SportСұхбат

Сергей БЕЛОГЛАЗОВ: ӨКIНIШIМ – «84»

f56708265502e29585b67178d7c14281
ERA_5116Сергей БЕЛОГЛАЗОВ, еркін күрестен Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы, әлем біріншілігінің алты мәрте, Еуропаның және Кеңес одағының бірнеше дүркін чемпионы

Астана төрінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтіп жатқан Қазақстан кубогы жарысы кезінде еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының кеңесші-бапкері болып жұмысқа кіріскен даңқты балуанмен әңгімелесудің сәті түсті.

Қазақстанға жұмыс істеуге келгеніңізді естідік. Олай болса, қош келдіңіз дей отырып, мақсат-міндетіңізді білсек деп едік.

– Алдымен менің келгеніме көңіл бөлгендеріңізге рахмет. Мен Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының шақыруымен келдім. Осыған дейін Мәскеу қаласында ЦСКА-ның және Мәскеу облысы құрамасының аға жаттықтырушысы болып жүрген едім. Әрине, басқа елдерден де ұсыныстар болған еді. Дегенмен, мен Қазақстанда жұмыс істеуге ниет білдірдім. Қазақстанның қазіргі құрамасындағы балуандардың біразын түрлі жарыстарда, оқу-жаттығу жиындарында көргенім бар еді. Арасында бірнеше үлкен үміт артатын жігіттер бар екенін байқаған едім. Міне, осындай жағдайларға байланысты осында келіп қалдық.

Ал, енді негізгі мақсатымызға келсек, федерация басшылығы үлкен міндеттер жүктеп отыр. Несін жасырайын, келесі жылғы әлем біріншілігінде чемпион шығару керек, барлық салмақтар бойынша лицензиялар иелену қажет, ал ең бастысы, Рио-де-Жанейро кілемінен алтын медаль алуды мақсат етіп отырмыз.

– Спорттық карьераңызды аяқтағаннан кейін бірқатар елдерде бапкерлік қызметте болғаныңызды білеміз. Сол шетелдерде жүріп баптаған шәкірттеріңізден Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында топ жарған балуандар болды ма?

– Мен үлкен спортпен қоштасқаннан кейін Ресей ұлттық құрамасында аға жаттықтырушы болып бапкерлік мансабымды бастаған болатынмын. Одан кейін АҚШ құрамасын баптауға қатыстым. Менің қол астымда жаттыққан Хенрик Согада деген балуан Пекин олимпиадасында чемпион атанды. Одан кейінгі циклда Жапония құрамасымен жұмыс жүргіздім. Бұл елдің балуан­дарынан да олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегерлерін өсіріп шығардым. Сингапурде де бапкерлік қызметте болдым.

Ал ең мықты шәкірттерім, әрине, Ресей құрамасында болды. Қаншама чемпиондар болса, солардың көпшілігіне еңбек сіңірдім. Мәселен, соңғы әлем чемпионатында Ресей құрамасынан 5 чемпион шықты, солардың 4-і – мен баптаған ЦСКА балуандары.

bratya_beloglazovy

– Спорт әлемінің ең биік шыңы – Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы болдыңыз, әлем чемпионатын 6 мәрте ұтып алдыңыз, Еуропа мен КСРО-ның бірнеше рет жеңімпазы болдыңыз. Осындай керемет жетістікке жете тұрып, спорттан ала алмаған несібеңіз қалды ма немесе өкінішіңіз болды ма?

– Өкінішім болды. Ол – «84»… Мен  1980 жылы Мәскеу олимпиа­дасын ұтып алдым. Екінші рет 1988 жылы Сеул ойындарында да алтын медаль иелендім. Алайда, осы екі ортада Олимпиада чемпионы болатындай бабымда бола тұрып, бола алмадым…  Сол кездегі саясаттың кесірінен Лос-Анжелес олимпиадасына қатыспай қалдық. Міне, менің өзегімді өртеген ең ащы өкініш осы болды. Енді осындай жағдайлар қайталанбаса екен деп тілеймін. Қаншама жылдар тер төгіп, олимпиада жүлдегері боламын деп армандаған спортшының жарысқа қатыса алмауы – нағыз обал дер едім.

Қазір мен бапкерлік жолдамын. «Ұлы спортшылардан ұлы бапкер шықпайды» деген сөзді сіз де мүмкін естіген шығарсыз. Өз басым осы қағидамен келіспеймін. Адамның арманы таусылмайды ғой, шынымды айтсам, менің қазіргі арманым тағы да Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпиондарын өсірсем деймін. Сондай тілекпен Қазақстандағы жұмысымды бастаған жайым бар.

Қазақстанға қанша мерзімге келдіңіз?

– Шартым 2016 жылы өтетін Олимпиада ойындарынан кейін аяқталады. Оған дейін көп тер төгуге тура келіп тұр. Қазақстан күрес федерациясы басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді. Қажет деген жағдайдың бәрін жасап жатыр.

– Туған еліңіз, өскен ортаңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Біз Калининград қаласында туғанбыз. Жиырма жылдай Киев қаласында тұрдық. Спорттағы жетістіктерімізге де осы қалада тұрғанда қол жеткіздік.

Менің ағамды да білетін шығарсыздар, өзі менен бес минут бұрын туған. Анатолий Белоглазов. Ол да атақты балуандардың бірі ғой. Мәскеу олимпиадасының чемпионы, үш рет әлем чем­пио­ны атанған. Қазір Беларусь ұлттық құрамасының бас бапкері. Екеуміздің де бала-шағаларымыз өскен.

Әңгімеңізге көп рахмет. Еңбегіңізге сәттілік тілейміз.

                                              Әңгімелескен:

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button