Басты ақпаратМәселе

Schoolboy Runaway: жасөспірімдерге нені дәріптейді?

Балаңыз үйіңізден жиі қашып кете ме? Онда смартфонда қандай ойын ойнайтынына мән беру маңызды. Қазір жасөспірімдер арасында танымал ойынның бірі – Schoolboy Runaway. 2024 жылдың 16 маусымда IOS және Android платформаларында, 1 тамызда Windows жүйесінде іске қосылған мобильді ойын қолданушыларының саны күн сайын артып келеді. Оның айқын дәлелі, бірнеше айда GooglePlay сайтында жасырын ойынды 10 миллионнан астам рет жүктеп үлгерді. Сөйтіп, атақты Көк кит пен Қызыл дельфиннің орнын басты.

Schoolboy несімен тартымды?

Біз де Schoolboy Runaway жүктеп алып, ойынның мән-маңызын түсінуге тырыстық. Сюжеті қарапайым – мектепте нашар баға алған Андрей есімді оқушы үйден түрлі жолмен қашып кетеді. Әрине, үлгерімі төмен оқушыға ата-анасы не дейді, қалай қарайды? Сапалы білім ал дейтіні анық. Жүгінбесе, ұрысады, тіпті ұрады. Тығырыққа тірелген Андрейге досы Игорь хабарласып, серуендеуге шақырады. Алайда бос уақытын компьютерлік ойын ойнап, достарымен өткізуді қалайтын Андрейді ата-анасы геометрия оқулығын оқуды талап етіп, бөлмесіне қамап қояды. Үйқамақтағы бала үлгерімін жақсартудың орнына қашып кетуге бел байлайды. Осы сәтте ойын басталады. Алдымен ойыншы әртүрлі жұмбақты шешуі міндет. Мысалы, ойыншы жабық есіктердің кілтін іздейді. Үйден қашу оңай емес, ұқыптылық пен сақтық керек, назарға ілікпей, жасырын қашу маңызды. Ойыншы үш рет ұсталса, ойын аяқталып, қайтадан басынан бастауға тура келеді.

Ойнаушылар кейіпкердің үйін аралап, ата-анасының кешкі ас дайындап жатқанын бақылай алады. Үйден қашудың 4-5 әдісін орындап болғаннан кейін, көлге батып кету тапсырылады.

Балалар психологы Айзат Ибрагимованың айтуынша, «Schoolboy Runaway» ойыны өзінің сюжеті мен сапалы анимациясымен жасөспірімдерді тартады. YouTube пен TikTok-тағы жарнамасы балаларды еріксіз ойынға әкеледі. Ойынның шығу уақыты кездейсоқ маусым айы таңдалмады. Өйткені оқушылар жазғы демалысқа шығып, онлайн ойындарға көп уақыт бөледі. «Мектептен қашып кету» сюжетінде ата-ана зұлым кейіпкер ретінде көрсетсе, бала жазадан құтылуға тырысатын – басты кейіпкер.

Schoolboy Runaway ойынының негізін Антон Шулигин қалады. Ресейдің Адыгея Рес­публикасында компьютерлік ойынды шығарумен айналысатын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті.

Әлеуметтік желінің белсендісі, ұстаз Қожакелді Аманкелдіұлы:

– Видеоойын шығаратын компаниялар адам мінез-құлқына әсер ететін психологиялық принципке негіздейді. Екіншіден, ойынның күрделілігі және табысқа жетуге керекті алғышарт ұсынады. Кейбір ойындар бір қолданушыға арналса, тағы бірі – көпшілік үшін құрылып, онда кейіпкердің дене қимылы, дауысы немесе басқа да құралдар арқылы қарым-қатынас орнатады. Көп қолданушыға арналған онлайн-рөл беріледі. Осындай тәсілдермен баланы қызықтырып, өзіне тәуелді етеді, – деп онлайн ойындарды адамдарды қалай қызықтырып, тартатынын түсіндірді.

Бала психологиясына қалай әсер етеді?

