Мәдениет

«СЕРПЕР» САЗДАРЫ СЕРГІТТІ

Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан атырабымыз жайлы кезінде этнограф ғалым Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп айтқандай, кең өлкеміздің қай қиырында да «құлақтан кіріп, бойды алатын» музыкалық мұралар кездеседі. Еліміздің шығысы мен батысы аралығында қалыптасқан әртүрлі ән-күй мектептері соған дәлел. Кейінгі кезде дәстүрлі өнерді қолдау жағы кемшін соғып тұрса да, әнші, күйшілеріміздің кеңінен көсілетін мезгілдері бар. Астанада қала күніне орай жыл сайын өткізілетін «Серпер» халық аспаптар оркестрлерінің музыкалық фестивалі, міне, сондай алаңдардың бірі.                    

image-14-06-16-03-48-2          

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып келе жатқан «Серпер» фестивалі елордада бүгін алтыншы мәрте шымылдығын түрді. Фестивальдің ашылу салтанаты қалалық алаңда өтіп, енді үш күн бойы елорда аспанында әсем ән мен тәтті күйді қалықтатады. Фестивальді елордадағы іргелі өнер ұжымы – Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі бастады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов жетекшілік ететін оркестр репертуарында ұлтымыздың небір жауһар туындылары бар.

Ертең фестиваль елордадағы «Студенттік»  және «Арай» саябақтарында жалғасады. Қазақстандық өнер ұжымдарымен қатар бұл шараға Ресейден келетін қонақтар да қатысып жатыр. Олардың қатарында Башқұртстан Республикасының ұлттық халық аспаптар оркестрі мен Омбы қаласының «Лад» орыс камералық оркестрі өз өнеріне қанықтырады.

Жалпы, аталмыш фестивальге жеті оркестр қатысуда. Соның ішінде еліміздегі әр алуан ән-күй мектептерінен хабар беретін өнер ұжымдары бар. Атап айтсақ, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (Қызылорда қаласы), Кенжебек Күмісбеков атындағы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі (Көкшетау), Абыл Тарақұлы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (Ақтау) және Байжігіт атындағы халық аспаптар оркестрі (Өскемен).

Фестивальдің гала-концерті 6 шілде күні қалалық алаңда өтеді. Онда барлық қатысушы ұжымдардан, яғни жеті оркестрден, 300-ге жуық музыканттан құралған алып ансамбль «Серперден» «Сарыарқаға» дейінгі халқымыздың ең үздік күйлерін орындайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button