Жаңалықтар

СЕМБИНДI САҒЫНҒАНДА

(эссе)

Қазіргі қазақ журналистикасының қабырғалы өкілі, Президент сыйлығының лауреаты, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбайдың жақында «Ұлтты сүю» атты кітабы жарық көргелі жатыр. Автор бұл еңбегінде халқымыздың тұлпар мініп, ту ұстаған бірқатар тұлғалары туралы тұшымды ой толғайды. Қадірлі қаламдасымызға құтты болсын айта отырып, сол сүбелі жинаққа енген бір эссесін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.


Ол сахнаға жарқ етiп шыға келгенде бiр шетте жұлдыз жанғандай болатын. Әндi аяқтай бере театр iшi айқайға тұнып кетедi. Өңкей бiр өнер сүйген жүректер жарыла жаздап, бұны сахнадан жiбергiсi келмейтiн. Ол көп күттiрмей ырғала басып қайта шығады. Сұңғақ, сұлу, сымдай тартылған, тәкаппар, паң. Алып-ұшпайды. Осынша қошеметтiң бәрiн қалай көтерiп жүр? Жер ойылып кететiндей әр жер-әр жерден маңғаз басады. Сәл ғана иiледi. Болмашы ғана езу тартады. Аса бiр сүйсiнгенде сұлу бетiнiң екi ұшына қызғылт сәуле ой­нап шыға келедi. Ал, аса риза кейiпке енгенде екi бетiнiң алабұртқан ұшы тереңдеп, жүрегiңдi жұлқып кетердей әдемi бiр иiрiм, үйлесiм пайда болады. Бiр мезет осынау қайталанбас сәттiң тұтқынына айналған жұртшылық жүрегi тоқтап қалғандай, тiлiн жұтып қойғандай үнсiздiк орнайды. Осы­нау сұлу сәттi әркiм көңiл түкпiрiне қондырып алғысы келгендей iштей тынады, iштей сүйсiнедi. Одан әрi әншi тек өзiне ғана тән, сүйекке сiңген сырбаздықпен, жасампаз жаратылы­сымен жарқ етiп, екi аяғын екi жаққа сәл алшақ тастап, ұшатын қырандай екi иығын қомдап, кеуде тұсы көрiктей көтерiлiп, бiрде екпiнi үй жығардай, ендi бiрде иығында иiнағаш майысып судан қайтқан келiншектiң шолпысындай сылдыр қағып, ендi бiрде даланың жiбек желiндей желпiндiрiп, тал бойыңнан кiр-қоқысты өзiмен бiрге әлдебiр жаққа қанкөбелек ойнатып ағызып бара жатқан таудың таза, тентек бұлағының сыңғырындай даусымен ел бiткендi тiлсiз байлап-матап тастайды. Дүние нұрланып бара жатады. Әр ән, әр ария, әр партия осылай аяқталады. Тағы да айқай, тағы да тамсану, тағы да таңқалу, мақтау, мадақтау, сахнаға ағылған жұрт, ду қол шапалақ. Гүлге оранған сәт…

– “Қарғашты” айт…

– “Ақбақай”, “Ақбақайды” аңырат… Үйбай-ау, “Шапибай-ау” ше? “Бурыл­тай” қалып қойды ғой.

Кешегi патша көңiл көрермен бүгiнде қазақ опера өнерiнде санаулы жыл­дар ғұмыр кешiп, рухани жағалаудан жабырқау күйде алыстап, тағдыр соқпағы жарқабаққа келiп тiрелген Аманкелдi Сембиннiң әр концертiн шамамен осылай елестететiн болар.

* * *

“Әу” демейтiн қазақ жоқ, бiр шумақ өлең жазбайтын қазақ жоқ, бiз деген ба­тыржанды, ақынжанды халықпыз ғой…”

Осы iспеттi арман-аңсарды, биiк көңiл-күйдi, тiптi, сол халықтың бол­мысын айқын танытатын асқақ сөздердi бiз жиi естимiз. Әрi өзiмiз жиi ай­тамыз. Ал ендi, сәттiк көңiл-күйдi бейнелейтiн осы сөздi тура, шын мағынасында қолдансақ, талайлардың сабасына түсетiнiн, таланттың, бiртуар дарынның алдына келгенде атынан түсiп жол берiп, бәсеңси қалатынына және куәгермiз. Сөйтiп, басыңды көп қатыртпай, халық өзi еңбекқор мен таланттың аражiгiн айырып бере қояды.

