дене жазасының жоқтығы, рулық дәстүрдегі өзара көмек (мысалы, барымтадан зардап шеккенге, малдары жұтқа ұшырағандарға) тағы басқаларымен көптеген ұлттардың заңдар жүйесінен ерекшеленетінін айтумен қатар, әдеттегі құқықтың «көленкелі жағын да» (мысалы, отбасының дәстүрі бойынша қыздарын тым ерте күйеуге шығаруы, тіпті кейде ықтиярсыз беруі, атастыру, қалың мал, әмеңгерлік, қылмыс жайлы құқығында кісі өлтіргеннің төлем төлеуі және басқалар) атап көрсетеді. Соңғыларды  өркениетке жат құбылыс деп таныды.

Билер сотының маңызы мен  ерекше сипатын көрсету үшін Уәлиханов статистика мен өзге де нақты деректерге сүйеніп отырып, сот істерін жүргізудің және билер соты мен бітістіруші сот құрылымын егжей-тегжейлі салыс­тыра талдайды. Билер сотының ең басты артықшылығын оның қоғамдық өмірді қабылдау динамикасының ашықтығынан, формальдық бұғауында еместігінен, болып жатқан қоғамдағы өзгерістерді  нәзік сезінетіндігінен көрінеді. Билер соты істі некен-саяқ болмаса, жалғыз шешпейді, оған қатысатын адамға шек қойылмайды, ал тіпті кейде олар ақтаушы да болып көрінеді және бидің шағым жасауға да құқы бар деп жазды. Шоқанның терең сенімі бойынша формализм мен бюрократизм «халықтың жанды күші талап ететін күнделікті өзгерістер ағымына» тежеу болады.

Қазақ билерін ресми түрде ешкім сайламады және бекітпеді. Еуропадағы ақындар, ғалымдар, адвокаттар сияқты билердің маңызы жеке беделге негізделді. Халық қалағанда ғана би билік жүргізе алады. Бедел жойылғанда билік те дәрежеден айырылады. Бидің шешіміне әрқашан да шағым жасауға болады, ал мировой судьяның шешімі белгілі жағдайда ақтық шешім болып табылады. Билердің барлық ісіне жариялық дәстүр болса, мировой судья болса азаматтық істі ғана жария жүргізеді. Билер соты қараған барлық іске адвокатура қатыстырылады. Ал мировой соттың іс қарауында адвокат тек азаматтық іске ғана қатыстырылады.

билер соты

Билер соты ауызша, көпшілік алдында жария жүргізіледі және барлық жағдайларда қорғаушылық қызметке жол беріледі. Оның халық арасында құрметке ие болғаны соншалық, бүгінге дейін ешқандай тәртіптік шара қолдануды талап етпеді және етпейді де.

Бұл салыстырулар сол кездегі қолданыстағы Қылмыстық, Азаматтық сот ісін жүргізу заңдарының нақты баптарына сүйене отырып жасалған. Содан байқалғанындай, қазақтың билер сотының мировой соттан артықшылығы басым. Шоқанның пікірінше, билер сотының басты ерекшелігі онда немқұрайлылық пен әртүрлі ресми кертартпалықтың жоқтығында. Бұған үлгілі деген Англияның өзінде көптеген заңгерлер мен мемлекет адамдары ағылшынның «мировой сот» мекемелерінің жағдайына толық қанағаттанбайтынын, британдық соттың кемшілігін көрсеткен белгілі ағылшын, француз және неміс заңгерлерінің де пікірін мысалға келтіреді.

Қазақтың әдет-ғұрыпын өте жақсы білген Шоқан осылай билер сотының артықшылығын жан-жақты баяндай отырып: «Ресей өз ұлдарының қатарында байырғы орыс тұрғындарының өмір салтына қарама-қайшылықты өмір кешетін славяндық орыс тайпасы салттары мен өнегесіне мүлдем кереғар өнегелері мен ғұрыптары бар өзге дінді және бұратана халықтарға да ие. Жоғарыда баяндалған себептерге байланысты христиандық әрі отырықшы орыс халқына арналып жобаланған қайта жаңғыртудың ешқандай пайда әкелмейтініні және де ол көшпенділерге, Еуропа мен Азиялық Ресейдің қаңғыбас бұратаналарына тұтастай қолданатын болса, мән-мағынасыз болатыны түсінікті» деген қорытындыға келеді [1,83].

