Қоғам

«SDG IMPACT REPORT 2024» жария есебі таныстырылды

Бүгін Астанада БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында жұмысын бастаған Акселератордың «SDG IMPACT REPORT 2024» жария есебі көпшілікке таныстырылды. Бұл – Сенаттың Жобалық кеңсесі, Maqsut Narikbayev University және Ақмола облысы әкімдігінің бірлескен бастамасы. Жоба аясында заңнаманы жетілдіру және өңірлерді орнықты дамыту жөніндегі практикалық шешімдер мен ұсыныстар топтамасы қарастырылды. Сараптамалық зерттеулерді талқылауға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы өкілдіктерінің басшылары және зерттеу институттарының сарапшылары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Сенаттың Қоғамдық Жобалық кеңсесі мен Maqsut Narikbayev University бірлесіп іске асырған Акселератор бірегей бастама екенін және ол елдің орнықты дамуына қатысты жаңа идеялар мен нақты ұсыныстар әзірлеуді көздейтінін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарға Мемлекет басшысы да баса мән беріп отыр.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шілденің аяғында Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті. Аталған құжатта айқындалған тәсілдер негізінен ұлттық және өңірлік деңгейде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетуге арналған. Бұл ретте Акселератор Орнықты даму мақсаттарына түрлі бағытта қол жеткізудің тиімді тетігі екенін атап өткен жөн», – деді Палата Спикері

Көпшілікке таныстырылған «SDG IMPACT REPORT 2024» жария есебі Акселератордың 100 күнге жалғасқан жұмысының нақты нәтижесі. Есепте заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар және Ақмола облысында іске асырылған пилоттық жобалар мен бастамалар жөнінде жобалық құжаттама қамтылған.

«Акселератордың жетістігі, ең алдымен, сенаторлардың ментор ретінде қызмет етуі. Бұл жобаның бірегейлігі – біз мемлекеттік секторларды, үкіметтік емес ұйымдарды, квазимемлекеттік секторларды, ғалымдарды, халықаралық ұйымдарды, БАҚ және басқа да сарапшыларды  біріктіре алдық», – деп атап өтті MIND жетекшісі Альтаир Ахметов.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, Ақмола облысының басшылығы, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Парламент депутаттары және тағы басқа сарапшылар қатысты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button