Мәдениет

Сейдолланың сырлы саздары

Астанада жыл сайын қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосып, мәдениетімізді байытқан композиторлардың шығармашылығына арнап концерт өткізу қалыптасқан дәстүрге айналды. Қала күні мерекесінің аясында Астана әкімдігінің қолдауымен бірнеше жылдар көлемінде ұйымдастырылып келе жатқан кештерде отандық музыка майталмандарының есімдері ескеріліп, аттары асқақтауда.

image-14-06-16-03-48-4

КОМПОЗИТОРЛАР КЕШІ ЖАЛҒАСАДЫ
Бұрнағы жылы қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туындыларынан түзілген «Әнім сен едің» концерті ұйым­­дастырылды. Былтыр әмбе­бап композитор Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына орай «Жүрегім менің» кеші өтті. Ал биыл Конгресс-холда өткен ғасырда рухты әндерімен қатар небір ғажап лирикалық туындыларды тудырған Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Сейдолла Бәйтерековтің шы­ғармашылығына арналған «Жан досым» концерті өтеді.

«ӘЛИЯ» ҚҰДІРЕТТІ ӘН
Сейдолла Бәйтерековтің есімі аталғанда, көпшілік оның атақты «Әлия» әнін шырқай жөнелетінін көріп жүрміз. 1977 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» фестивалінде Роза Рымбаеваның бағын жандырған бұл туынды арада қырық жылға жуық уақыт өтсе де, өз биігінен түспей келеді. Бүгінгі заманда да осы ән айтылған кезде талай адамның жүрегі тебіренеді. Әсіресе, Ұлы Жеңіс күні мерекесі кезінде аталмыш шығарма еліміздің әр түкпірінде орындалады деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Композитордың өзі сол жеңісті жылдың перзенті екенін айта кетейік.
Сейдолла Бәйтерековтің жалпақ жұртқа танылуына, Роза Рымбаеваның өнер көгіне сам­ғауына жол ашқан әннің жазылу тарихын композитордың өзі көзі тірісінде айтып кеткен екен. Сонда бір күрделі әуен жанын баурағанын, оны ұзақ толғатып, бастапқыда ыңылдап қана жүргенін, ақын Бәкір Тәжі­баевтың жыр жинағы қолына түскен соң батыр қызға арналған өлеңге ерекше назары ауып, өзі шығарған әуенге салғанда құйып қойғандай дәл келгені айтылған. Бұл ән арнау емес, жоқтау еке­ніне, қаршадай қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру мақсатында жазылғанына да композитор назар аударған.
Композитордың ойға алған мақсатын Роза Рымбаева ар­ты­­ғымен орындады. Халық­аралық байқауда айтып, Әлия Молдағұлованың да, өзінің де атын асқақтатты. Сол жолы бұл ән алып Одақтағы ең үздік жыл әндерінің бірі болып танылып, Мәскеудегі «Песня года» фестивалінде де шырқалды.

ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев: «Қара шаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Тастама отыңды Прометей» спектаклі қойылып, Сейдолла Бәйтереков оның музыкасын жазды. Шығармада бас кейіпкер Прометейдің айтатын әні болатын. Ол ән менің дауысымен жазылды. Спектакльдің премьерасы өткеннен кейін композитор спектакльдегі әндерді екі дауысқа жазып шығып, Роза Рымбаева екеуімізге ұсынды. Біз оны күйтабаққа жаздық. Сол уақытта Сейдолла Бәйтерековтің жеке күйтабағы шығайын деп отырған. Сол әндердің арасында «Ақ тілек» те болды. Бұл әнді спектакльде актриса Бақыт Аитова екеуіміз орындап, тұсауын кестік.