Шоқан ежелгі халық сотының үлгісіне қосатын ешқандай жаңалық, өзгеріс таба алмауын, орыстың ықпалына қарамастан бұрынғы қалпын сақтап қалуын, орыс мекемелері мен заңдары да оның ежелгі, қарапайым үлгісін өзгерте алмауын қазақтың ежелгі сот билігі халықтың бүгінгі даму кезеңіне сай екенін дәлелдейтін даусыз шындық деп түйіндейді. Осындай себептермен ол билер сотын белгілі мерзімге дейін өз қалпында қалдырылуына шешуші ықпал етеді. 1864 жылғы 4 наурызда К.К.Гутковскийге жазған хатында Шоқан: «Мен билер сотын еш өзгерісіз қалдыру керектігі  туралы жазба жібердім. Менің жобам қабылданып, билер соты бұрынғыша қалатын болды» деп жазды [2,155-156].

Халық мүддесі мен мұратын асқақ ұстаған Шоқан ненің қауіпті екенін терең түсінді. Сондықтан билер сотының бұрынғыша қалуына барын салды, жақсы мағынада консерватор болды. Ол тек халықтың мұң-мүддесін ойлаудан, ежелгі билер сотының жағымды жақтарының басымдығын түсінгеннен туған еді. Алайда, Шоқан өзін халықшылдардың тар шеңберіндегі, яғни халықтардың тағдырын алдын ала кесіп-пішіп қоятын, олар ешбір бөгдеге қатыспай өзімен-өзі дамиды деп топшылайтындар тобына жатқызудан аулақ болған жөн деп ескертеді. Керісінше, өзінің берісі еуропалық, әрісі жалпы адамзат баласына тән ғылым-білім бұлағынан нәр алу жолындағы бөгеттермен батыл күрескер екенін ашық айтып, бұл дамуға, мәдениетті өрістетуге ұмтылу – халықтың түпкі мақсаты екенін қадап айтады. Бұл мақсаттан Шоқанды ешкім, ешнәрсе, ешқашан да бұра алмағанына оның  жарқын өмірі толық дәлел бола алады.

Шоқан Уәлиханов қайтыс болғаннан кейін жүргізілген сот реформасының тәжірибесі жазбада айтылған ұсыныстардың шындығын растай түсті, өміршеңдігін көрсетті.  Бұрын да халықтың тарихи даму үдерісін, ұлттық ерекшеліктерін  ескермей реформалаудың қауіпті де зиянды екені талай дәлелдеген еді, кейін сан рет дәлелденді. Бұл, әсіресе кеңестік дәуірде ерекше байқалды. Басқаны былай қойғанда, жергілікті халықтың тұрмыс-шаруашылық жағдайымен санаспай жүргізілген бір ғана ұжымдастырудың өзі миллиондаған адамдарды ашаршылыққа ұшыратып, өмірлерін қиғаны естен кете қойған жоқ. Кеше ғана жоғарыдан, Мәскеуден танылып жүргізілген қайта құрудың қанша материалдық және рухани құндылықтарымызды  қиратқаны әлі көз алдымызда.

Қазіргі еліміздің тәуелсіздік жағдайында да жаһанданудың алыс-жақынды біле бермейтін  күшімен өз мүмкіндіктерімізді барынша есепке ала бермей, сан ғасыр серік болып келе жатқан мәдени қазыналарымызға тереңдеп бармай, шетелдік нұсқаларға жан-жақты парасаттылықпен қарамай, шектен тыс еліктеу, кейде оны сол күйінде қабылдау бой көрсетіп қалады. Сондықтан, олардың да ұзаққа бара бермейтіні белгілі.

Қоғам дамуының прогресті жолын қолдаушы, демократиялық бағытты ұстанушы Шоқан Уәлихановтың қоғамдағы жалпы реформаларға, сондай-ақ нақты сот реформасына қатысты айтылған тамаша ойлары мен толымды тұжырымдарын, ғылыми әдістемелік мәні зор қағидаларын қоғамымыздың сан түрлі саласында тиімді де пайымды пайдалана білсек, ұтарымыз да, табысымыз да көп болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Шоқан Уәлиханов.Көп томдық шығармалар жинағы. 4-том. –Алматы: «Толағай группа». 2010.- 496 б.

2. Шоқан Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. 5-том. –Алматы: «Толағай группа». 2010.- 528 б.

12 ақпан 2012 жыл

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button