Басты ақпаратҚұқық

«Sergek» сергектікті талап етеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһанданған заманда «цифрландыру» жаңа мүмкіндікке жол ашатынын айтып, қоғамның барлық саласына енгізуді тапсырды. 2025 жылы жаһандағы ақылды қалаларда 350 миллион бейнебақылау камерасы жасанды интеллект жүйесіне біріктіріледі. Қазірдің өзінде ақылды бейнебақылаулар Smart City-дің ажырамас бөлшегіне айналды. Астана қаласындағы қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесін 13 мың камера бақылайды. Біз ақпаратты өңдеуге және талдауға арналған камералардың жұмысына жауапты «Көркем Телеком» компаниясына хабарласып, бейнебақылау жүйесінің мүмкіндігі туралы сұрадық.

ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

Әлем елдерінің тәжірибесінен қоғамдық орындар және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бейнебақылау камераларына басымдық беретінін көруге болады. АҚШ-та 1000 адамға шаққанда 152,8 камерадан келеді. Бұл – әлем бойынша ең үздік көрсеткіш. 2018 жылдан АҚШ-та интеллектуалды камералар жол қозғалысы мен қоғамдық орындардан бөлек, әуежайлар мен шекаралық пункттерді бақылауға көшті. Мақсат – терроризм мен экстремизмнен қорғану. Бұл камералар дәстүрлі паспорттық бақылауды алмастыра бастады.

2018 жылы Ұлыбритания қауіп­сіздік индустриясы басқармасы (BSIA) Лондон қаласында 642 мыңға жуық бақылау құрылғысы орнатылғанын, оның 15 мыңы метрода екенін мәлімдеді. Орташа есеппен қаланың 14 тұрғыны мен қонағына бір камерадан келеді және әр адам күніне 300 рет камераға түседі.

Қытай қауіпсіздік мәселесін ақылды бейнебақылаулар арқылы шешуге басымдық беретінін аңғартты. Бұл ел камералардың жалпы саны бойынша әлемде көш бастайды. 2020 жылы Қытайда құрылғылардың жалпы саны 200 миллионнан асып, барлық негізгі қоғамдық аймақты қамтыды. Жеке басын сәйкестендіру саласында көмектесетін үлкен мәліметтер базасын жинақтады. «Өткір көз» деп аталатын бейнебақылау жүйесі кескінді бірден өңдеу орталығына жіберіліп, объективке қандай адам түскенін үш секунд ішінде 88 пайыз дәлдікпен анықтайды.

2018 жылдан Грузияда смарт камералар ұлттық мәртебеге ие болып, жүргізушінің жол қозғалысы ережесін бұзуын тіркейтін жүйеге айналды. Ақылды қалалардың ажырамас бөлшегіне айналған камералар миллиондап саналады. Мәселен, Ресейде 13,5 миллион камера тіркелсе, Германияда – 5,2 миллион, Жапонияда – 5 миллион, Вьетнамда – 2,6 миллион, Францияда – 1,7 миллион, Оңтүстік Кореяда 1 миллион камера қоғам қауіпсіздігі мен жолда жүру ережесін бақылайды.

«SERGEK» – СЕНІМДІ СЕРІГІҢ

«Көркем Телеком» ЖШС коммуникация департаментінің директоры Асель Кужахметова:

– Қоғамдық және жол қауіпсіздігін бақылайтын «Sergek» камералары қаланың қылмысқа бейім аумағында, мектептердің жанында және тұрғын үйлердің аулаларында орнатылды. Жолдардың қиылысында және сызықтық учаскелеріндегі камералар жолдағы тәртіпті сақтау­ға негізделді. Мысалы, Астанада жоба іске қосылған жылы жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны 43 пайызға, яғни 53-тен 20-ға азайды. Қоғамдық орындардағы қылмыс 46 пайызға (33276-дан 18041-ге) төмендеді, – деп жауап берді.

Интеллектуалды камералар орнатылмас бұрын арнайы сараптама жасалып, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті картасына назар аударылады. Құқық бұзу деректері жол қозғалысы қауіпсіздігінің жедел ақпараттық жүйесіне тіркеліп, әкімшілік полиция өкілдерімен тексерілгеннен кейін жол ережесін бұзушыға хаттама жолданады. Әкімшілік полиция комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, жол жүру ережесін бұзған азаматтар жеті тәулік ішінде әкімшілік айыппұлды 50 пайыз мөлшерінде төлей алады.

