Жаңалықтар

Сеул мен Тбилисиге тікелей рейс ашылды

IMG_0358

2  маусым күні Астанадан Кореяға және Грузияға тікелей рейс­тер ашылды. Соңғы бес жылдан бері «Эйр Астана» аптасына 20 халықаралық рейсті жүзеге асырса, бүгінде бұл көрсеткіш 67-ге жетіп отыр.

Аталмыш әуе компаниясының президенті Питер Фостердің айтуынша, «Эйр Астана» ұлттық ком­паниясының басшылығы алдағы аптада АҚШ-қа барып, Астана – Нью-Йорк әуе бағытын ашу мәселесін талқылайды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы аясында биыл қыста Дубайға, Гонконгқа және 2016 жылдың соңына қарай Токиоға әуе жолы ашылмақшы. Сонымен бірге «Эйр-Астана» ағымдағы жылы Астанадан Парижге тікелей ұшатын рейстер ашуды жоспарлап отыр. Ал, Астана-Тбилиси рейсі бойынша аптасына екі рет «Embraer-190» лайнері ұшады. Осылайша, Алматыдан аптасына бес рет аталған қалаға қатынайтын рейстерді қосқанда Қазақстан мен Грузия арасындағы әуе қатынасы күн сайын жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте еліміздің әуе арқылы тасымалдаушы ұлттық компаниясын ірі халықаралық оператор ретінде дамыту туралы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тапсырмалар басшылыққа алынғаны белгілі.
Астанадан «Boeing 767-300ER» ұшағы аптасына бір рет, Алматыдан үш рет Сеулге ұшады. Шараға қатысқан Корея Респуб­ликасының Қазақстандағы Төтен­ше және Өкілетті елшісі Чо Енгчон тамыз айында Сеулден Ас­танаға қа­ты­найтын әуе жолы ашы­латынын мәлімдеді.
Сеул мен Тбилисиге тікелей қатынайтын әуе ұшақтарының бағасына келетін болсақ, Грузияға баратын ұшақ билетінің құны 65 мың теңгеден басталса, Кореяға қатынайтын әуе көлігінің құны 118 мың теңгеден жоғары. Әрине, бұл көліктердегі сервисте мін жоқ. Оларда жолаушылардың жай­лы­лығы үшін барлық мүмкін­діктер қарастырылған.
Кореяға – 6, ал Грузияға жету үшін 3 сағат кетеді екен. «Ендеше, әуеде көбірек ұшқанды ұнататындарды Сеулге және азырақ ұшқысы ке­летіндерді Тбилисиге шақырамыз» деді Грузияның Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Зураб Патарадзе.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button