Басты ақпарат

Сергей ДВОРЦЕВОЙ: «КВН»-мен алысқа шаппаймыз

Өзіміздің Шымкенттің тумасы, кинорежиссер Сергей Дворцевойды «Айка» фильмінің былтыр­ғы Канн кинофестиваліндегі табысынан кейін таныдық. Талантты актриса Самал Еслямованың жұлдызын жандырған сол фильм жуырда жалпыұлттық прокатқа жол тартты. Режиссердің өзіне келсек, осыдан он жыл бұрын оның «Қыз­ғалдақ» аталатын тағы бір кинотуындысы аталмыш кинофестивальде «Ерекше көзқарас» аталымында топ жарды. «Трасса» атты деректі фильмі «Ника» кинопремиясын алды. Басқа да үлкенді-кішілі жүлделерді иеленген режиссерді «Айканың» Астанадағы премьерасынан кейін сұхбатқа тарттық.

АНАМ ШЫМКЕНТТІ ҚИМАЙ ЖҮР

– Сергей, премьераның алдында түбіңіз осы Ақмола-Астана өңірінен екенін айттыңыз. Осы туралы тереңірек әңгімелеп берсеңіз.
– Ата-әжем бастапқыда Петропавл жақта, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы аймағында жұмыс істеді. Одан кейін Ақмола қаласына көшіп келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан атам тың игеру жылдары колхоз төрағасы болды. Бала кезімде демалыста осы қалаға келіп тұратынбыз. Сол кездегі бір көрініс жадымда жатталып қалды: көпірдің үстінен бір адам Есілге қармақ салып отырып, дәу шортанды алып шықты. Өзіміз өзеннен шаян аулайтынбыз. Су мөп-мөлдір болатын. Шаянды жалаң қолмен алып шығатынбыз. Ата-әжем осында ұзақ жыл өмір сүріп, оларға топырақ та осы жерден бұйырды.
– Әкеңіз Ақмолада туған болып тұр ғой, сірә. Ол кісі Шымкентке қалай барып жүр?
– Иә, әкем – осы өңірдің тумасы. Келлеровка, Кременчуг ауылдарының маңайында туды. Ата-анам геодезия, картографиямен айналысатын. Шымкентке жұмыс бабымен барып, тұрақтап қалды. Отбасында екі бала болып өстік. Інім бір жыл бұрын инсульттен қайтыс болды. Әкем де дүниеден озды. Анам бар, сол Шымкентте тұрады. Мәскеуге алып кетейін десем, көнбейді. Өзі сіңген ортаны қимай жүр.
– Өмірбаяныңызбен танысқанда қызық деректерге жолықтық. Жасөспірім шағыңызда футболмен айналыстыңыз. Тіпті, кәсіби тұрғыда бұл спорт түріне ден қойған екенсіз. Алайда оны тастап, авиация училищесін оқып бітірдіңіз. Новосибирск электротехникалық институтын да тәмамдапсыз. Осының бәріне қанағаттанбай, кино өнеріне қалай келіп жүрсіз?
– Бала кезімнен футболшы болуды армандадым. Бар мақсатым да сол болды. 17-18 жасымда екінші лигада ойнайтын Екібастұздың «Угольщик» командасына шақырылдым. Бірақ бір жарақат алып қалып, сол қайта-қайта мазалай берді. Ақыры спортты тастауға мәжбүр болдым. Авиация училищесіне кездейсоқ бардым. Туысқан ағам Кривой Рог қаласындағы сол оқу орнына түсетін болып, мені де үгіттеді. Училищенің филиалы Алматыда болатын. Емтихандарды сол қалада тапсырдық. Қызық болғанда, ағам түспей қалып, мен өтім кеттім. Училищені бітірген соң, Шымкент авиажасағында 9 жыл жұмыс істедім.
Кино туралы ешқашан ойламаған едім. Авиациядан жалыққан болуым керек, бір күні «Южный Казахстан» газетінен Мәскеуде режиссерлердің жоғары курсына оқуға қабылдап жатқандығы жайлы жарнаманы оқып қалдым. Басты талабы, бір сценарий жазып жіберу болатын. Отыра қалып, бірдеңе жаздым да жібере салдым. Бөтен ойым болмаған еді. Бір күні емтихандардың екінші кезеңіне өттіңіз деген жеделхат алдым. Емтихандар Алматыда өтті. Соны сәтті тапсырып, Мәскеуге бардым. Ақыры сценаристер мен режиссерлердің жоғары курс­тарына түстім. Басында кино туралы түк білмейтінмін. Кейін үйрендік қой.