Рас, қазақ талантқа кенде емес. Да­ласы да, қаласы да талантсыз емес. Десек те, әр талант өмiрде әрқалай iз қалдырады. Кейбiреулер өзi та­лантты бола тұра, адам ретiнде де талантты. Тәңiрi берген таланттың қадiрiн де сезiне бiлген. Өкiнiшке орай, таланттың бәрi де сол адами өмiрiн аялай бiлмеген. Өмiр деген көк мұхиттың толқынында ескексiз қалған. Талантты адамның маңдайына әу баста тағдыр деген ұғым да қоса жазылады десек, сол тағдырдың бұйрығымен өмiрден бiреу ерте, бiреу кеш жылжи­ды. Сондай аса тағдырлы, аса сирек кездесетiн, аса талантты адамның бiрi де бiрегейi – әншi Аманкелдi Сембин едi. Әрине, қазiр Сембиндi сонша бiр сүйiспеншiлiкпен iздеп жатқан ешкiм жоқ. Бiрақ бiр нәрсе анық: бiз бұдан былай Сембиндi сағынған сайын шын өнердiң, саф өнердiң, шын таланттың бағасын да терең бiле түсетiн боламыз.

“Кезiнде сондай бiр әншi болған, сондай бiр жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүрiп өшiргенбiз”.

Қай кезде де, қай мәселеде де ақырып теңдiк сұрайтын Шерхан Мұртаза айтқан кезiндегi осы бiр ауыз сөз дәл қазiр де сол салмағын түсiрмей, былайғы айтар ойымызға бастау болғалы тұр.

“Алматы ақшамы” әншi дүниеден өткеннен берi едәуiр материал­дар жариялады. “Сембиннiң соңғы сұхбаты” жарияланғанда редакцияға телефон шалушылар, хат жазушы­лар легi көбейдi. Бiз сол пiкiрлердiң бiрсыпырасын жарияладық та. Пре­зидент Аппараты Басшысының орын­басары – Президенттiң Баспасөз хат­шысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң осы бiр жарияланымдарға оқырман ретiнде айрықша көзқарас бiлдiрiп, бiрнеше ұсыныс айтқанынан да жұртшылық хабардар. Хабардар дейтiн себебiм, тiптi, осы мақаланы жазуға да сол азамат себепкер болып отыр. Осыған дейiн Сембин жөнiнде жеткiлiктi айттық қой, ендi қалғаны тиiстi орындардың мiндетi деумен ғана шектелемiз ғой десем, онымыз бекер екен. Әсiлi, Сембиндi тану, бағалау ендi басталатын тәрiздi. Сембиндi аға ұрпақ өкiлi бiлгенiмен, орта буын аздап шырамытқанымен, бүгiнгi ұрпақ мүлдем бiлмейтiнге ұқсайды. Бүгiнгi ұрпақтың кейбiр өкiлдерi теледидарда, баспасөз бетiнде тектi өнердiң төркiнiн тереңнен iздеп, парасатты әңгiме айтуға емес, кей жағдайда бiр-бiрiн ғана дәрiптеуге, мадақтауға құмар, мәселенiң бетiн ғана қалқып айтуға, жеңiл сөйлеуге, жеңiл ойлауға құмар. Ал, баспасөздiң ең алдымен шын мәнiндегi қай саладағы болмасын бекзат талантқа қызмет етуi қажеттiгiн ойлай бермейтiнiмiз де рас.

Таяуда Алматының шетiндегi бiр шағын мейрамхана­да Аманкелдi Сембиннiң дүниеден өтуiне бiр жыл толуына орай ас берiлдi. Iшi-бауырыңды елжiретер бiр жылы ағыс, нұрлы дауыс – Сембиннiң күмiс теноры бәрiмiздi баурап алды. Асқа жүз қаралы кiсi жиналды. Көңiл тағы да қоңылтақсып тұрды. Әрине, кейбiрiмiзге қысқа күннiң күйбең тiршiлiгi мойын бұрғызбаған болар, дер кезiнде хабар берiлмеген шығар, түрлi сылтау табуға болар. Бiрақ… Әншiнiң дүниеден өткенiнен кезiнде хабарсыз қалған жұрттың ендiгi өтер шараларға да құлағы түрiк жүруi керек едi ғой. Осындайда басқа жұрттың белсендiлiгi есiңе түседi. Мәселен “Ком­сомольская правда” газетi бiр талантты азаматтың ауруханада жатқанынан бастап күнделiк жүргiзiп жаза бастайды. Ал, басқа өркениеттi елдер таланты түшкiре қалса, талып қала жаздап жа­рияланым бередi. Осы бiздiкi неғылған алаңсыздық, қамсыздық?! Осылай кете берсек, бүгiнгi, келер ұрпақ таланттың, талантты адамның қадiрiн қайдан бiлсiн?!

Сембиндi сағынған сайын ол жөнiндегi әңгiмелер де түрлi жағдайда өрiледi. Бiр әдемi жылы ағыстар ағыны сiздi иiрiмiне тартып бара жатады.

