МәдениетТағзым

СЕРІНІ САҒЫНУ (естелік-эссе)

289145444

Жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтің туғанына 80 жыл толуына орай

Сонау бір жылдарда Сәкен серінің дәуірлеп тұрған тұсында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілдей хабар жарияланды. Онда Көкшетау облысының әкімшілігі белгілі жазушы Сәкен Жүнісовті жергілікті халықтың ұйғарымы бойынша «Сәкен сері» деп атауды лайық көріпті. Шамасы, Көкше өңірі сол жылдарда – 150 жыл бұрын өмірге келіп, дүниеден дүркіреп өте шыққан Ақан серісін сағынған болса керек!

Сері туралы романды жазу үшін сол адамның өзі сері болуы керек. Серіліктен құралақан адам серінің тұлғасын қалай сомдайды?! Ал, айдай әлемге әйгілі «Ақан сері» романын оқыған адам оның авторы Сәкенді сері демеуге хақысы қалмайды…

Осы орайда, атақты ақын Мағжан Жұмабайұлының «Ақан сері» жазбасының серіні сипаттаған жері еріксіз еске түседі.

«Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, он бес, жиырма жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген, біресе қара киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында – домбыра, аузында – ән. Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әншіл. Бірақ Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай қалады. Қалың қарауылдың қалың көздері: «Ақанның әні-ай!» деп күрсінеді».

Осы мақаланы оқи отырып ойға батасың. Егер Ақан серінің заманы болса, Сәкен сері де тура осылай болар еді-ау, осылай сән-салтанат құрып, Арқа даласында арқа-жарқа жүрер еді-ау. Әттең, Сәкен серінің заманы бөлек, заманының амалы бөлек.

Ақан секілді Сәкеннің де соңынан 15-20 жігіт жүрер еді, келмеске кеткен Кеңес өкіметінің келеңсіз саясаты оған ерік бермеді. «Топ жинап, топар сайлап, топтанып жүрген бұл неғылған тобыр!» деп, соңына үш әріптің (КГБ) адамы түсіп, әлек-шәлегін шығарар еді. Осыны түсінген Сәкен Кеңес өкіметінің саясатына онша мойын ұсынған жоқ. Коммунистік партияға мүше боп кіргісі де келмеді. Ал, өзінің әкесі мен шешесінің партия қатарында болғанын, сол жолда аянбай тер төккенін өмір бойы мақтаныш етіп өтті. Өйткені, олар өкімет пен партияға, Ленинге, Сталинге қатты сенген еді. Әттең, үміттері ақталмады!..

Ал, Сәкен болса, бұл мәселеге басқашалау келіп, сын көзбен қарады. Отыз екінің де, отыз жетінің де ортасында болмаған ол өзінің туған жері тың тақсіретін тарта бастағанда ол жиырмаға келген соқталдай жігіт еді. Сәкен туған Көкшетаудың Қызыл ту ауданы – Ресейдің Омбысымен шекаралас ел. Сол кездегі саясат екпінінің тың тепкінін алдымен осы ауылдар бастан кешірді. Көрер көзге қазақ мектептері жабылып, мал бағып, отын жағып отырған қазақ ауылдары амалсыздан жан-жаққа бытырап көше бас­тады. «Қағынан жерінген құландай» ерте көктемде үдере көшкен қазақ ауылдарының қам-харакеті болашақ жазушының қабырғасын қайыстырып, мұңын үдетті, жанын жүдетті. Осының бәрі Хрущевтің қияс саясатынан туындап отырған жай екенін сол кездің өзінде-ақ айқын сезіпті.

Содан сол кезде тың туралы үсті-үстіне қаулап шығып жатқан қаулылардың бірін халық алдында оқып беруді партия хатшысы жас мұғалім Сәкен Жүнісовке тапсырады. Сонда, болашақ жазушы Сәкен сері сол жерде не істеген дейсіз ғой?

Шағын кітапша болып шыққан қаулыны қалың жұрттың көз алдында белінен бір-ақ жыртыпты да:

– Мен Хрущевтің саясатына қарсымын! – деп трибунадан түсіп, алды-артына қарамай тартып отырған. Сол сәттен бастап Қызыл ту ауданында алашапқыншылық басталады. «Ойбай, Сәкен Жүнісов деген жас жігіт «халық жауы» болып шығыпты!»