Онлайн ойындарда тапсырманың күрделілігін біртіндеп арттыру арқылы қауіп сезімін әлсіретіп, жасөспірімді отбасы мен достарынан оқшаулатып, смартфонда немесе компьютерде ұзақ уақыт отыруға себепкер болады. Нәтижесінде ойынға эмоционалды тұрғыда тәуелді болып, онлайн топтағы мәртебесін жоғалтудан қорқады. Ақыр аяғында күрделі тапсырмалар «қалыпты» деп қабылданып, өлімге әкелетін әрекеттерді орындауы әбден мүмкін. Мұндай ойындар баланың эмоционалды жағдайына және әлеуметтік мінез-құлқына әсер етуі әркелкі. Егер отбасында рухани тұрғыда сенімді қарым-қатынас болса, онда баланың әлеуметтік мінез-құлқына айтарлықтай әсер етпейді.

– Егер отбасында эмоционалды және физикалық зорлық-зомбылық бар болса, онда Schoolboy Runaway ойыны ата-анаға қарсы тұратын құрал ретінде қызмет етеді. Яғни бала ойынның кейіпкері ретінде сезіне бастайды. Әсіресе, өз-өзіне сенімділігі төмен балалар ойындағы кейіпкерлердің мінез-құлқын жақын қабылдайды. Адамдардың назарын өзіне аударуды ұнататын және ерекшеленуге ұмтылатын жасөспірімдер ойыннан шабыттанады. Жазалау қорқынышы баланың психикалық денсаулығына теріс әсер етеді, – деп түсіндірді Айзат Ибрагимова.

Цифрлы дәуірде смартфон
балалардың ажырамас бөлшегіне айналып, «суицидтік» онлайн ойындар қауіпті радикализмге айналды. Атақты Көк кит пен Қызыл дельфинді, сондай-ақ Schoolboy Runaway тағы басқасының танымалдылығы артып, мыңдаған адамды өзіне байлап үлгерді. Мәселен, Steam онлайн ойындар платформасында 33,6 миллион адам ойын ойнайды екен. 2024 жылы әлем бойынша видеоойындар ойнаған адамдар саны 3,32 миллиардқа жетті. Schoolboy суицидтік тәуекелі бар ойындар сынды радикалды мазмұнға ие емес, бірақ ата-­аналарды жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетіп, балаларды үйден қашуға талпындырып, отбасылық құндылықты нашарлатады. Bully, Postal, Mortal Kombat, Grand Theft Auto және тағы басқа ойындары әлемнің көптеген елдерінде шектеу қойылды.

Астана қаласы психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары Марал Ибрагим:

– Телефонның бала психикасына, оның ағзасына зияны көп. АҚШ-та жүргізген сауалнама нәтижесінде америкалық жасөспірімдердің 54 пайызы өзін смартфонсыз өмір сүре алмайтынын мойындапты. 2010 жылдары Ұлыбритания мен АҚШ-та өзіне көңілі толмайтын жастардың саны күрт көбейді. Канадалық ғалымдар смартфондар мен әлеуметтік желіні көп пайдалану жастар арасында психикалық ауытқудың, аутодеструктивті мінез-құлық пен суицидтік әрекеттің көбеюіне әкеледі деп мәлімдеді. Сондай-ақ гаджеттер адамның ойлау жүйесіне, есіне сақтау қабілетіне кері әсер етеді. Көп жағдайда сабақ кезінде оқушы смартфонды керекті ақпарат іздеуге пайдаланады. Үнемі смартфоннан көз алмайтын бала айналасында не болып жатқанын аңғармай, ашушаң, тез ренжігіш болып, өзіне деген сенімділігі азаяды. Цифрланған қоғамда смартфонның рөлі артып, адамның негізгі құралына айналды. Сол себепті балаларға смартфонды тиімді қолданып, ондағы ақпаратты саралауды үйрету маңызды, – деді.

Ойыннан от шықпау үшін…

Виртуалды әлемге қызығу­шылық танытудың жағымсыз салдары көп. Соның бірі – ойыннан от шығып, балалар өз-өзіне қол салуы мүмкін. 16 қыркүйекте Алматыда екі қыз көпқабатты үйден құлап, мерт болды. Оқушы қыздарды қайғылы жағдайға итермелеген «ойындар» деген болжам бар. Жасөспірімдерді ойынға тарту механизмі смартфон немесе Telegram-дағы ойын қосымшасы арқылы жүзеге асып, оларға тапсырма берген кураторы болды деген ақпарат шықты. Мұның рас-өтірігін құзырлы органдар анықтайды.