Әрине, кейбiреулер тарапынан “өз қадiрiн өзi бiлмеген адам үшiн өзгелердi неге кiнәлай беремiз?” деген ой айтылуы да заңды. Дұрыс. Пiкiрдi қабылдау керек, пiкiрдi құрметтеу керек. Бiрақ таразының екi жағы, себепсiз салдар болмайтыны және бар емес пе? Сондықтан, екiұшты айтылған пiкiрге орай терең, парасат­ты жауап та қайтарылуы керек. Кiсi өз қадiрiн өзi бiлмеушi ме едi, бiлгенде қандай? Оның үстiне ол жай кiсi емес, талантты болса ше? Ал, талантты кiсiге әрiсiн айтпағанда, Абайлар, Ақаңдар заманынан берi қарай қай қоғамда да өмiр сүру оңай болмаған. АҚШ-та талантқа қысым жасаған мемлекеттiк шенеунiктердi уысында ұстайтын Мемлекеттiк этика жөнiндегi бас басқарма бар екен. Сол басқарма аса талантты жаралған адамдардың әдетте мынау қарапайым өмiрге бейiмсiздiгiн, тiптi, тәкаппарлығын, менмендiгiн (пенде ғой) ескерiп, сол талантты адамдармен жүйелi түрде жұмыс iстейдi екен. Бiзде бiреудiң бiреуге басы ауырмайтын кезiмiзде өзге ел­дерде таланттарын сырт көзден, “ит-құстан”, жаман пиғылды адамдардан осылай қорғаштаған екен. Бiз талантты адам мен қабiлеттi, iскер адамның аражiгiн айыра бiлiп жүрмiз бе? Қабiлет таланттың бiр атрибуты ғана. Демек, та­лантты кiм, талантсыз кiм? Оны кiмдер анықтайды? Демек, бiзде талантты адамдарды қорғайтын, iрiктеп отыра­тын мемлекеттiк қамқорлықтағы бiр iзгiлiк институты, басқармасы керек-ақ. Себебi, адам, оның iшiнде талантты адам – қоғамның, мемлекеттiң ең басты байлығы. Тағы да бiр тұстан “мүмкiн талантты адамдарды ендi бесiкке бөлеу қажет шығар” деген бөстекi ой да қылтиуы мүмкiн. Бұл сөздiң де жаны бар, рас, талантты адам бала секiлдi болады. “Балалық пен даналықтың арасы бiр-ақ қадам” демеп пе едi бiр данышпан.

Италияның Милан қаласындағы атақты “Ла Скалада” Сембиннiң тұсында 200-дей кеңес әншiсi тәжiрибеден өттi. Мәселен М.Магомаев, Т.Синявская (Магомаевтың әйелi), М.Биешу, Б.Мыңжылқиев және басқалар. Мыңғыртып жылқы айдаған, дәулескер күйшi болған жылқышы Нақыптың баласы атақты ақын Жақсылық Сәтiбековтiң жетелеуiмен Жамбылдағы Мәдени-ағарту училищесiне келiп түскеннен бастап ау­ылдан алыстап, Мәскеу, одан соң ит арқасы қияндағы Италияға кетiп, еуропалық бекзат тәрбиемен буыны қатаяды. Қазақтың “Мәскеу көрген”, “Ташкен көрген” деуi тегiн дейсiз бе? Өзгелерден бұрын өзгеше бiлiм алды, үлкен астаудан ас iшiп, судың тұнығын, тамақтың тазасын жедi. Итальяндықтар өзгелерге банкеттерде ән салдырғанда бұған ән салуға тыйым салады екен. Себебi, бұның аса сирек кездесетiн дауысын бағалағандық едi. “Ах, этот серебрянный тенор” деп орыстардың тамсанатыны да осы тұс. Мiне, Еуропаның кiндiгiнде әр күнi, әр сағаты осылайша көзден таса болмай ерекше қамқорлықта жүрген адамның қазақи iштар бәсекеге өзiмсiнiп қарап, бой үйрете алмай қалуы да заңдылық едi ғой.

Дүниенi шарлап, тамсанды­рып келген Сембин отандық сахнада небәрi сегiз жыл ғана тер төктi. Итальян операларын сағаттап жатқа айтатыны өз алдына, “Қыз Жiбектегi” Төлеген, “Бiржан – Сарадағы” Бiржандар қандай бiрегей едi. Осы кез ғой Ғабеңдердiң “бар екен ғой, бар екенбiз ғой” деп нұрланып отыратындары. Өкiнiшке қарай, осынау тектiнiң тектiнi таныған жылдары келте қайырылып едi.