1937 жылдан бері болмаған осынау «тосын жаңалықты» мектеп директоры дереу аупарткомға хабарлаған, аупартком жерден жеті қоян тапқандай обкомға жеткізген. Обком жедел «комиссия» құрып, Қызыл туға аттандырады. Ішінде «қызыл жағалылары» да бар дейді. «Саяси қылмыскер» болған соң, әрине, қауіпсіздік комитетінің мүшелері де кең қамтылыпты…

«Мұздай қаруланған» жедел топ келе жатыр!» деген хабар Сәкенге де жетеді. Содан, әлдекімдер «қаш» деп үгіт айтып, ақыры, Алматыға аттандырып жібереді.
«Қызыл туға» келген «комиссия» Сәкеннің орнын сипап қалады.

Сәкен Алматыға келген соң да «үш әріптің» адамдары соңына түсіп, ұзақ әурелепті. Белгілі жазушы Мұқан Иманжановтың қарамағына кіріп, «Қазақстан пионерінде» істеп жүрген Сәкен осы тұста өндірте жазып, алғашында балалар жазушысы болып қалыптасады. Жазған шығармалары – Мұхаң, Ғабең, Сәбеңдердің көзіне түсіп, көңіліне ұнай бастады. Ұстазы Зейнолла Қабдолов, бірге қызмет істейтін досы Тұманбай Молдағалиевпен жұп жазбай араласады. ҚазМУ-дың тіл-әдебиетін үздік бітірген Сәкен сол түста ғалымдыққа бой ұрып, атақты Мұхтар Әуезовтің алғашқы аспиранттарының бірі болады.

…Сонау бір жылдары Сәкен ағамыз Арқалыққа келді. Мен осы күнгі «Жас алаштың» Торғай облысындағы меншікті тілшісі едім. Торғай театры Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» деген спектаклін өте тартымды қойды. Халық жақсы қабылдады. Артынан болса болмаса, банкет дегендей… Сәкен ағаң аңыратып ән салады, оны тыңдап отырған айналасындағылар аузын ашып, көзін жұмып тамсанады. Сөйлеп кетсе көлдей толқып, желдей шалқып шыға келеді. Ән де, әңгіме де сонда, өнердің қай қырына салсаң да әмбебап, алмастың жүзіндей жарқылдап, қырандай саңқылдап, аузынан от шашырап, асау тұлпардай ойнақтап шыға келеді. Қырықты қусырып, елудің еңсесіне енді іліге бастаған кезі болса керек. Әсіресе, ән салғанда жайшылықтағы қатулы қабағы тез жазылып, жаздың гүліндей жадырап, жайнап сала береді екен. Арамызда театр артистері, тағы да облыстың толып жатқан өнерпаздары – өрімдей, өрен жастары бар. Ондай жерлерден облыс басшылары, партия-совет қызметкерлері қалған ба, қаздай тізіліп, қатарласып төрде отыр. Ән салынады, әңгіме айтылады, бірақ Сәкеннен өнер асырып отырған адам жоқ.

Осындай бір сәтте ортамызда отырған облыс басшыларының бірі Сәкенге бір сұрақты дүңк еткізіп тастай салды.

– Сен осы баяғыда комсомол сый­лы­ғын қалай ала алмай қалдың, «Жапан­дағы жалғыз үй» жақсы роман еді ғой?

– Жақсы болса, неге бермедіңдер сыйлықты? «Ертең газетке шығады» деп алдын ала құттықтап, суретке де түсіріп әкеткен… Себебін өздеріңіз білетін шығарсыздар. Мен қайдан білейін!

– Мен білсем, – деді әлгі кісі сөзін одан әрі жалғап, – романдағы басты геройың – Қарасайдың партиялық бейнесі толық бедерленбепті дегендей бірдеңе естігем…

Сәкен Жүнісов орнынан атып тұрды. Қабағы қырыстанып, маңдай терісі білеуленіп кеткен. Жұдырығын түйіп, жүтынып шыға келді.

– Не дейсің?! – деді әлгі басшы адамға сес көрсетіп.

Содан соң жауабын күтпестен қарлығыңқы дауыспен, қолын қайта-қайта сермеп, жұлқына сөйлеп кетті:

– Партиялық образ дейсің. Сен өзің қай партияны айтып тұрсың?! Он жетінші жылы ойындағысын істеп, жиырма жетінші жылы «бай» деп қыстап, ауқаттылардың бәрін атқанын атып, атпағанын итжеккенге айдаған, сөйтіп, асыл азаматтарымның басын түрмеде шіріткен партияны айтасың ба? Отыз екінші жылы аштыққа ұрынған, отыз жетінші жылы қастықпен қырылған кімнің халқы? Оны басқарған кімнің партиясы? Ол тап осы күнгі сенің партияң! Кешегі Қазақстан съезінде сенің осы партияңның бүгінгі басшысы Қонаев менің үш миллион халқымды өз қолымен қырған Голощекинді респуб­лика көсемдерінің қатарында атап өтті. Біздің қолымыз жетпейді. Сендер Қонаевтың қасында жүрсіңдер ғой. Осыны неге айтпайсыңдар? Жоқ! Мен ондай партияны жырлай алмаймын. Ондай партияның образын шығара алмаймын. Кешегі қан майданда халқымды жаудың алғы шебіне салып, Мәскеудің түбінде қырған партияны мен қалай мадақтаймын! «Тың» деген сөзді желеу етіп жерімді таптаған, жан-жақтан қара құрымдай қаптаған халықтың партиясын нағыз қазақ жазушысы бола тұрып дәріптеуге қалай дәтің шыдайды. Сендер осыны неге ойламайсыңдар?! – деп айтып кеп берсін.

