Елорда тынысы

Серіктестікке – тың серпін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады.

«Құрметті Премьер-министр мыр­за, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін» деді кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Виктор Орбан жоғары қонақжайлығы үшін Қасым-­Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

«Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор» деді Виктор Орбан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын айтты.

«Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан астам өскенін, таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенім білдірді. Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.

Өз кезегінде Виктор Орбан: «Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыс­тырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын» деп мәлімдеді.

Келіссөз қорытындысы бойынша білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.

Одан кейін Қасым-Жомарт ­Тоқаев пен Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

«Біз бүгін нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Әсіресе екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және инвестициялық ынтымақ­тастықты дамытуға баса мән бердік. Осы орайда тауар түрін көбейтіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану аса маңызды. Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент келіссөз барысында инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, жыл соңына қарай Батыс Қазақстандағы «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орны ашылады. Онда Мажарстанның «MOL» мұнай-газ компаниясының үлесі 192 миллион доллар болмақ. Сондай-ақ «Globalia» кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергиясы станцияларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 150 миллион доллар. Бұдан бөлек, келесі аптада Астанада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді. Президент мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қазақ-мажар қатынастарының алтын көпірі ретінде атап өтіп, бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар екеніне назар аударды.

«Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттері үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Көптеген жастарымыз Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Жаңа ғана осы бағдарламаны жалғастыру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл білім саласындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашады. Биыл мажар халқының ұлы перзенті Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толуына орай бүгін Астанада жаңа көшеге ақынның есімі беріледі» деді Президент. Өз кезегінде Мажарстан Премьер-министрі осыдан тоғыз жыл бұрын қазақ-мажар қатынастарын стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын айтты. «Экономикалық байланыстарды анағұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін берік негіз қаладық. Мажарстан халқы сіздермен туыстық байланысы бар екенін біледі. Қазақтар – ортақ тарихымыздың бір бөлшегі. Елдеріміз арасында саяси достықтан бөлек, экономикалық ықпалдастық нығайып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз Еуропадағы теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет ретінде көп нәрсені сырттан аламыз. Мажарстанға Ресей мен Қазақстан мұнайы экспортталады. Әзірге мұнай көлемі соншалықты үлкен емес. Әйтсе де тасымалдау арнасы бар. Бұл – еліміздің қауіпсіздігі тұрғысынан өте маңызды қадам» деді ол.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button