Елорда тынысы

Сервис сапасын арттырады

«Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында жаңа заманауи туристік ақпараттық орталық ашылды.

Ақпараттық орталық – туристік бағытта мәліметтер ұсынатын сервистік қызмет қана емес,  келген туристер үшін қолайлы жағдай туғызудың негізгі элементі.

Орталық қызметкерлері елорда қонақтарына үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) Астана қаласының туристік өнімдері, экскурсиялық бағдарлар, көрікті жерлер, іс-шаралар, көлік, шопинг, ойын-сауық және т.б. туралы ақпараттар береді. Әрбір келуші қала картасы мен турис­тік кітапша, сондай-ақ елорданың көрікті жерлері, қонақ үйлері, тамақтану орындары және т.б. туралы буклеттерді тегін ала алады.

Ақпараттық орталықтың ресми ашылу салтанатына «Terminals Astana Airport Management» ЖШС бас директоры Юсуф Альжавдер және Астана қаласы Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров қатысып, бұл оқиғаның елорданың туризмін дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Астанада екі туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді: «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуе­жайының 1-терминалында және «Астана-Бәйтерек» монументінде. Олар ақпарат беріп қана қоймай, туристерден келіп түскен өтініштерге мониторинг жүргізеді және елорда туристері туралы деректер базасын жаңартып отырады.

2023 жылы ақпараттық орталыққа келіп түскен 10 мыңнан астам өтініш өңделді, бұл олардың туристер мен қала тұрғындары үшін маңызы зор екенін көрсетеді. Жаңа ақпараттық орталықтың ашылуы – Астанадағы туристік тәжірибені жақсартуға жасалған қадам ғана емес, сонымен қатар елорданың оң имиджін қалыптастыруға әсер ететін оқиға болары сөзсіз.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button