Басты ақпарат

СЕН БЕ, ӘЛДЕ МЕН БЕ?

Келесі айдың 6 жұлдызына әлемдегі ең таза әрі ашық делінетін сайлау өтеді. АҚШ-та. Бәске тігілген президент орынтағына жанталас өршіп тұр. Енді ше: әлемнің ең қуатты мемлекетінің басшысы бейформал түрде әлем билеушісі де болмақ. Елдің ішіне де, сыртына да маңызды боп тұрған сайлау. Ел ішіндегі байлар мен байшыкештер Обама ұтпаса екен дейді; әлеуметтік сала өкілдері болса, керісінше, армандайды. Ел сыртындағылар Ромни ұтпаса екен дейді: республикашылдар сыртқы саясатта қашан да күш тұрғысынан әрекет еткен. Ал бізге, Қазақстанға қайсысы керек?

«Демократтарды дауға қой»

Көппартиялы жүйені күйттейтін АҚШ құқықтанушылары әдетте, өздерінде неге тек екі партия бар деген сұраққа жауап беруден қашқақтайды. Жауап бермесіне қоймай, алқымынан алғандай етсең ғана: «тарихи солай қалыптасып қалыппыз, қолдан келер қайран жоқ» дейді де қояды. Ендеше, сайлауға жіберілген партиялар тізімінде өзгеріс жоқ: тағы да баяғы демократтар мен республикашылдар бет жыртыспақ.

Аталмыш екі партия дегенмен АҚШ-тың саяси бейнесін айқын көрсетеді. Демократтар әлімсақтан бері әлеуметшіл келеді. АҚШ мақтана алатын медицина мен білім беру, ғылым мен әлеуметтік қорғау бағдарламаларының көбі дерлік демократ-президенттердің жетістігі. Айталық, Билл Клинтон тұсындағы реформалар оның екінші президенттік мерзімінде-ақ жемісін беріп, елді 1,1 трлн доллар профицитпен тастап кетті. АҚШ сияқты алып елде бюджетте басы артық ақша қалуы – өте-мөте сирек құбылыс.

Демократтар кез келген мәселені әбден қаузауға дайын. Сондықтан ба, олардың ұсыныстары Конгресте ұзақ талқыланады. Осылайша, демократтар өз заңдарын қоғамның барлық табының сүзгісінен өткізіп алуға тырысады. Бұл жағдайда әрине, «соғыс» тақырыбы онша қолдау таппайды. Сондықтан ба, демократтар көбіне елдің ішкі ахуалымен айналысады, сыртқы әлемді онша мазалай бермейді. Өздері «үнемі республикашылар қиратып кеткен қатынастарды түзеуге мәжбүр партиямыз» деп қалжыңдайды. Мысалы, Джордж Буш-әке (республикашыл) бастаған «Даладағы дауыл» операциясының салдарымен демократ Билл Клинтонның күресуіне тура келді. Одан кейін келген Джордж Буш-ұл Иракққа қайта килігіп, енді міне, Обаманың тұсында әскерлерді елге қайтару жөнінде қандай да бір түсініктілеу нобайы бар бағдарлама дүниеге келіп отыр. Әлемді жайпап кете жаздаған ипотекалық дағдарыстың да «артын тазартқан» демократтар. Айтпақшы, 10 айдан бері жұмыссыздық көрсеткіші тек кеміп келе жатыр. Бұдан қор биржаларының көңілі көтеріліп, экономикалық «денсаулықтың» көрсеткіштері – биржалық индекстер болжауға келетін шекте ғана ауытқып жүр.

«Республикашылдарды жауға қой»

«Демократтарды Потомак өзеніне ағызып жіберуді армандайтын» республикашылдардың бет-бейнесі болса, тұнған қарама-қайшылық. Америкалық үшін маңызды құндылықтарды ескере отырып, «кейде амалсыздан» шектеулерге баруы мүмкін. Сүйенетін әлеуметтік қоры: байлар мен байшыкештер (совет кезеңінде «буржуа» деген болар едік), әскерилер, мұнайшылар, қорғаныс саласының компаниялары, қойшы әйтеуір – ағыл-тегіл байлыққа қатысы барлардың барлығы республикашылдарды қолдайды. Сыртқы саясатта қатал ұстанымдарымен белгілі. Көбіне сәтсіз, айналып келгенде – биліктен мұрттай ұшыратын халықаралық соғыстардың авторлары. КСРО кейін Ресей,Қытай мен Иран, Корей шығанағы – республикашылдар құбыжықтың суретін салғанда пайдаланатын геосаяси бояулар.