Өмірдерек

Сергей Дворцевой 1962 жылдың 18 тамызында Шымкент қаласында туған. Осы қаланың №29 орта мектебін бітірді. 1979 жылы Кривой Рог қаласындағы авиациялық училищеге оқуға түсіп, 1982 жылы аяқтады. 1982-1990 жылдары Шымкент авиажасағында жұмыс істеді. 1988 жылы Новосібір электротехникалық институтының радио­техникалық факультетін сырттай оқып тәмамдады. 1990 жылы Мәскеудегі режиссерлердің және сценаристердің жоғарғы курсына режиссерлік бөлімге (Л.Гуревич пен ­С.Зеликин шеберханасы) қабылданды. Оқу кезінде курстық жұмыс ретінде түсірген «Бақыт» қысқаметрлі фильмі мен дипломдық жұмысы – «Нан күні» кинотуындысы бірнеше халықаралық фестивальдерде гран-при иеленді. Оқуды аяқтаған соң «Трасса», «Түнекте» деректі фильмдері мен «Қызғалдақ» көркем фильмін түсірді.

САМАЛ СЕНІМІМДІ ТОЛЫҒЫМЕН АҚТАДЫ

– Бағана «Айканы» таныстырғанда авиажасақта жұмыс істегенде, қызғалдақтарды көп көрдім деп айттыңыз. Бұл гүлге қызығушылығыңыз сол кезде оянды ма? Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» деген тұжырымдаманы ұсынды. Осыған көзқарасыңыз қандай?
– Бұл тұжырымдама туралы сіздің аузыңыздан енді естіп отырмын. Әрине, бұл жағдай мені қуантады. Авиацияда жүргенде қызғалдақтарды көп көргенім рас. Екіншіден, кино өнеріне деректі фильмдер арқылы келдім. Сонда да бұл гүлді көп түсіретінмін. Даланың қызыл гүлдерге малынған кезін көрген де бір ғажап қой! «Қызғалдақ» атты алғашқы көркем фильмімді түсіре бастағанымда Ақтөбе жақтан осы аттас әдемі қазақ қызын кезіктірдім.
– Қыздың аты Қызғалдақ па еді?..
– Тюльпанның қазақша қызғалдақ аталатынын білем. Бір қызығы, қыздың аты олай емес, Тюльпан еді. Осылайша көркем фильмге оның атын арқау етіп алдым. «Айка» фильмінде де қызғалдақ гүлдері көрінетін эпизод бар. Мәскеуде гүлдерді үйінде өсіретін адамды білем. Соны барып түсіріп алдым.
– Ал «Айканы» түсірудің идеясы сізге қалай келді?
– Газеттен «қырғыз әйелдері Мәскеу­де бір жыл ішінде 250 баланы тастап кетті» деген ақпарат оқып қалдым. Қазақстанда туып-өскендіктен, қазақ әйелдері балаға қалай қарайтынын жақсы білем. Олардың балаларға мейірімділігі, қамқорлығы бөлек қой. Ал Мәскеудегі өкінішті жағдай миыма сыймады. Соны зерттейін дедім. Қиын жағдайға түскен бірнеше әйелмен кездестім. Түптің түбінде фильм түсіру керек деген шешімге келдім.
– Басты рөлге Самал Еслямованы неге таңдадыңыз?
– Самал «Қызғалдақ» фильмінде де ойнады. Актриса, адам ретінде сонда маған қатты ұнады. «Айкаға» жақсы актриса ғана емес, рөлді алып шыға алатын өзегі мықты, төзімді адам керек еді. Өйткені басынан оған жеңіл тимейтінін білдім. Самалға сендім. Ол сенімімді толығымен ақтады.
кино мен үшін коммерция ғана емес