Қайғылы жағдайды болдыр­мау үшін ата-ана баласымен сенімді қарым-қатынас орнатып, қызығушылығын біліп, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай қалыптастыруы маңызды.

– Тыйым салу мәселені шеш­пейді. Бала керісінше, өзінің сүйік­ті ойындарына қол жеткізудің басқа жолдарын іздейтін болады. Бастысы, ата-ана мен баланың арасындағы сенімді қарым-қатынас орнату маңызды. Үнемі фильмдерді, кітаптарды және ойындарды талқылап, қателескен жағдайда, рухани демеп, ақыл-кеңес айтып, сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсету керек. Сонда бала кез келген жағдайда өзіне сенімді болып, қорықпай шешім қабылдап, онлайн ойындардың тұзағына түспейді, – деп түсіндірді психолог.

ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ КЕРЕК

Телефонда «ата-ана бақылауы» деген функциясы бар. Осыны іске қосып, баланың телефонын бақылап, қандай ойын ойнайтынын қадағалағаны дұрыс. Үкімет те балаларды онлайн ойындардан сақтандырып, киберқауіпсіздік мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән беруі қажет. Ішкі істер министрілігі Сыртқы коммуникациялар басқармасының бас сарапшысы Гүлжан Бекенова:

– Қазан айында министрлікте Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Мәдениет және ақпарат министрлігімен тығыз жұмыс атқарып, департамент өзінің құзыретінде жұмысты жандандырды. Жыл басынан бері интернет желісінде мониторинг жүргізіліп, суицидке итермелейтін 81 интернет-
ресурс анықталып, ақпараттық қауіпсіздіке жауапты министрлікке бұғаттау туралы өтініш жіберілді, – деді.

Білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, оқу кезінде ұялы телефон ұстауға шектеу қойылды. Бірақ қоңырау кезінде оқушылар телефон пайдаланып, ата-анасымен сөйлесе алады. Астанада «смартфонсыз мектеп» жобасы іске қосылды.

Астана қаласы Психология­лық қолдау орталығы басшысының орынбасары Марал Ибрагим:

– Смартфонсыз мектеп жобасы оқушылардың өз біліміне жүгінуіне, еске сақтау қабілетін арттырып, өзара комуникацияны жақсартады. Құпия емес, бүгінгі балалар өзара тіл табыса алмайды. Олар смартфонға ұзақ уақыт үңілгендіктен, қатарластарымен сөйлесу қажеттілігі жок. Ал смартфонсыз уақыт өткізетін болса, олар бір-бірімен тілдесіп, рухани дос табатын еді, – деді.

Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспанның сөзінше, жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында «Жеке қауіпсіздік» сабағы енді. Онлайн кеңістікте баланың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың арасында кеңестер өтті. Сондай-ақ балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданып, «буллинг» ұғымы қолданысқа енгізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда жариялаған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» жалпыұлттық құндылығына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама ұлттық құндылық негізінде оқыту, рухани-адамгершілік және азаматтық жауапкершілік, патриотизм қасиетіне бағдарланды.

Электронды ойындардың қауіп-қатерін бағалаған елдер заңмен шектеу қойды. Бұл қатарға АҚШ, Аргентина, Австралия, Бельгия, Бразилия, Қытай, Германия, Грекия, Индонезия, Иран, Италия, Жапония, Малайзия, Мексика, Жаңа Зеландия, Ресей, Сауд Арабиясы, Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания және Өзбекстанды жатқызуға болады.

P.S: Қауіпті онлайн ойындардың тартымдылығы – жасөспірімдердің психологиялық, әлеуметтік, технологиялық аспектісін ескеріп, наразылығын білдіретін, қиялындағы ортасын құруға мүмкіндік береді. Алдын алудың бір ғана жолы бар – ата-аналар баласына қауіпсіз цифрлық орта құруға мән беру керек. Мамандардың ортақ пікірі осыған саяды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button