Әлеумет

СЕЛФИДЕН ДЕ СЕСКЕНУ КЕРЕК

Өз-өзіңді құрбандыққа байлау соңғы уақыттағы сәннің ең сорақы көрінісіне айналды. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Астанадағы көпірдің үстіне шығып, селфи жасамақшы болған жасөспірімдердің әрекетінен соң жағамызды ұстадық. Бұрын тек шетелдегі мысалдарды ғана еститін едік қой. Енді біздің балалар да осы трендтің тырнағына ілігіпті.

20150112161651_1718_IMG_3242.JPG_160682

Қабанбай батыр даңғылы бойындағы көпірге өрмелеп, төмендегі кісілерге қол бұлғап тұрған үш жеткіншекті Ішкі істер департаментінің қызметкерлері тез арада құтқарды. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары полицияға шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлгі сабаздарыңның сондағы айтқаны – «Мықты селфи түсіргіміз келген». Күлесің бе, жылайсың ба?!
Жазым – аяқ астында. Қайғыны ешкім тілеп алмайды. Санкт-Петербург қаласының сүйкімді бойжеткені Ксения Игнатьева да ажалының себепкері селфи боларын сезбеген шығар. Питердің көрікті жерлерін суретке түсіріп, ғаламторға жариялауға әбден әуестенген ару достарын таңғалдыру үшін биік көпірдің жақтауына мініп, құс қанатты селфи жасамақшы болғанда, аяғы тайып кеткен. Төмен құлдилап бара жатып жалаңаш қолымен электр желісіне жармасқан қызды қуаты күшті тоқ аяған жоқ.
Жан түршіктірер оқиғалардың бірі былтыр Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы теміржол бойында болды. Үш студент жақындап келе жатқан пойызбен бірге суретке түскілері келген. Фотоның сәтті шығуы үшін барын салған жігіттер пойыздың жақындағанын байқамай қалған. Сөйтіп, Дели қаласынан Аграға қарай жол тартып, Тәж-Махал кесенесіне бар­ғы­сы келген үш дос қыршынынан қиылды.
Түркиядағы селфишіл жастардың ессіз әрекеті де орны толмас өкінішпен аяқталған. Аланиядан Анталияға демалуға келген бес жігіт үйге қайтар жолда асфальт үстіне жатып, селфиге түспек болады. Ал жүйткіп келе жатқан жүк көлігі оларды көрмей, екеуін басып кетіпті. Қалған үшеуі ажал аузынан әзер құтылған. Қайтыс болған жігіттердің бірі он жетіде, екіншісі он тоғызда.
«Сақтансаң, сақтаймын» демей ме мұндайда қазақ?!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button