– Мәскеуде тұрып, жұмыс істейсіз. Ресей мен Қазақстанның киноиндустриясын қалай бағалайсыз? Айырмашылықтары бар ма?
– Қазақстанның киноиндустриясын жақсы білем деп айта алмаймын. Әрине, туған елімде шығатын фильмдердің бәрін көруге тырысам. Ресейде кино өнерін мемлекеттік деңгейде қолдау жақсы жолға қойылған. Сол елдің Мәдениет министрлігі қаржыны киноға көп құяды. Бұл бір жағынан жақсы да, екінші жағынан жаман да. Кейбір продюсерлер мен режиссерлердің ақшаны алып, қайдағы жоқ киноларды түсіретіні жиі кездеседі.
Қазақстанда да киноны қолдау бары қуантады. Салыстыру үшін айтайын, жақында Германияда Әзербайжаннан келген дистрибьютермен сөйлесіп қалдым. Ол маған сол елдегі қиын жағдай туралы айтты. Мемлекет үлкен киноға көңіл бөле қоймайды екен. Тек сериалдарды ғана қаржыландырады.
– «Айка» сияқты фильмдерге қазір сұраныс бар деп ойлайсыз ба? Мәселен, Қазақстанда қазір комедия көп түсіріледі. Бір қызығы, осы жанрдағы фильмдерге халық көп барады. Бір тамақты көп жеп қойсаң, жүрегің айниды. Жеке өзіме, біздің елде сондай жағдай болып жатқан сияқты.
– Дұрыс айтасыз, әр нәрсенің балансы болуы керек. Яғни, тепе-теңдікті ұстаған жөн. Әрине, жұмыстан шаршап келіп, жеңіл фильм көріп, демалғысы келетін адамдар бар. Бірақ интеллектуал адамдарды да есепке алу керек. Миды зерттейтін нейробиологтар адамға даму үшін оқу, көру керектігін айтады. Сол дүниелердің арасында салмақты дүниелер болғаны қажет. Егер адам ойландырмайтын дүниелерге әуес болса, онда миы тоқырауға ұшырайды. Сондықтан комедиялармен қатар салмақты фильмдер де түсірілуі керек деп есептеймін. Бір «КВН»-мен алысқа шаппаймыз. Ел үшін де, жеке адам үшін де ол қауіпті.
– Жақында Қазақстанда «Кинематография туралы» заң қабылданды. Бұған көзқарасыңыз қандай? Бұл жағдай Қазақстандағы кино өнеріне жақсы жағынан әсер етеді деп ойлайсыз ба?
– Заң туралы естісем де, оның қабылданғанын білмеппін. Онда өте тамаша болды. Бұл киноның айналасында жүрген адамдарға жеңілдіктер береді. Киноның дамуына да жол ашады. Ресейдің тиісті заңында қосымша құн салығын, басқа да мәселелерді реттейтін тетіктер бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл заң кино түсіруге ыңғайлы жағдайлар тудырады. Қазақстанның заңын оқымасам да, онда да киногерлер үшін пайдалы жақтар бар шығар деп ойлаймын.
– Тимур Бекмамбетовтің шығармашылығына көзқарасыңыз қандай? Өзіңіз үшін кино өнер ғана емес, ойларыңызды жеткізу құралы ма?
– Тимур – жақсы, талантты режиссер. Мен оны маман ретінде, жерлес ретінде құрметтеймін. Бірақ ол киноға тауар ретінде қарайды. Менің жанрым басқа. Өзім кино түсіргенде бар жанымды саламын. Мәселен, Владимир Высоцкий әндерін, өлеңдерін танылу үшін жазған жоқ қой. Оның туындылары – жандүниесінің көрінісі. Киноға өнер ретінде қараймын. Ол өзім үшін коммерция ғана емес. Бір фильмді түсіруге бүкіл энергияны саламын. Оны аяқтап болған соң, батарея сияқты қуатым таусылады. Бұрынғы қалпыма келу үшін бір ай демаламын. Сол уақытта жаңа идеяларды пісіремін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button