ҚУАНЫШТАН ТУҒАН «КІШКЕНТАЙ»
Жалпы алғанда Сейдолла Бәй­тереков әндермен қатар сим­фониялық оркестрге, хорға, кино­фильмдерге, драмалық қойы­лымдарға арнап туындыларын жазды. Әсіресе, оның «Кішкентай» аталатын компо­зициясы сазсырнай үнімен құл­пырады. Осы шығарманы талай оркестрлердің репертуарынан естіп жүрміз. Тыңдаған адамның жүрегін жадырататын, арылмас әсерге бөлейтін ком­позицияны композитор әке атанғанда шы­ғарған деген сөз бар.
Сөз реті келгенде оның артында Санжар мен Данияр есімді екі ұлы қалғанын айта кетейік. П.Чайковский атындағы Мәс­кеу мемлекеттік консерваториясында білім алған Санжар Бәйтереков әке жолын қуып, талантты композитор ретінде танылды. Сөзі реті келгенде оның артында Санжар мен Данияр атты екі ұлы қалғанын айта кетейік.
П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында білім алған Санжар Бәйтереков әке жолын қуып, талантты композитор ретінде танылды.

«ТҮРКІСТАНДЫ» «САРЫАРҚА» ТУДЫРДЫ
Сейдолла Бәйтерековтің шы­ғармашылығын сөз еткенде, композитордың «Сарыарқа» және «Түркістан» аталатын отаншылдық рухтағы сазды әндері туралы айтпай кетуге болмас. Көпшілікке танымал әнші Бағдат Сәмединова арқылы жеткен алғашқы туындыны композитор белгілі ақын Шөмішбай Сариев­пен бірлестікте жазды. Тағы бір арқалы ақын Серік Тұр­ғынбекұлы сонда: «Сейдолла, Шөмішбай екеуің де оңтүстік өңірде туғансындар. Сарыарқа туралы мынадай ғажап әнді қалай жазып жүр­сіңдер?» деп сұрақ қойғаны да бар. Серік ақын бұған дейін тағы бір көрнекті композитор Әсет Бейсеуовпен бірге ән жазып жүрген еді. Ақынның бұл сөзін композитордың талантын қапысыз мойындауы деп қабылдауға болады. Бұдан кейін Сейдолла Бәйтереков ақынға бірге ән жазуға қолқа салады. «Түркістан» әні осылайша дүниеге келеді. Яғни, «Түр­кіс­танды» «Сарыарқа» тудырды деп сеніммен айта аламыз.

МӘҢГІЛІК МҰРА
Композитордың лирикалық әндері туралы айтқанда, «Ақ тілек», «Жаңбырлы түн», «Күнге табыну», «Жан досым», «Күндер мен жылдар», «Бір болайық» туын­ды­лары сазы да, назы да бір бөлек әндер. Әсіресе, кезінде Ермек Серкебаевтың репертуарынан берік орын алған «Дос туралы жыр» әні – кіршіксіз, адал достыққа қойылған ес­керткіш іспеттес шығарма. Кейіннен бұл әнді «Жігіттер» тобы репертуарына қосты. Ал, «Ақ тілек» әні осы күнгі жас ұрпақтың да жүрек қылын шертіп келеді. Бұл әнді Тоқтар Сері­ков пен Бейбіт Сейду­әлие­ва­ның дуэті тамаша жаңғыртты.
Қазір аталмыш туындыны жас әнші Әли Оқапов­тың орындауында естіп қалып жүрміз. «Бір болайық» әніне түсірілген бейнеклиппен бірнеше жыл бұрын жас әнші Сәлия Темір­әлиеваның жарқ еткені бар. Аталмыш мысалдар жақсы шы­ғарманың өлмейтінін, қанша уақыт өтсе де ескір­мейтінін, ұрпаққа мәңгілік мұра болып қала беретінін көрсетеді.
Астанада өтетін кеште ком­позитордың осындай өлмес туындылары шырқалады. Аға, орта және жас буын әншілердің басын қосатын концертке Роза Рымбаева, Бағдат Сәме­динова, «Жетіген» тобы, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Сүндет Байғожин, Әли Оқапов, Әйгерім Қалаубаева, Серік Ибрагимов, «Видмен» тобы, сондай-ақ, «Лүпіл» дуэті қаты­сады. Әншілер сахна төрінде эстра­далық-симфониялық оркестрдің, хордың, балалар ансамблінің және қалалық би ұжымдарының сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button