Бізді «Сергек» жүйесін бақылайтын және іске асыратын компанияның жұмысы қызықтырды. «Sergek Group» IT компаниялар тобының негізін ағайынды Қайрат пен Әсет Ахметов құрды. 2006 жылы «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесін әзірлейтін щағын компания болып құрылды. 2016 жылы шешімдерді шетелге шығару тәжірибесі бар, бірнеше стартап дайындаған компания «Sergek» жүйесін құруға кірісті. Онда 1000-ға жуық қазақстандық IT маман мен инженер жұмыс істейді. Олар «ақылды қала» жобасын ілгерілету бағытында ізденіп келеді.

Бүгінде аппараттық және бағдарламалық жүйеге біріктірілген қосымша өнімдер полиция қызметкерлерінің жедел жұмысында көмегі зор. Яғни Sergek адамдардың сенімді серігіне айнала бастады. Әрі алыс және жақын шетел компаниялары қызығушылық білдіре бастады. Мәселен, 2022 жылы интеллектуалды камералар Өзбекстанның Наманган қаласында іске қосылса, 2023 жылы жүйе пилоттық түрде Индонезияның Баликпапан қаласында қызмет ете бастады.

ҚАНША КАМЕРА БАР, ҚЫЗМЕТІ НЕНДЕЙ?

– Астана қаласында біздің жүйе бойынша 13 мың камера қызмет көрсетеді. Оның 3 мыңы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне біріктірілді. «Sergek» кешендеріндегі камералар жол қозғалысын ғана емес, қаладағы қоғамдық қауіпсіздік пен экология бағытын қадағалайды.

Sergek жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеп, ереже бұзған сәттен фотосуреттер мен видео арқылы көлік нөмірін анықтайды. Осы деректер процессинг орталығына жіберіледі, әрі қарай полиция инспекторы жеке ЭЦҚ арқылы қол қойып, содан кейін ғана тәртіп бұзушыға айыппұл жібереді. Айыппұл мөлшері жайлы ақпаратты тек Ішкі істер министрлігі береді, – деді Асель Кужахметова.

Әлеуметтік желіде sergek-тен түскен қаржы жеке компанияларға кетеді, мемлекетке тікелей аударылмайды деген пікірлер желдей есіп жүр. Мұның да мән-жайын білдік.

– Сергек жүйесі арқылы жазылған жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдың барлығы мемлекет бюджетіне түседі. «Бюджет кодексінің» 50 және 51-бабына сәйкес, мемлекеттік мекеме салатын айыппұл, өсімпұл, санкция, өндіріп алатын қаржы бюджетке тиесілі. Тиісінше, белгілі бір қалада тіркелген айыппұлдар сол қала бюджетін толықтырады, – деді компанияның өкілі.

Интеллектуалды жүйенің түнгі уақытта бақылау қабілеті қандай, қанша жолақты бақылайды. Асель Кужахметованың сөзінше, инфрақызыл жарығы бар кешен кез келген ауа райында жұмыс істейді, 10 миллион циклге жететін жабдық үш қозғалыс жолағын қамтиды. Бір камераға үш инфрақызыл жарық қосылады, әрқайсысы бір жолақтағы қозғалысты бақылайды. Түнгі уақытта адам кескіні анық көрінеді. Камера түсірген фотосуреттен құрылғы машинаның мемлекеттік нөмірін ғана емес, алдыңғы орындағы жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік белдігін таққан-тақпағанын анықтайды.

Камералар 3 жолақты 23-30 метрге дейінгі көліктің жылдамдық шегін, қиылыс алдында бүтін сызықты басу, рұқсат етілмеген жерге тоқтау немесе аялдау, бағдаршамның тыйым салатын түсіне өту, арнайы жолақпен жүруді, жаяу жүргіншіге жол бермеген көлікті тіркеп, бақылайды. Бұл пилоттық жоба ретінде бір жыл бұрын енгізілді.

P.S: Шыны керек, жол қозғалысы ережесін сақтайтын жүргізушілер «қырағы камераның көзінен» аман болады. Сондықтан «Sergek» сергектікті талап етеді. Көлік жүргізуші ретінде түйген ойымыз – осы!

Нұрлат Байгенже

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button