Димаш Ахметұлының өзi арнайы стипендиясымен Мәскеудiң Чайков­ский атындағы консерваториясында оқытқан Сембиндi Димекең, басқалар құрметтедi ғой дейтiн биiк пiкiрге сол кезгi қазақылығы басым қоғамдағы бәсекелестiктiң пысқырмағаны да және заңдылық едi. Бұған талантты адамның бақайшағынан басына дейiн қаруланған интригамен күресуге қашан да дәрменсiз екенiн және қосыңыз. Әрине, оған қамқорлық жасауда сол кездегi тұлғалы азаматтардың аянып қалғаны жоқ. Бiрақ соның бәрiне қарағанда белгiлi бiр ортадағы, өнер ұжымындағы бәсекелестiк ызғары әлденеше есе “құдыреттi” едi. Орташа деңгейдегi шенеунiкпен ауыз жаласқан орта дауысы бар, орташа таланттың бұның патша көңiлiн тұқыртуға кел­генде әлдеқайда талантты болғанын жасырып жатудың керегi не? Надандық деген дерттi ешқандай тәуiптiң емдей алмайтыны тәрiздi, қоғамда да орташа таланттардың ортаны бұзып жүретiнiн де әлi ешкiм ретке келтiрген жоқ.

Орташа деңгейдегi шенеунiк. Өкiнiшке қарай, осындайлардың қолына билiктiң майлы басы тиедi де, олар талантты адаммен жұмыс iстейдi. Ең қауiптi жерi – осы. Ол кеше де болған, бүгiн де бар. Таланттың тағдырын шенеунiктер шешкен. Демек, тұлпардың тағдыры мәстектiң қолында болған. Бiр мысал келтiрейiк.

Бiрде Аманкелдi Сембин бiр iрi лауазымды қызметтегi басшының үйiнде қонақта болады. Қызметi iрi болғанымен, деңгейi орташа, парасаты, пайымы, бiлiмi орташа. Бұл әншiнiң атағы аспандап тұрған шағы. Сәлден соң жұрт желпiнедi, қызады. Бiр мезетте барып үй иесi “мына Аманкелдiнi мен ән салу үшiн шақыртып едiм” дейдi ғой. Мiне, әлгi заһар судан татып ал­май жүрген талантқа осы сөз атылған оқпен бiрдей едi. Көрдiңiз бе, бiздiң шенеунiктер талантпен қалай жұмыс iстейдi? Бiз осы сөзбен, осы пиғылмен қазiрдiң өзiнде талай талантты тойдың әншiсiне айналдырып жiберген жоқпыз ба? Әрине, жұрттың бәрi Тасмағамбетов емес, талантын тап басып танып, әкесi жасамаған жақсылықты жасап, аялап жүретiн. Бәйге атын цирк атымен ша­тастыратын әлгi орташа шенеунiктер ғой сорымыз. Бұдан кейiн әншiнiң ғазиз жүрегiн жаралаған мұндай сәттер аз болды дей аласыз ба?

Сол орташа деңгейдегi шенеунiктердiң кесiрiнен бiз ұзақ жылдар бойы талантты адам мен еңбекқор адамды қасақана ша­тастырып келдiк. Таланттың қор бо­луы, талқандалуы еңбектiң қадiрiне жеткiзбеуден, еңбектенуiне ерiк бермеуден, жағдай жасалмауынан едi. Әр кезеңде дарынды адамдар­ды қамқорлыққа алудан, бағалаудан, тәрбиелеуден гөрi табалаудың ба­сым боп келгенi рас. Көпе-көрнеу қиянатқа, қорлыққа талантты адам ешқашан көнбейдi. Оның нәзiк жа­ратылысы осынау қиямет-қайымға толы жолда қауқарсыз қалады. “Та­лант – әдiлетсiздiкке қарсылық” деген сөзде өмiрдiң бар пәлсапасы жатыр. М.Монтеннiң айтуынша, адамдардың жарты өмiрi құр бос сөзбен өтедi екен. Ал, талантты адамдардың жарты өмiрi немесе бүкiл өмiрi күреспен өтетiнiн дәлелдеп жатудың қажетi бар ма? Бұл жолда талант жалғыз, дәрменсiз, себебi, оның пiкiрi, көзқарасы ке­ренау қоғамнан қолдау таппайды. Ф.Ницшенiң “Талант үшiн даңғыл жол болмайды, оның өмiрi кезеңдермен ұдайы күресте, қайшылықта өтедi” деген сөзi осы ойдың өрiсiн кеңейте түседi.

Белгiлi ақын Жұматай Жақыпбаевтың “…Ең алғаш өлең жазған күнiмдi өле-өлгенше жек көремiн” деген сипаттағы сөзi бар. Неге жек көредi? Себебi көп болар. Менiң ұққаным, ол сол жазудың жемiсiн дүниеден көшкенше көре алмай кеткен адам. Ол менi марапаттамады, наградтамады демейдi. Титтей көңiлге зәру едi. “Мен де адаммын ғой, бiр нәрсеге қабiлеттi етiп жаратқан соң соның нәтижесiн көруiм керек емес пе?” деп iштей үнсiз өксiп өттi өмiрден.

