Сұхбат

СЕНАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТТАРҒА ҚОЙЫЛАР ТАЛАП ҚАТАҢ

Вера Пытьева

Ағымдағы жылдың желтоқсан айында 2008 жылғы қазанда сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімі бітеді. Осыған орай Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес еліміздің он алты өңірінде Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасына депутаттар сайлауы болады. Елордада осы шараны өткізудің ерекшеліктері мен барысы туралы қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Вера Пытаева әңгімелеп берген еді.

– Вера Прокопьевна, алда тұрған сайлауды ұйымдастыру жөніндегі қалалық сайлау комиссиясының бірінші кезектегі міндеттеріне тоқтала кетсеңіз.

– Қалалық сайлау комиссиясының уәкілеттері Сайлау туралы конституциялық заңда айқын белгіленген. Қалалық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну жұмысын ұйымдастырудан бастап дауыс беруді өткізуге және есептеуге дейін шараларды тұтас қамти отырып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат сайлау науқанын атқару ісіне тікелей атсалысады. Парламент Сенатының депутаттарын таңдаушылар – жергіліктің халықтың мүддесін білдіретін мәслихат депутаттары сайлайды. Яғни, қала тұрғындары дауыс беруге жанама түрде қатысады. Міне, сондықтан сайлау ісіне қатысатындардың баршасына елеулі жауапкершілік жүктелетінін, әр қадам заң талабына сай үйлесімді де жедеғабыл жасалуға тиістігін ұғынған абзал.

Комиссия депутаттыққа кандидаттардың өтініштерін қабылдап, әр үміткердің Конституция мен конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексереді, арнаулы парақшалар үлестіріп, қолдарын қойдыртады. Кандидаттар мен олардың сенімді өкілдерін тіркеп, сайлау күні дауыс беру ісін өткізу де комиссияның міндеті саналады.

Бұған қоса, ақпараттық материалдар дайындап, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс орнату қамы біздің уәкілетімізге енеді. Комиссия қызметі алқалы, ашық әрі жария түрде жүзеге асырылады.

Өткізіліп жатқан шаралар, кандидаттарды тіркеу барысы туралы ақпаратты комиссия міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап тұрады.

– Кандидаттарды ұсыну мен тіркеу қалай өтеді? Олардың заң баптарында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру ісінің мерзімі қандай?

– Кандидаттарды ұсыну Мемлекет басшысының Жарлығы шыққаннан кейін бас­талды. Бұл үдеріс 31 тамызға дейін созылады.

Сайлау заңына сәйкес, Сенат депутаттығына кандидаттарды мәслихаттар ұсынады, сондай-ақ ол өзіне-өзі ұсыну жолымен де жүзеге асады.

Кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалды: яғни, үміткердің жасы отыздан асуы, жоғары білімі болуы, Қазақстан аумағында кемінде 10 жыл, Астанада (әңгіме елордадан депутат сайлау туралы өрбіп отырғандықтан) кемінде 3 жыл тұруы, кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек. Осынау мағлұматтардың барлығы тиісті құжаттармен расталуы тиіс.

Бұған қоса, кандидаттардың барлығының ҚР Конституциясының және сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Мәселен, сотталғандығы өтелмеген немесе белгіленген тәртіппен алынып тасталмаған адам, сыбайлас жемқорлығы үшін сот жаза кескен адам кандидат бола алмайды.

Кандидат белсенді сайлау құқын иеленуге тиіс.

Қалалық сайлау комиссиясы кандидаттардың осынау талаптарға сәйкестігін өтініш түскен күннен бастап үш күн ішінде тексереді. Біз құқықтық статистика және арнаулы есепке алу, сондай-ақ ішкі істер органдарына тиісті сауал жолдаймыз. Конституция талаптарына сәйкестігін тексерген соң кандидатты таңдаушылар қолдауға тиіс. Яки, оған мәслихат депутаттарының кемінде 10 пайызы қол қою керек. Бізде 25 депутат барын ескерер болсақ, үміткер олардың кемінде үшеуінің қолдауына ие болса ғана мәре сызығын қияды. Қол жинау қалалық сайлау комиссиясы беретін қол қою парақшалары арқылы ресімделеді.

Жинаған қолдардың растығын тексергеннен кейін депутаттыққа кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына 15 минималды еңбекақы көлемінде сайлау жарнасын төлейді, бұл шамамен 300 мың теңгедей болады. Бұл жарна кандидат Парламент Сенатының депутаттығына сайланған немесе дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың 5%-дан астамының дауысын иеленген жағдайда кері қайтарылады.

Сонымен қатар, кандидат өзінің және зайыбының (немесе жұбайының) табыстары туралы салық органдарына декларация тапсырады. Ондағы мәліметтердің шынайылығын салық органдары кандидат тіркелген күннен бастап 15 күн ішінде тексереді.

Барлық құжаттары болған жағдайда кандидаттарды тіркеу оларды ұсыну шарасымен қоса-қабат жүргізіліп, 11 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгінгі таңда комиссия төрт үміткерді тіркеп үлгерді.

– Егер де мәселенің қаржылық жағына үңілер болсақ, сайлауды өткізуге қанша қаражат бөлінеді, олардың жұмсалу жайы қалай қадағаланады?

– 12-29 қыркүйек аралығында үгіт науқанын жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен кандидаттарға радиодан, теледидардан сөйлеп, басқа да ақпарат құралдарынан көрінулеріне, үгіт материалдарын шығарып, сайлаушылармен кездесулер өткізулеріне, көлікпен жүріп-тұруына жеткілікті қаражат беріледі. Бұған қоса әр кандидат арнаулы заңға сәйкес өзінің сайлау қорын ашып, өз қаржысын, жинақтауға, сондай-ақ ұйымдар мен жеке тұлғалардың қаржысын тартуға қақылы. Мұндай қордың жалпы ақша мөлшері 700 минималды еңбекақыдан асып кетпеуге тиіс.

Сайлау науқаны аяқталғаннан кейін кандидат сайлау комиссиясына сайлау қорына түскен қаражатты қалай жұмсалғандығы туралы есеп тапсырады.

– Қадағалаушылар қызметі қалай реттеледі?

– Сайлау өтетін күні есігі ашылғаннан бас­тап қорытындысы шығарылғанға дейін арнаулы пункттерде еліміздегі саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан шыққан, шетелдерден келген қадағалаушылар бола алады. Сондай-ақ, әр кандидаттан бір сенімді өкілден қатысуға қақылы.

Қадағалаушылар уәкілеті тиісті құжаттармен куәландырылуға тиіс.
Салтанат ҚАЖЫМОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button