Басты ақпарат

Саз өнерінің саңлағы

Елорданың Сарыарқа ауданында қазақтың ұлы перзенті, атақты  күйші-композитор, дирижер, дәулес­кер күйші Нұрғиса Тілендиевтің атында даңғыл бар. Ол Баршын, Ұлытау, Қайнар, Сарыөзен, Көктал, Д.Бабатайұлы, Шұғыла, Атбасар, Ш.Бейсекова көшелерін қиып өтіп, Бөгенбай батыр даңғылында аяқталатын бұл даңғылдың ұзындығы – 15926,6 м.

[smartslider3 slider=2800]

Нұр-Сұлтан қаласындағы Көктал елді мекеніне баратын жолдың бойы бұған дейін Астрахан тас жолы деп аталып келгенін байырғы тұрғындар жақсы біледі. Бүгінде заман талабына сай қайта жөнделген кең жолақты даңғыл қазақ музыкалық мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан әйгілі күйші-сазгер, талантты дирижер Нұрғиса Тілендиевтің атымен аталады.

Ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көтеруге күш салған қайраткердің есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Дегенмен, Нұрғиса Атабайұлының мол мұрасын өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, кеңінен насихаттау мақсатында қазақ музыкасының дамуын бүтіндей бір ғасырға алға сүйрей білген бірегей тұлға туралы тағы бір рет қайталап жазудың артықтығы жоқ деп ойлаймын. Көпшілікке мәлім, Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев иісі қазаққа күйшілігімен ғана емес, керемет композиторлығымен әйгілі болған дирижер әрі күйші. Ол – Қазақ КСР-нің және КСРО-ның халық әртісі, ҚазАСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның «Халық қаһарманы».

Енді екі-үш жылда есік қағатын қайталанбас дарынның жүз жылдық мерейтойында осы даңғыл бойында еңселі ескерткіші бой көтерсе жарасар еді

1925 жылдың 1 сәуірінде Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылында дүниеге келген Нұрғиса домбыра тартуды бес жасында әкесінен үйренген екен. Әкесі Атабай домбырашы, халық әндерінің білгірі болса, шешесі Салиқа да өнерден құр алақан емес: ән айтып, сырнайда ойнаған сегіз қырлы, бір сырлы адам болған көрінеді. Осындай ерекше  отбасында тәрбиеленген баланың бойындағы талантты байқаған ұстазы Ахмет Жұбанов оны музыка мектебіне шақырады. Кейін Нұрғиса Атабайұлы Алматы мемлекеттік консерваториясында, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының дирижерлік факультетінде оқып, кәсіби білім алады. Консерваторияда білім алып жүрген кезінде Дина Нұрпейісовамен кездесіп, сол кісіден біраз күй үйренгені де бар. Оқудан соң Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері, Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестерінің бас дирижері, «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы лауазымдарын атқарған ол 1980 жылы Қазақ филармониясы жанынан «Отырар сазы» оркестрін ұйымдастырып, оркестрдің ең алғашқы көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болғаны да көпшілікке мәлім. Өнер ұжымының репертуарында «Кеңес», «Салкүрең», «Сарыөзен» сияқты халық күйлері, Тәттімбеттің «Қос басары», «Сарыжайлауы» мен «Сылқылдағы», Сүгірдің «Кер толғауы» мен «Бес жорғасы», Ықыластың «Ерден күйі» мен «Қамбар батыры», сондай-ақ сол кездегі танымал қазақ композиторларының шығармалары болды.

Нұрғисаның «Аққу» күйі «Қыз Жібек» фильмдеріндегі аққуларды «билеткенін» де біреу білсе, біреу білмес. Сценарий бойынша, Төлеген мен Жібек некесі қиылған соң, махаббат нышаны ретінде айдында жүзіп жүрген аққуларды көрсетеді. Алайда аққулар бір-біріне жақындамай қояды. Су астындағы сүңгуір мамандар аққуларды қосуға тырысып бақса да, екеуі екі жаққа жүзіп кетеді. Осы кезде фильм режиссері Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев ақылдасып, алдын ала таспаға жазылып алынған «Аққу» күйін қосады. Күйді естіген бойда екі аққу бір-біріне жақындап келіп, бастарын түйістіріп, ырғалып билей жөнеледі. Өнер құдыреті деген осы шығар!

«Ортеке» балет-поэмасының және «Менің Қазақстаным» кантатасының, «Достық жолымен» балетінің, «Алтын таулар» операсының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты увертюралардың, 400-ден астам ән-романстардың авторы бұдан бөлек, 50-ден астам драмалық спектакльге, 19 көркем фильмге («Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» т.б.), 17 мультфильмге («Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» т.б.), 14 деректі хроникалық фильмге музыка жазды. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да кең. Ішінде ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет бар. Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм, азаматтық  пафос пен динамикалық серпін – композитор шығармаларына тән қасиет.

Қазақ мультфильмдерінің атасы Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сияқты ертегі-аңыз желісімен жасалған жұмыстарына ән жазған, «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Қыз Жібек» сияқ­ты қазақ фильмдерін әуенмен әрлеген күйші-композитордың «Әлқисса», «Махамбет» күйлері мен «Құстар әні», «Куә бол», «Сарыжайлау» сияқты әндері күні бүгінге дейін халықтың жадында сайрап тұр.

71 жасында дүниеден озған дирижер, домбырашы 1998 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында жерленді. 2010 жылы композитордың 85 жылдық мерейтойына орай Талдықорғанда, 2011 жылы Алматы мен Тараз қалаларында Халық қаһарманы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрғиса Тілендиевке ескерткіш орнатылды және Алматы қаласындағы өзі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Енді екі-үш жылда есік қағатын қайталанбас дарынның жүз жылдық мерейтойында осы даңғыл бойында еңселі ескерткіші бой көтерсе жарасар еді.

Аты аңызға айналған саз саңлағы Нұрғиса Тілендиев атындағы даңғыл бойында елордада «Қамқор» техникалық қызмет көрсету орталығы, «Эталон» құрылыс базары, «Рахмет» сауда орталығы, «Дудар-ай» тойханасы, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жасөспірімдер мен балаларға арналған спорт мектебі және Сарыарқа ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button