Елорда тынысы

«Сергек» жүргіншіні бақылайды

Таяу күндері елордадағы «Сергек» АӨК жұмысына қосымша функция енгізілді деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының поли­ция департаментінің баспасөз қызметі.

[smartslider3 slider=2123]

Қаладағы 23 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде «бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту» секілді заң бұзушылықты анықтау бойынша «Сергек» аппараттық бағдарламалық кешеніне қосымша функциясы әзірленіп, енгізілген. Бұл жаңалық «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында еніп отыр. Себебі балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Биыл жарияланған «Балалар жылына» орай бұл ақпарат баршамызға жағымды болғаны сөзсіз.

Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сергек» жүйесі ел астанасында 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 13000 камера орнатылып, орталық жүйеге қосылған. Жылдамдық режимін және автобус жолақтарын бақылайтын 300 желілік учаскесі болса, жылдамдықты, тоқтау желісі мен бағдаршамның қызыл белгісіне бағынбағандарды назарға алатын 400 қиылыс бейнебақылаумен жарақтандырылған. 4000 камера тұрғын үйлердің аулалары мен халық көп шоғырланатын орындарға орнатылған. Күніне 12 миллионнан астам ақпаратты өңдейтін «Сергек» бас шаһардағы жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге мүмкіндік беріп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды жедел ашуға көп септігін тигізеді.

Полиция былтырғы жылы шаһардың жаяу жүргіншілері өткелінде 98 жол-көлік оқиғасы орын алғанын айтуда. Жаяу жүргіншілерді реттелетін өткелдерде – 38, реттелмейтін өткелдерде 60 қағып кету деректері тіркелген. Жол-көлік оқиғалары нәтижесінде 100-ге жуық азамат әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Жол қозғалысының барлық қатысушылары өзара құрмет көрсетіп, көлік тізгіндеушілерге барынша мұқият болып тежеуіштің бар екенін естен шығармағандары дұрыс. Сол секілді жаяу жүргіншілерді көрген сәтте жылдамдықты түсіріп, парасаттылық танытқандары абзал, – дейді аталған полиция департаменті.

Қазіргідей қаладағы қолайсыз ауа райы кезінде де жоғарыда айтқан ескертулерге құлақ асып жүрудің артықтығы болмайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button