Сенат депутаттары спорт нысандарын аралады
ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері елордадағы спорт нысандарын аралады, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев депутаттарды нысандардың жұмысымен таныстырды.
Сенаторлар ең алдымен Астана қаласы әкімдігінің «№5 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, мектептің спортшыларды даярлау жағдайымен танысты. Білім ордасында балалармен жасөспірімдер гандбол, волейбол және баскетбол сияқты олимпиадалық спорт түрлері бойынша жаттығады. Қазіргі таңда мұнда 600-ге жуық бала білім алып жатыр. Оларды 30 жаттықтырушы жаттықтырады.
Сонымен қатар Сенат депутаттары мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған Паралимпиадалық жаттығу орталығын аралады. Мұнда бір күнде 300-ге жуық параспортшы жаттыға алады. Сондай-ақ ғимаратта көп салалы жүгіру жолағы, 150 адамға арналған киім ауыстыратын және дәрігерлер бөлмесі бар. Орталық Паралимпиадаға қатысатын спортшыларға үлкен қолдау көрсетеді. Кездесу барысында спортшылар сенаторларға ұсыныстарын жеткізді.
Одан әрі депутаттар елордада салынып жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі жүріп жатыр. Бұл кезеңде университет ғимараты, атап айтқанда, конференц-зал, әкімшілік блок, дәріс залдары, ғылыми-зерттеу орталығы бар кітапхана, асхана салынады. Сонымен қатар студенттерге арналған жатақхана, профессор-оқытушыларға арналған тұрғын үй және медициналық-оңалту орталығы бой көтереді.
Сенат депутаттары еліміздегі спорттық инфрақұрылымды жақсартуға қатысты пікірлерімен ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру, оқу-жаттығу жүйесін жақсарту, сондай-ақ спорттық кадрлар даярлау мен оларды халықаралық деңгейге шығару мәселелері сөз болды.