Атақты жазушы Т.Әлiмқұловтың, атақты музы­кант Ә.Толғанбаевтың, атақты суретшiлер С.Айтбаевтың, М.Аманжоловтың, Т.Тоғысбаевтың, режиссер А.Шәжiмбайдың және басқалардың тағдыры менiң әлi күнге көз алдымда. Тiптi, бұл кiсiлерге өмiрi ұқсай бермейтiн, дүниенiң атағын алған Таңсықбаевтың көзiн көрмесек те, тағдырының оңай болмағанын та­лай мәрте ойша толғауға да талпыныс жасадық. Бiрақ осылардың бiр басы­нан асып кеткен соншалықты қиын тағдырына кезiнде көз жұма қарамай, қалам қуатын батыл байқатқанымызда, бiз көп дерттiң алдын алған болар ма едiк?

Орал ағаның зайыбы Елизавета апайдың белгiлi эстет-жазушы Пер­небай Дүйсенбинге жазған хаттары, суретшiнiң ұлы Мұхтар Әуезовпен, Әбiлхан Қастеевпен, Хакiмжан Наурыз­баевпен сырласқан сәттерiнiң бәрiнен де таланттың жабырқаған көңiл-күйiн аңғару қиын емес. Әсiресе, ұлы Мұхтар досын сағынғанда Құрманғазының күйлерiн, Огинскийдiң “Полонезiн” өлiп-өшiп тыңдайтыны көп беймәлiм сырдан хабар бермей ме? Тiптi, суретшiнiң бiрде күнделiгiне “Өзiңнiң туған өлкеңнен тыс жерде өмiр сүрiп, суреткерлiк болмысыңды таныту мүмкiн де емес” деп жазуы бәрiн де айқайлап айтып тұрған жоқ па?

Бiздiң бұл таңдап алғанымыз ұшы-қиырына бойлатпайтын тылсым, түпсiз тақырып болса керек. Оқырманға айтар ойымызды жеткiзе алу жолындамыз ба бiлмеймiн, әйтеуiр, осы тақырыптың шаужайына жабысып, бiрдеңе дегiң-ақ келедi.

Айтпақшы, Толғанбаев туралы бiр ауыз сөз. “Түркiстан ле­гионында” тұтқында болған, Мұстафа Шоқайдың көзiн көрген, бүкiл Еуропаны аралап концерт берген, Мей­ерхольдтармен бiрген жүрген әйгiлi музыкант Әйткеш Толғанбаев та өмiр-бақи әлгi бiр мекеменiң құрығынан қашып құтыла алмай көз жұмды. Сол бiр қиын жылдарда консерваторияны басқарған Ғазиза Ахметқызы Жұбанова Әйтекеңнiң тағдырына шырылдап араша түстi. “Егер Ғазиза болмаса, мен кiм едiм?” деген Әйтекеңнiң әңгiмесi әлi күнге жадымда жаңғырады.

Салехетдин (Қалжан) Айтбаевтың картиналарынан ұлтшылдық сарын iздеген Мәскеу “Молодая гвардия” журналында жап-жас суретшiні сойып салғанда әрiптестерiнiң үнсiздiгi, бейқамдығы да оған екi есе соққы болған едi. Кешегi шетжұртта жүрiп “Қобызшы Қорқытты” жазған Мәжит Айтбаевтың бауыры да өз елiнде өстiп өгейдiң күйiн кешiп жүрiп, өмiрден өтiп кеттi. Кешегi 60-жылдары “бейнелеу өнерiндегi Олжасымыз” тәрiздi ғұмыр кешкен Айтбаевтарды қазiр iздеп жатқан жан бар ма?

Бiр кездерi шамаданын кiтапқа толтырып алып, Алматыдан Арқаға жалаңаяқ кеткен Сембиннiң тағдыры Айтбаевтардың тағдырына қалай-қалай ұқсайды?! Таңсықбаев Ташкенттi пана­лап жүргенде, Сембиндi де Бiшкектiң қолқалап қоймағаны бар. Бiр кезде Ахмет Жұбановты да осы Бiшкек бауырына басқысы келгенi есiңiзде болар. Сембин Алматыны Арқаға ауыстырды. “Не болса да ел iшiнде көрейiн” деп тектiлiктiң тұғырынан таймағанын танытты.

Несiн айтасыз, шын таланттар көбiне жалғыз болды. Жалғыздық – терең тұңғиық. Ол қайғы-қасiреттiң бiр бұтағы. Тәуекелшiл, тәубешiл таланттар сол тұңғиыққа батып кетiп жатты.