Сайлауалды дайындықтар кезінде-ақ республикашылардың әлеуметтік табы ел ішінде беделі құлдырай бастады десек болады. Халық әлдеқашан мегакорпорацияларды, алпауыт банктерді, онсыз да дәл зеңбіректі дәлдей түсетін, біреулер шиті зымыран кешенімен атып алатын «көрінбейтін» ұшақ жасап, ол үшін салықты сора беретін әскерилерді жек көріп кеткен.

Дегенмен, іскерлер мен әскерилердің партиясы сәйкесінше қаржы жағынан мықты. Оның үстіне – Калифорния, Техас сияқты сайлаудың бейнесін анықтайтын ірі штаттар республикашылдардың құзырында. «Байларға салық салам дегені үшін ғана Обамаға қарсы дауыс беремін!» дейді кәсіпкерлер. «Ұрлықпен емес, өгіз қара күшімізбен байыдық қой» дейді олар.

Ал енді республикашылардың сыртқы саясаты да үрейлі. Олардың серкесі Ромнидің мәлімдемелері әлем үшін жайсыздау. Мысалы, Сирия мәселесінде Ресеймен салғыласып отырмай, үстелді бір қойып шешкен болар едім дейді ол. Бұдан бізге де залал болуы ғажап емес. Себебі АҚШ-та тек қана металлургия шикізаты саласындағы антидемпингтік заңдар қайта жанданғанның өзінде экономикамыз біраз абдырап қалуы кәдік.

Бұған қоса, Парсы шығанағы қайта өртке орануы мүмкін. Ромни тап қазір-ақ қолына мылтық алып, Иран мәселесін мәңгіге шешіп тастауға аттанып кетуге дайын тұрғандай әсер қалдырады. Ал шығанқтағы бұл ел баяғыдай емес, орта қашықтықтағы зымырандары бар. Болжалды болса да бағытынан ауытқу мүмкіндігі алаңдатпай қоймайды.

Қайым айтыс нәтижесі

Тап кеше ғана Ромни мен Обаманың сайлауалды дебатының кезекті кезеңі аяқталды. Өмірге түрлі «қанатты сөздер» мен эпитеттер, теңеулер мен метафоралар келді. Ертеректе Билл Клинтон Джордж Бушты «саясатты менің итім ғұрлы түсінбейд» деген болатын. Соның қарымын қайтарып жүр ме, Ромни шымшыма сөздерден аянып жүрген жоқ. Бірақ сонысы өзіне бәле боп та жүр. Кешегі дебатта: «губернатор кезімде менімен жұмыс істегісі келетін әйелдердің өтініштері қорабымен жататын» дегені аз уақытта-ақ кері әсерін беріп, статистика бойынша енді Обама аз ғана айырмашылықпен болса да озып тұр. Бірақ АҚШ-та мұндай «сәл-пәл айырмашылық» қоғамның көңіл-күйін білдіре алмайды. Бұрынырақтағы президент сайлауындағы Альберт Гор мен кіші Джордж Буштың арасындағы болмашы айырмашылық бюллетеньдерді ақыры апталап санатып, тіпті азаматтық соғыс иісі шыға бастан кезде, Гордың өз еркімен бас тартуынан соң ғана қоғам терең бір тыныстаған еді.

Не дейміз, іш тартып күтеміз. «45-інші президент кім?» деген сұраққа 3 аптадан соң жауабын аламыз. Қайсысы жеңсе де, әлемді дүрліктіретін шараларға бармаса болғаны. Әйтпесе, бейбітшіліктің тіні дәл бүгінгідей ешқашан жұқа болмаған сияқты.

Ерлан Оспан

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button