Сенім мен құрметтен құралған серіктестік
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінің жұмысына қатысу үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысын Абу Даби әуежайынан БАӘ Вице-президенті шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян және басқа да ресми тұлғалар күтіп алды. Қазақстан Президенті БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ осы елдің іскер топтары өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Араб әлеміндегі басты серіктесіміз
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qasr Al Shatie сарайында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Мемлекет басшысы көрсеткен сый-құрметі мен қонақжайлығы үшін БАӘ Президентіне ризашылығын жеткізіп, «Абу Дабидің орнықты даму апталығының» сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Абу Дабиде және Дубайда өткен кездесулерді ықыласпен еске алып, келіссөздер нәтижесі екіжақты қатынастарға тың серпін бергеніне әрі ықпалдастықтың жаңа бағыттарына жол ашқанына назар аударды.
«БАӘ – біздің араб әлеміндегі басты серіктесіміз. Елдеріміздің игілігі үшін екіжақты және көпжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Мен достық, өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Аса Мәртебелі Президент мырза, Сізді өз елімде құшақ жая қарсы алуға дайынмын. Қазақстанға жасайтын сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне бастау болатынына сенімдімін» деді Мемлекет басшысы.
Президент бүгінде БАӘ еліміздің экономикасына қаржы құйған он ірі шетелдік инвестордың қатарына кіретінін атап өтті. «Былтыр БАӘ-ден келген тікелей инвестиция көлемі екі есеге ұлғайды. Абу Дабидегі кездесу барысында біз тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткіземіз деп мақсат қойдық. Екі ел үкіметтері сауда-саттықтың оң қарқынын қалыптастыру үшін нақты экономикалық күн тәртібіне мән бергені жөн. Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларацияны жүзеге асыруға Сіздің тарапыңыздан қолдау көрсетіледі деп сенеміз. Бұл құжат аясында Әмірліктердің компанияларымен көлік-логистика, энергетика, қаржы, туризм және басқа да көптеген салада белсенді ынтымақтастық жүргізіп келеміз. Бұл серіктестік елдеріміздің өсіп-өркендеуіне септігін тигізеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалап, Қазақстанмен арадағы саяси диалог пен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды. БАӘ Президенті Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы байланыс 2025 жылы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп, екі елдің дамуы мен өркендеуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Ол халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен орнықты дамудағы өзекті мәселелерді шешуде Астананың үлесі зор деп санайды.
Түйткілдерді шешудің үш стратегиясы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму апталығының» ашылу салтанатына және орнықты даму саласындағы Zayed Sustainability Prize сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты. Іс-шараға қатысушылар қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Руанда Президенті Поль Кагама, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим, Жаңа Зелендия Премьер-министрі Кристофер Лаксон, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, сондай-ақ саясаткерлер, қайта жаңартылатын энергия көздері, технологиялық даму және инновация салаларындағы көшбасшылар, инвесторлар мен кәсіпкерлер бар.
«Абу Дабидің орнықты даму апталығы» (ADSW) – орнықты даму және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелеріне арналған жетекші жаһандық алаңдардың бірі. Жиын жасыл технология мен энергияның қайта жаңартылатын көздеріне инвестиция салуды ынталандыруға, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына жету үшін инновациялық шешімдер іздеуге бағытталған. Биыл форум «Болашақпен байланыс: Орнықты дамуды жеделдету» (The Nexus of Next. Supercharging Sustainable Progress) тақырыбында өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты. Жиынға орнықты дамудың жаһандық сын-қатерлерін талқылау үшін әлем көшбасшылары мен сарапшылар келді. Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Геосаяси шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын ушыға түсті.
Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағытқа, атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді. «Бүкіл әлем бойынша парниктік газ шығарындыларының 75 пайызы энергетикалық жүйелерге тиесілі. Биоалуантүрліліктің 10 пайызы соның салдарынан жойылады. Осы тұрғыдан алғанда, Masdar, Total, Eni сияқты халықаралық серіктестердің Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыруға міндеттеме алуының мәні зор. Еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болмақ. Бұл бастама жалпыұлттық референдумда қолдау тапқан. Сонымен қатар Қазақстан әлемдік нарыққа аса маңызды шикізат түрлерін жеткізуге ұмтылып отыр. Ауаға тарайтын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жаһандық мақсатты орындау үшін бұл материалдар өте қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Басты сын-қатер – жаһандық жылыну
Бұдан соң Президент көлік инфрақұрылымының маңызына тоқталды. «Еуразия құрлығындағы жетекші транзиттік торапқа айналған біздің ел үшін орнықты дамудың тағы бір маңызды алғышарты – көлік және транзит саласы. Біз көлік инфрақұрылымына, атап айтқанда, автомобиль және теміржолдарының, әуежайлар мен теңіз айлақтарының құрылысына инвестиция салуды белсенді түрде қолға алдық. Байланыс мүмкіндіктерінің аясын одан әрі кеңейту үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасында елеулі рөл атқаруға ниетті. Мақсатымыз – өңіраралық қатынастарды нығайтып қана қоймай, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі. «Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сол себепті тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет.
Сондай-ақ біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан бізге ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек. Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн» деді Қазақстан Президенті.
Әлемге жаңа даму парадигмасы керек
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударып, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі ретінде атады. «Әлемдік нарықты азық-түлік өнімдерімен және тыңайтқыштармен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық тәсілдер қажет. Қазақстан халықаралық нарыққа мол көлемде бидай мен ұн экспорттайтын ел ретінде орнықты ауыл шаруашылығының әдістері мен технологияларын одан әрі жетілдіруді көздейді» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аталған сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс.
Жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болады. «Бірінші, «жасыл» қаржыландырудың қолжетімділігі. Оның көлемі елеулі түрде ұлғаюға тиіс. Екінші, технология трансферті, техникалық қолдау және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Күн энергиясы, «ақылды» ауыл шаруашылығы, көміртегі сүзгісі және жасанды интеллект негізіндегі климаттық технологиялар әртүрлі инновациялық шешімдер ұсынады. Үшінші, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі басымдықтардың, экономикалық даму мен жасанды интеллекттің синергиялық ықпалдастығы.
2030 жылға қарай жаһандық ішкі жалпы өнімнің 16 пайыздан астамын осы үш бағыттың өзара үйлесімі қамтамасыз етуі мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды: мемлекеттер орнықты даму саласындағы түрлі мақсаттарға барынша икемді әрі дербес тәсіл қолданғаны дұрыс» деді Мемлекет басшысы.
Президент сөз соңында аталған саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді. Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Руанда Президенті Поль Кагаме, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим, Халықаралық табиғатты қорғау одағының президенті Разан Әл Мүбарак және басқалар сөз сөйледі.
Төлен ТІЛЕУБАЙ