Бiрде Өзағаң – Өзбекәлi Жәнiбековтiң де әншiнiң тағдырынан өте кеш хабардар болғанын өкiнiп еске алғаны бар. Алматы облыстық атқару комитетi төрағасының орынбасары болып жүргенде бiр облыстан алты ансамбль шығарған Өзағаң Аманкелдiнi сол ортаға қайта қосуға әрекеттенгенi және бар. Бiрақ бәрi де кеш едi. Оның өнерпаздық қуаты ол кезде жағалаудан алыстап бара жатқан толқындай едi, не­месе толқын жағаға лақтырып тастаған дөңбек ағаштай едi. Ол заманда Ильяс Есенберлин де әншi тағдырына ара­ласып, онысынан түк те шықпаған соң бiр кейiпкерiнiң прототипi етiп алуға ғана шамасы жеттi. Сұлу да­уыс, сұлу өнер өлмесiн дегенi ғой. Белгiлi ақын Тынышбай Рахымның әншi жөнiндегi очеркiнiң белгiлi басы­лымда жарияланбай, қорғасынының күресiнге лақтырылатыны да осы кез. Естуiмiзше, әншiге жасалған осы сипаттағы сұмдықтар аз болмағанға ұқсайды.

Талантты адамдар әсте бiр-бiрiн тез түсiнедi. Көбiне iштей ұғысады, iштей мойындайды, iштей түсiнедi. Бiзде айқайлап мойындау жоқ. Айқайлап мойындаудың өзi ерлiкке пара-пар қасиет пе деймiн. Мәселен Мағауиннiң Кекiлбаевты классик дегенi тәрiздi. Қазiр 70 жылдығын өткiзiп жатқан Олжасты үлкен сахнада тұрып М.Әуезовтiң “ұлы” дегенi тәрiздi. Iштей ұғынып, iштей мойындап, сыртқа шығармай кеткен сезiмнен басқаны қайдам, ұлттың азап шегетiнi ақиқат. Қазақтың кiрпияз өнердегi өкiлдерi бiр-бiрiн батыр деп жатса, Аманкелдi үлкен сахнада сегiз жыл емес, бiрнеше сегiз жыл жүрер ме едi. Сахнаға сыймай кеткен жоқ, сыйыспай кеткен жоқ па? Осының бәрi көбiне айналып келген­де ортаны бермей жүретiн орташа таланттардың iсi.

Сембиндi кезiнде қатар жүргендердiң көбiсi де iштей мойын­дады. Дауыстап айтсам, асы­рып жiберем бе дедi, сыбырлап айтсам, жетер жерiне жел үрлеп жеткiзе ме деп те күдiктендi. Содан да болар, бәлкiм, Сембин жөнiнде баспасөз бетiнде аз жазылды. Содан да болар, бәлкiм, наси­хаты аз дедi ме, ол өзiне тиесiлi атақтан да кеш қалды. Бiр тойды атқаруға ғана дауысы жететiндердiң, өмiрiнде бiр кiтапты тауысып оқымағандардың, тойдың, салтанаттың әншiлерiнiң сал­танаты асып жатты.

Осыдан оншақты жыл бұрын “Еге­мен Қазақстанның” руханият бөлiмiнде iстеп жүргенiмде “Сол жайсаңдар қайда екен?” деген айдар ашып, көрiнбей кеткен белгiлi адамдар жөнiнде мақала бере бастадық. Сол күндерi Аманкелдi Сембиндi көп iздеп, Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет инсти­тутынан (қазiргi Өнер академиясы) таптым. Әбекең ән кафедрасында екен. Баяғыдай шырқап салар дауыс жоқ. “Сырлы аяқтың сыны кетсе де, сыры кетпес” демекшi, есесiне Әбекең ән әлемi турасында әбден ашылған едi. “Егемен Қазақстанда” “Қарғаш” атты эссе жарияланды. Редакцияға көп оқырман хабарласып, әншiнiң өмiрi туралы мағлұмат алғанына ризашылықтарын бiлдiрiп жатты. Сол жолы ұққанымыз, әншiнi көп жұрт iздейдi екен, сағынады екен. Көбiсi “дауысы бар ма екен әлi” деп сұрайды. Байқадыңыз ба, дауысын сұрайды. Кейiннен әншiге Заманбек Нұрқадiлов пен Шерхан Мұртазаның арқасында “Мамыр” ықшамауданынан 4 бөлмелi пәтер берiлдi. Шерағаң “Қазақстан” телерадиокорпорациясына барғанда бiрдi-екiлi әндерiн таптырып, эфирге шығарды. Өкiнiшке қарай, әншiнiң көп репертуары теледидар қорында сақталмаған болып шықты. Бұдан өткен қылмыс болар ма? Дүниедегi ең сорақылық – рухани қылмысқа жол беру болса керек. Әншiнiң нұрлы дауысының не жазығы бар? Бұл әрi-берiден соң ұлттың ендi қайта тумас байлығы емес пе?

Талантты талант қана түсiнедi, та­ниды.

