#Жолдау-2022

Саяси реформа биліктен басталды

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы қоғамның көкейіндегі көптен жүрген сұрақтарға дөп түскен жауап болды.

[smartslider3 slider=2535]

Әуелі қаңтар оқиғасына баға бере келе, Мемлекет басшысы өзінің екі жарым жыл бұрын бастаған саяси-әлеуметтік және экономикалық реформаларының бұдан әрі де жалғаса беретініне тоқталды. Елдегі өзгерістердің кейбіреулерге ұнамайтындығын, олардың ішкі және сыртқы дес­труктивті күштерге сүйеніп, мемлекетіміздің іргесін шайқалтуға дейін барған әрекеттерін сынай келе «Іштен шыққан жау жаман» екендігін тілге тиек етті.

Тіпті, митингтер мен шерулерді өткізу мен ұйымдастыру жолындағы өзгерістерге қарамай, елде саяси мәдениеттің төмендігінен шерулерді даңғазалықпен шатастырушылардың да қаптап кеткенін айта келе, енді оларға жол бермейтіндігін, барлық сұрақтардың тек заң аясында шешілетіндігін және бұдан былай қоғамда мұндай бассыздыққа келешекте жол бермейтіндігін ескертті. Бірақ, уақыт пен кеңістікте болып жатқан халықаралық ахуал мен геосаяси жағдай Қазақстан халқына, әсіресе, билікке қол қусырып отыруға болмайтындығын көрсетті. Сол себептен де, саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық сала мен әкімшілік-территориялық өзгерістер жасау уақыт талабы деп атап өтті.

Президентіміздің осы жолғы Жолдауы, негізінен, тоғыз басымдықтан  құралды. Сірә, ол да бекер болмас, өйткені тоғыз саны – қазақ қоғамы үшін қасиет­ті сандардың бірі де бірегейі.

Әуелі, саяси реформаны Мемлекет басшысы елдегі жоғары билік – Президенттік биліктен бастады. Мемлекетіміздің дамуының алғашқы сатысында суперпрезиденттік басқару формасының қажеттіліктен туындағанын айта келе, Қасым-Жомарт Кемелұлы уақыт талабына сай бұл формадан бас тартатын кездің келгенін және де «мықты Президенттік басқару мен пәрменді парламенттік басқару» жүйесіне көшетінін жариялады. Керек болған жағдайда, негізгі заңға Президенттің жақын туыстарын жоғары мемлекеттік лауазымға тағайындауға заң жүзінде тыйым салу керектігін ерекше ескертті. Бұл үрдістің мемлекеттің тұрақтылығына және саяси шешімдерді қабылдау кезінде кері әсер беретінін саяси өмірдің өзі дәлелдеп бергенін  атап өтті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламенттегі болатын саяси өзгерістерге де нақты тоқталды. Сенаттың құрамын азайтуға және оның заңға ветто салу механизмдерін қайта қарауды тапсырды. Заң қабылдау барысында негізгі жұмыс Мәжілісте атқарылады, сондықтан оның жауапкершілігі де арта түсетіндігіне тоқталды.

Президентіміз сайлау жүйе­сіне де реформалардың қажет екендігін баса айтты. Келешекте болатын сайлаулар пропорционалды-мажоритарлық формада өтетінін, сонымен бірге сайлаудың аралас түрін қарастыруды тапсырды. Сайлаудың 70%-ы – пропорционалды, ал 30%-ы мажориторлық принципте өткізуді және сонымен бірге аралас сайлаудың артықшылығына тоқталды. Аралас сайлау кезінде саяси лидерлерді анықтау мүмкіндігі артатына мән берді. Сондай-ақ саяси партияларды құру жолындағы кедергілерді азайтуды тапсырды.

Президентіміз «төртінші билік өкілдері» «БАҚ құралдары» туралы заңға да өзгерістер мен толықтыру енгізу заман талабы деді. БАҚ саласының барынша ашық және шынайы болу керектігіне, бәсекелестікке қабілеттілігіне ерекше мән берді. Мына жаһандық заманда білімді де білікті ақпарат өкілдерінің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы билікті децентрализациялау мен дебюракратизациялау  мәселесіне де ерекше назар аударды. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруді, қаржылық жағынан қолдауды үкіметке тапсырды. Бұл өз кезегінде мықты аймақтардың қалыптасуына жол ашады деді. Парламентке Еуропалық өзін-өзі басқару хартиясын тезірек мақұлдау керектігін атап өтті.

Президентіміздің бюрократиялық кедергілерді жою туралы тапсырмасы өте орынды деп ойлаймыз. Мына мың құбылған заманда мәселені сиырқұйымшақтатпай, үш күнде тезірек шешуді, керек болса бір күнде шұғыл шешім қабылдау керектігіне тоқталды. Азық-түлік қауіпсіздігі үкіметтің назарында ылғи да болу керектігіне де мән берді. Сол үшін ауыл шаруашылық министрлігіне көктемгі егіс науқанында фермерлермен қоян-қолтық қызмет етуді тапсырды.

Мемлекеттік емес ұйымдардың да қоғам өміріне белсене араласуға, қоғамда қабылданып жатқан заңдарды талқылау барысында барынша белсенділік пен азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды.

Жолдаудың ең негізгі мәйегі – жаңадан әкімшілік-территориялардың құрылуы десек, еш қателеспейміз. Президентіміз бұған дейінгі болған оңтайландырулардың мән-жайын түсіндіре келе, халықтың сұрауы бойынша Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының ашылуы, Қапшағай қаласын Д.Қонаев болып өзгеруі бұқараның жүрегін жылытқан жағымды жаңалық болды. Бұл әкімшілік-территориялық өзгерісті қазақ елі көптен күткен ізгі іс деп бағалау керек.

Жолдаудың аяғында Мемлекет басшысы барша жұртты бірігіп, қасиетті Отанымызды, «Жаңа Қазақстанды» бірге дамытып гүлдендіруге шақырды. «Менің арманым – қазақ халқының бүгін бақытты өмір сүргені және халқымның бақыты жолында бар перзенттік парызымды ақырына дейін адал орындау» деп аяқтады.

Президентімізді қолдауға осы реформалар төңірегіне топтасуға шақыру менің азаматтық парызым деп білемін.

Зулфухар ҒАЙЫПОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры, саяси ғылымдары докторы:

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button