Серік ЖАҚСАБАЕВ, «Астана-ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналды мемлекеттік кәсіпорынның директоры: ҚҰТЫРМА АУРУЫНАН ТЕГІН ҚҰТҚАРАМЫЗ
БАҚ-тан, ел арасынан, екеуара әңгімелерден қаңғыбас иттер мен мысықтардан зардап шеккен тұрғындар жайлы жиі болмаса да, арагідік естіп қалатынымыз бар-ды. Сонымен қатар елордалықтар арасында да үй жануарларын ұстап, бағатындар жетерлік. Ал оларды егіп, бақылайтын арнайы мекеме уақыттың сұранысы екенін осы күнге дейін сезетінбіз. Көпшілік тілегі басшылықтың құлағына жетті. Астана әкімдігінің қолдауымен шаһар аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті және эпизотиялық қалыпты жағдайды сақтау мақсатында «Астана-ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналды мемлекеттік кәсіпорны құрылды. «Жеделсөз» айдарының бүгінгі қонағы – жаңа есігін ашқан мекеменің директоры Серік Жақсабаев. Әңгіме барысы «Астана-ветсервистің» атқаратын қызметі төңірегінде өрбіді.
Серік Оразалұлы, алдымен қызметтеріңіздің негізгі түрлеріне тоқталсаңыз.
– Қала болған соң, түрлі жануарларды бағып-қағатындар бар. Ал мұндай ортада біздің қызметтің керегі әлдеқашан байқалған. Енді қызмет түрлерімізге тоқталсақ, үй және ауыл шаруашылық жануарларын вакцинациялау арқылы малдардың аса қауіпті және энзоотикалық ауруларына қарсы ветеринарлық шаралар өткіземіз. Сонымен қатар қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, жою да міндетімізде. Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіруді өткізу де біздің құзіретіміз болып саналады.
Құтырма ауруына шалдыққандар да табылады қаладан. Оның себебін неден іздейміз?
– Астана аумағы кеңейген сайын, Ақмола облысының жақын территорияларынан қоныс аударушылар қатары артқанын білеміз. Бұл қараусыз иттер мен мысықтар санының көбеюіне әкеліп соқтырды. Осының салдарынан, яғни, қараусыз иттердің қабуынан, тістеуінен зардап шеккендер әлгі аталған ауруға тап болады. Ондай науқастар қатары бүгінде расында өскен. Ал құтырма – жұқпалы. Осы орайда, айта кетейін, үй жануарларын құтырмаға қарсы вакцинациялау біздің мекемеде ақысыз негізде өткізіледі.
Елордалықтарға қызмет көрсету мақсатында ашылған мекеменің басшысы ретінде оқырмандардан сұранарыңыз бар ма?
– Әлбетте, қала тұрғындарынан 2007 жылы мәслихат шешімімен бекітілген иттер мен мысықтарды ұстау ережесін сақтауды, мал емдейтін емханаларда жануарларын тіркеуді және уақытында вакцинация алуды сұраймын. Сонымен қатар қараусыз қалған жануарларды анықтай қалсаңыз, біздің мекемені құлақтандырыңыз. Вакцинация, аулау бойынша қызметті шақыру және басқа да мәселелер бойынша 44 57 17, 44 57 22 телефондары тегін қызмет көрсетеді.