Талантты түсiну үшiн де талант керек.

Есiмнен кетпейтiн айрықша бiр сәт – “Қарғаш” эссесi жарияланғаннан кейiн әншiнiң өзi редакцияға рахмет айтып келдi. Аян Нысаналының кабинетiнде Әбекең Асқар Сүлейменовпен кездестi. Асекеңнiң сондағы әншiнi көргендегi қалпы, айтқан сөзi, еш жасандылығы жоқ диалогтар әлi күнге көңiл түкпiрiнде сайрап тұр. Ертеректе қағазға түскен сол диалогтар шамамен былай өрiлiп едi.

– Слушай, өткенде сен туралы бiр газеттен оқыдым. Тауып жазған екен. Шик… Бiрақ сол осыдан кемi он жыл бұрын жазылуы керек едi. Распад лич­ности деген осы.

– Шәкеңнiң арқасы ғой.

– Ә, мұрт па? Мұрт мәрт қой. Ондай мұрттар мало.

Күздiң қара суығында ойда-жоқта ұшырасқан екеу қауқылдасып жат­ты. Баяғы бас жаратын әзiлдерi жоқ. Сөздерiнен тектiлiктiң тұқылы ғана байқалады. Ауыр тыныстайды, сынық сөйлейдi.

Асекеңнiң iшетiнi қою кофе, темекiнi үздiксiз тартады. Әншiнiң бiр түрлi көңiлi босады. Ащы суға ұсыныс жаса­лып едi, Әбекең “таздан тарақ қалғалы қашан?” дедi. Мұндайда қарап қалатын Асекең бе, үстемелетiп сөйлеп жiбердi.

– Осыдан он жыл бұрын молда болу керек едi. Ендi кеш құрметтiм, тым кеш. Ендiгiң дүмшелiк. Сен қылмыскерсiң халық алдында. Өйткенi, тәңiрiнiң сыйлаған алабөтен дауысын өз қолыңмен тәрк еттiң, талантты тұншықтырдың.

– Ағатай-ай, өткендi еске салғалы тұрсыз-ау.

– Еске салып қайтейiн, мынадай бiр сөз айтқым келедi. Қалай қабылдайсың өзiң бiлесiң, әрине. Бiрақ сенiң алдыңнан әлi сөзiм қайтқан емес. Бiздiң елде талантты құртудың түрлi тәсiлдерi болған. Мен соның шет-жағасын таяуда бiр газетте айттым. Пәтшағарлар үзiп-жұлқып бердi. Жарайды ол жағы не важно. Сонымен қалай десеңшi?!

– Айта берiңiз, Асқар аға, менiң сiздi құлай тыңдайтынымды бiлесiз ғой. Ағамды көргендей болып тұрмын. Сiз рухани ағамдай болып едiңiз ғой, ұмытқансыз ба?

– Бiздiң қоғамда талантты тұншықтырудың таптырмас тәсiлдерi – қызметке өсiру, ертерек арақпен ауыздандыру, болмаса, пенсияға шығарып жiберу. Ар жағын өздерi бiледi. Айтпақшы, сонсоң түбiн түсiрiп көзiне мақтау, сыртынан даттау, сен сол мақтаудың құрбанысың. Дұрысы кезеңнiң құрбанысың, сенiң түбiңе жеткен – система.

– Осылай қарайып жүргенiмiзге де шүкiр деймiз ғой.

– Талантты тентiретiп жiберудiң тағы бiр таптырмас тәсiлi әрiптестерiнiң үнсiздiгi. Әдейi үнсiздiк, қыжыл үнсiздiк.

– Әдемi айттыңыз-ау, аға!

– Мен емес айтқан, Шопенгауэр.

– Шопенгауэрдiң сiзден қай жерi артық?

– Сен, италиянец, бұл жолы құтылып кеттiң, оңай құтылып кеттiң? Мен сенi көп iздедiм ғой. Ғафу ет, сен серi едiң, сүмпиiп қалыпсың.

Әншiнiң сол сәттегi жүзiне терең үңiлiп қараған жан көп шындыққа көз жеткiзiп, тұла бойы түршiккен болар едi. Бiр қарағанда жәй әңгiме көрiнетiн осы бiр сәттiң көкiректi удай ашытатын ызғары сұмдық едi.

Не болды? Қалай сөндi отың iшкi?

Қаладың қалай әнсiз отырысты?

Гауһарын табиғаттың жаныңдағы

Теңiзге тастағаның өкiнiштi…

Кезiнде Ақаңдай құса болып Арқаны кезiп кеткен әншiнi көрнектi Күләш ақын да осылай iздеп едi.

