Экономика

Серпінді жоба – сенімді сапа

Сейсенбі күні Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен биылғы жылдың екінші жартыжылдығындағы индустрияландыру картасында белгіленген инвестициялық жобаларды таныстыруға арналған жалпыұлттық телекөпір болып өтті. Осы жолы 12 жаңа  жобаның тұсауы кесілді.

Күн өткен сайын елімізде қа­зіргі заман талабына сай келетін ин­дустриалдық-инновациялық жо­балар қатары көбейіп, экономи­ка­мыз­дың дамуына тың серпін беру­де. Бүгінде индустрияланды­ру картасында 779 жоба бар. 2010-2012 жылдар кезеңінде 537 жо­ба пайдалануға берілген екен. Олардың 277-сі 50 пайыз және одан да жоғары жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Оның 141-і толық қуат­ты өнді­ріске көшсе, 305 кәсіп­орын – негізгі өнімді шығара баста­ған. Ал 36 кәсіпорын 520 миллиард теңгеге өнім экспорттаған.

Тек биылғы жылдың өзінде 160-тан астам жоба іске қосылыпты.

Осы жолғы телекөпір барысында тұсауы кесілген серпінді жобалар мүмкіндіктеріне, іске қосылу ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінді.

Бірінші топтағылар – индус­трия­­ландыру саясаты аясында мем­­ле­­кет­тік қолдау көрсетілген және та­быс­ты жұмыс істеп тұрған кә­сіп­­орын­­дар. Солардың бірі – Кен­­тау­­дағы тран­сформатор зауы­ты. Қуат үнемдегіш трансформа­тор­лар шығаратын ірі зауыт 12 млрд.теңгенің өнімін өндіреді. Оның 30 пайызы экспортталады. Өн­ді­рісте 1200 адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, осы топқа жататын «RG Brands» компаниясының AKSENGIR өндірістік-логистика­лық кешенісусын өндірісін екі есе, шырын өндірісін үш есе арттырған екен. Енді 2015 жылға қарай тағам өндірісін бастамақ. Бұл жобаны Қазақстанның Даму банкі қаржыландырған екен.

Екінші топтағы 10 жаңа кәсіп­орын Елбасының қатысуымен іс­ке қосылды. Бұлар химия және ме­тал­лургия өнеркәсібімен айналыса­тын кәсіпорындар.

Үшінші топтағы жобаларды ма­­­шина жасау өнеркәсібінің кә­сіп­­орындары құрады. Айталық, Шығыс Қазақстан облысын­дағы «Восток­машзауыт» компания­сы­ның болат вагон құймалары өндірісі, Шу қаласын­дағы ма­невр­лік теп­ло­воздар өнді­рі­сі, «Мұ­наймаш» мұнай өнеркәсі­бінің механикалық өңдеу өндірісін жаң­ғыр­туға арнал­ған бұйымдар шыға­ратын кәсіпорын, тағы бас­қалар бар осы топта.

Төртінші топтағы кәсіпорындар аймақтық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Олардың қатарында құрғақ әдіспен цемент өндіретін зауыт құрылысы, «Зенченко және компания» серіктес­тігіне қарасты жел энергетикалық қондырғысы, Жеті­сай­дағы мақта сабағынан құрылыс-жиһаз тақ­тайларын жасайтын зауыттар бар.
Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ат­қарылған істерді қорытындылап, сөз сөйлеген Елбасы:

–Қазақстан тауарлары нарық­тың барлық талаптарына сай бол­маса біз ғаламданудан артта қа­ла­мыз. «Қазақстанда жасалған» деген сөз нағыз сапаның сені­мі деген сөз. Жаңа дәуірде тәуел­сіздігіміздің баянды болмағы ең әуелі экономикаға тәуелді. Экономикамыз мықты болғанда ғана біз нағыз тәуелді ел бола аламыз, – деп атап өтті.

Еліміздің небары екі жылда толайым табыстарға қол жеткізгеніне тоқталған Мемлекет басшысы барға тоқмейілсімеу керектігін, алда әлі үлкен міндеттер күтіп тұрғанын айтты. Жоспар бойынша, 2025 жылға қарай шикізат емес сектордың экспорттық өнімі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артуы тиіс.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button