Манадан күліп-ойнап, желпініп отырған жұрт су сепкендей басылып, сілтідей тына қалыпты. Жаңағыдай сөзді айтқан адам ол кезде атылып кетпесе де, түрмеге түсіп азап тартары анық. Осыны білген жаңағы отырған бір топ партия қызметкерлері, бір қарасақ, «мына бәлеге куә болмайық» дегендей жым-жылас, тайып кетіпті…

Міне, Сәкеннің мінезі. Көңілді кезінде күндей күліп, айдай нұрланып отырған адам, ашуланған сәтте ашық аспан астында найзағайдың от қамшысын осып-осып жіберді…

…Елдегі қариялардың айтуына қарағанда, Сәкен өз әкесі Нұрмақтан гөрі, арғы атасы Жүніске көбірек ұқсайтын көрінеді. Жүніс ұзын бойлы, атжақты, қыр мұрынды, қыран қабақты, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей кісі болыпты. Сонысына қарамай жылдам, ыңғайлы болған деседі. Ел ішінде оқыс оқиғалар болмай тұрмайды. Біреу суға кетіп бара жатса, енді біреуі өрт ішінде қалса – алды-артына қарамай қойып кетіп, ақыры құтқарып алып шығатын жарықтық Жүкең екен. Сәкеңнің, әсіресе, мінез жағы осы атасына тартыпты. Өзі әкесі Нұрмақ бүкіл ғұмырын ағартушылық жолында сарп еткен, оқымысты һәм қайырымды кісі болыпты. Анасы Мағрипа да ұстаздық еткен, көзі ашық кісі болатын. Бертініректе дүние салды.

Сәкеңнің өзі ертеректе жиі айтып жүретін:

– Мен Сәкен Сейфуллин қырық жасқа келгенде туған екенмін. Көзі ашық әкем Сәкендей болсын деп мені Сәкен қойыпты. Шамасы, әкем менің жазушы болғанымды қаласа керек. Мен әкемнің ол үмітін ақтаған секілдімін. Ал, мен қырыққа келгенде туған балам ер бала болуға тиісті!..

Айтқандай-ақ, Сәкеңнің қырық жасында ер баласы дүниеге келді. Есімін өзінің «Ақан сері» романы­ның басты кейіпкері, кезінде бүкіл Көкшетау дуанына белгілі де беделді болған адам – Жанбота деп қойды, Жанбота бұл күнде заңгер, Қапшағай қаласында тұрады. Осынысына қарап, Сәкеңді сәуегей ме деп қаласың!

Мұхтар Әуезов Сәкеңе алғашқы аспиранттарының бірі ретінде үлкен үміт артса, Ғабит Мүсірепов сырлас, сыйлас іні-дос болып бауырына тартты. Ғабең, әсіресе, өмірінің соңғы жылдарында Сәкенмен үй-іші, отбасы болып етене араласты. Көбінесе, Көкшетауда – Бурабайда бірге демалатын.

… Кейін Ғабең Сәкеңнің қазақ драматургиясында Ленин образын тұңғыш сомдаған «Өліара» пьесасы туралы сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде пайымды пікір айтты.

Сәкең осы драмасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты атанды.

Осындай белгілі адамдармен араластығының нәтижесі кейін Сәкеңе «Кемеңгер мен көлеңкелер» деген драма жазуына мүмкіндік берді. Мұнда Мұхаң, Сәбең, Ғабең образдары терең сомдалған. Бұл спектакль біраз уақыт М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында табысты өтіп жатты. Бұған дейін Сәкеңнің «Ажар мен ажал», «Өліара», «Жаралы гүлдер», «Қос анар», «Әр үйдің еркесі», «Қысылғаннан қыз болдық» сияқты пьесалары респуб­лика театрларының репертуарынан тұрақты орын алып, бірнеше сахналарда сан мәрте қойылып келді.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,
«Қазақ әдебиеті», 1994 жыл

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button