Басты ақпаратБілім

СЕМЕННЫҢ САБАҒЫ

Ұлты – орыс.
Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қалай дейсіз ғой-ә?!

Қаладағы №23 орта мектептің мұғалімі Семен Кузнецов туралы естігенде таңданғанымыз рас. Бұған дейін қазақша еркін көсіле алатын өзге ұлт өкілдерінің көптігіне етіміз үйренген. «Тілге құрметі – елге құрметі». Бұл жолы тіпті басқаша. Қазақ тілін қазақтарға үйретіп тұр…
…Есікті қаққан бізге «Кіріңіздер, қазір, оқушыларға үй тапсырмасын беріп алайын» деді. Сабақты қалай жүргізетінін көруге ынтығып тұрған біз дәрістің жалғасқанын қалап-ақ тұрмыз.
«Ал, балалар, мына сөйлемдегі сіздің есіміңіз деген ІІІ жақтың сыпайы түрі…» деген Семенның сөзін оқушы дауысы бөлді.
– Ағай, үндестік заңы бойынша ма?
– Әлбетте солай, – деді ұстазы ұмсынып.
Көңілің сенбейтін нәрсеге көзіңнің куәгер болғаны қандай ғанибет. 23 жасар Семен мұғалімнің бұл тұрысы барлық қазақстандықтарға үлгі боларлықтай көрінді бізге.
Хош. Сонымен сабағын аяқтаған Семеннен сұхбат алуға кірістік.

– Қайда оқыдың?
– Евней Бөкетов атындағы Қар МУ-де. Фило­логия факультетін тәмамдадым.
– Бұл мектепке қалай келдің?
– Өзім осы мектептің түлегімін. Әу бастан астаналықпын. Оқуымды бітіріп, осында сабақ беру менің арманым болған.
– Бұл мамандықты таңдауын таңдап алып, кейіннен қиналып, қамыққан кезің болды ма?
(Біз де әдейі сөйлемімізді қиындатып қоямыз. Оған тосылып отырған ол жоқ)
– Жоқ-ә. Қайта, күннен-күнге қазақтың тіліне, әдебиетіне деген махаббатым оянып, зерттеуге құлшынып жүрмін.
– Әдебиетші ретінде ақын-жазушылардан кімдерді көп оқыдың?
– Мұқағали мен Бейімбетті. Бұлар сөз өнерінің сусынын қанып ішкен сөз сүлейлері ғой.
– Мақсатың қандай?
– Қазақ тілінің мәртебесін көтеру.
– Сеніңше, қазақ тілінің мәртебесі төмен бе сонда?
– Олай деуден аулақпын. Бірақ, елімізде кез- келген мемлекеттік тілді қызметкерден гөрі, ағылшын тілінің мамандарына деген сұраныс басым. Сондықтан, қазақ тілін ең бірінші қажеттілікке қою керек деп ойлаймын. Мен өзімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін деп артық санамаймын. Бұл менің – қызметім. Жеп отырған наным. Өзім тұратын елге еткен еңбегім. Бұған мен міндеттімін.

Қуанып қалдық. Елдің әрбір азаматы дәл осы­лай ойласа ғой дейсің. Бұл – біздің арман, әрине…

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button