Сембиндi сағынғанда айтар әңгiме теңiздiң тартылуы тәрiздi, бiр келiп, бiр кетiп тұрады. Айтатын нәрсе көп. Соның бәрiн жүйелеп айтуға да көкiректi емiн-еркiн жайлап алып, әр қияға алып ұшатын сезiм де ерiк бермейдi. Бiз Сембиндi жыл­дар бойы жоғалтып алғанбыз. Ендi жоғалтпауымыз керек, ендi бағасын – беруiмiз керек, бағалауымыз керек. Мамандар оның әншiлiк қуатының сырын, қасиетiн саралап, арнайы сынып ашып, лекция арқауына ай­налдыруы керек. Теледидар, радио бұрынғы ән таспаларындағы дауысын тауып, арнайы концерт, көркем хабар, фильм-концерт дайындауы қажет. Оның дауысындағы, шығармашылық болмысындағы ерекшелiктер керек болса, арнайы ғылыми-теориялық конференциялардың арқауына айналуы қажет. Өзi, шығармашылығы жөнiндегi жарияланымдардың басын бiрiктiрiп, арнайы кiтап шығарған жөн. Мiне, сөйтiп, Сембиннiң жаңа дәуiрi баста­луы әбден қажет. Сөйтiп, рухани дүние бүтiнделуi қажет.

Таланттың бiр баламасы – тағдыр болса керек. Аманкелдi Сембин осынау зы­мыран жылдар iшiнде бiр кiсiнiң, бәлкiм, бiрнеше кiсiнiң басынан өтетiн тағдырдың сыйын кештi. Ол үшiн әрине, ең алдымен адам өзiн кiнәласа керек. “Ақындық деген бұл өзi аузында болу сыздаған әрбiр жараның” деп Төлеген ақын айтпақшы, адамға ғұмыр кешу, та­лантты адамға ғұмыр кешу қай кезде де оңай болмаған. Бәлкiм, Сембинге тәңiрi осынша өлшеусiз дауыс бере тұра, пендесiн сынау үшiн, тәубесiне келтiру үшiн де сонша соқтықпалы, соқпақты жол да берген шығар. Сол тағдырдың одан сайын күрделi, қылкөпiр болуына қызғаныш деген қызыл иттiң еткен қызметi де аз емес болар.

Тәңiрiнiң талантқа ғана тән тәкаппар мiнез сыйлауы да бар ғой. Әншiнiң турашылдығы, ешкiмнiң алдында илiкпейтiндiгi сол тағдырдың бояуын қалыңдата түскен секiлдi.

Сембиндi сағынған сайын бiз таланттың қадiрiн бiле түсетiн болар­мыз. Маңдайына жел тигiзбей, алақанға сала бiлсек, ендiгi талай таланттың бағы ашылып, пендешiлiк қасиеттен ерте арылуына көп көмектескен болармыз. Несiн жасырамыз, талантты тануда рухшылдықтың емес, рушылдықтың алға шығып кететiнi де бiр арылмас со­рымыз болып тұр ғой.

Ендi бiздiң қолымыздан келетiнi Сембиндi сағыну ғана. Әншiнi орны­мен мадақтай отырып, өз өмiрiнен де кемшiлiк iздей отырып, жалпы таланттар туралы, тағдыр туралы толғадық. Осының бәрiнен түйгенiмiз, қоғамды кемелдендiретiн де, мемлекет мәртебесiн көтеретiн де – дарынды адамдар. Мемлекет сол адамдардың бар ақыл-ойын, қабiлетiн саналы түрде реттеп отыратын аппарат, мәшине. Мемлекет талантты, оның әлеуетiн пай­далануы керек. Асқар Сүлейменовтiң бiр кейiпкерi “мен әйелге емес, адамға зәрумiн” дейдi. Демек, әйелдiң талант­тысына, адамның дарындысына зәру ғой. Сол сияқты қоғам да, мемлекет те қашанда талантқа тәуелдi, зәру. Сондықтан, таланттың қадiрiне жете бiлсек, өткенiмiз туралы өкiнiп жазатын әңгiменiң өрiсi де тарыла бермек.

Аманкелдi Сембиннiң алабөтен тағдырының әңгiме өзегiне айналып, өткен кезеңнiң бiр күрделi сабағы ретiнде қарастыруымыз да тектен тек емес.

Тәңiрiнiң алабөтен сыйынан – таланттан талтүсте айрылғаннан сақтасын.

Сембин туралы аңызға бергiсiз әңгiме айтатындардың есте қалар бiр естi сөзi мынау:

Бiрде әншiнiң анасы: “Дүниеге сый­май кеттiң-ау, құлыным!” деп терең күрсiнген көрiнедi.

Ғазиз ананың тұла бойын жарып шыққан осы бiр жалғыз ауыз сөзге күнi бойғы айтқанымыздың бәрi де сыйып тұрғанына илансақ керек.

Талантқа дүние тар. Неге тар? Тарыл­татын кiм? Көбiне өзiмiз екен.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button