Қала тіршілігі

Сергей Солодовников: Біздің күшіміз – біртұтастығымызда

011

– Барлық депутаттар сайлауалды жасаған бағдарламасында берген уәдесін орындауға тырысады. Бағдарлама құрар кезде біз қалада қандай мәселелер бар, нендей әлеуметтік мәселелер шешімін таппаған, соларды жіті зерттей отырып түздік. Әрине, депутаттардың барлығы берген уәдесін толығымен орындап тастай алмайтын шығар. Десе де біз сайлаушылар алдында берген уәдемізді орындауға барынша атсалысамыз. Әсіресе, өзім тұрақты мүшесі болатын әлеуметтік-мәдени даму мәселелеріне келсек, қаланы көгалдандыру, балабақшалар, көлік қоятын орындар салу, қоғамдық көлік мәселелерін шешу, аулаларды абаттандыру, тұрмыстық және әлеуметтік салаға қатысты барлық мәселенің рет-ретімен шешімін тапқанын көздейміз. Мен өзім тұратын ауданның №22 округінен сайландым. Осы қалада тұрып жатырмын әрі халыққа не қажеттігін өз арасынан шыққандықтан білемін. Сайлаушыларыммен әрдайым тығыз қарым-қатынастамын. Мәселен, ПИК-пен үнемі байланысып қандай мәселелер туындап жатыр, соған талдау жүргіземіз.
Мен осы қалада өмір сүріп жатырмын. Бұл менің туған қалам. Проблема барлық қалада бар. Сондықтан мені өз қаламның мәселесі бейжай қалдырмайды. Еліме пайдамды тигізгім келеді. Қаланың тұрғыны ретінде туған қалама еңбек сіңірсем деймін.
Бүгінде Астанада бала саны көп бол­ғандықтан балабақшалар жетпей жатыр. Қалада көлік қоятын орындар да тапшы. Яғни, депутаттар кор­пусының алдында Астананың ахуалын көтеру сияқты міндет тұр. Осы алтыншы шақырылымның құрамында жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Әріптестерімнің бәрі де сауатты әрі өте мәдениетті жандар. Осындай құраммен қалалық билік арқылы талай мәселені бірігіп шешеміз деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, биыл 4 шілде күні Астана халқының саны миллионға жетті. Қазір елордада миллион тұрғын өмір сүруде. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп жатқандықтан, шешетін мәселелер көбейе бермек. Сондықтан депутаттар корпусы Астана қаласының бірінші кезектегі өзекті деген мәселелерін кейінге қалдырмауға тырысады.
Әрбір депутаттың өз округінде сайлау­шылармен кездесу өткізетінін білесіз. Оның үстіне, мәслихатта мәслихат депутаттарының азаматтарды қабылдау кестесі көрсетілген. Мен көбіне жұмыс орнымда да сайлаушыларымды қабылдай беремін. Олардың айтып келген талап-арыздарын, шағымдарын тыңдаймын. Соған орай, бұл мәселелерді шешу бойын­ша жұмыстар жүргізіледі. Тұрғындар көбіне заңсыз құрылыстар, жайсыз аулалар, көлік қоятын орындардың жетіспеушілігі және т.б. мәселелер бойын­ша шағымданып келеді. Мысалға, қазір алдымда тұрғын үй кешенін пайдалануға беру кезінде заң бұзушылықтар анықталғаны жайлы арыз жатыр. Соған байланысты құзырлы органдарға сауал хат жолдадым. Депутаттардың да құзыры шексіз емес, бірақ қолымызда қандай мүмкіндіктер бар, соған қарай әрекет жасаймыз.
Жуырда Алматы ауданының әкіміне аулада балалар алаңын салу туралы ұсыныспен шықтық. Әкім бұл мәселені қолдап, ескі ойын алаңдарын жаңасына ауыстыру үшін қаржы бөлдірді. Астанада сәбилер саны өсуде, көптеген жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздардың саны қысқарып келеді. Елорда бірден-бір жұмыссыздары аз қала деп мақтануға болады. Астананың әлеуметтік-мәдени ахуалын шешу үшін депутаттар жиналыс кезінде ақылдасып, мәселелерді шешу жолдарын қабылдайды. Әрине, қанша адам болса, сонша пікір бар. Дегенмен, біз біртұтас болуымыз қажет. Өйткені, қаланың бюджетін біз бекіткендіктен халықтың ақшасын оңды-солды шашып отыруға жол бере алмаймыз.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button