Басты ақпаратТаным

Сеул саммитi


Дүйсенбi күнi төрткүл дүние Оңтүстiк Кореяға көз тiктi.
Бұл күнi ел астанасы Сеулде 50-ден астам мемлекет басшысының басын қосқан Ядролық қаруға қарсы халықаралық форумның жұмысы басталды.
Оңтүстiк Корея. Сеул саммитi. Жаппай қырып-жоятын суық қаруды ауыздықтау iсiнде осы ұғымдар қатар аталатын болады ендi.

Алқалы жиында қарусыздану саясатындағы Қазақстанның ұстанымы да жоғары бағаланды.
Саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қаруды бiрiншi болып қолданған елге халықаралық қауымдастық қатаң шара қолданып, бұл мемлекеттi оқшаулауы керек. Ал, БҰҰ қарудан бас тартқан елдердiң қауiпсiздiгiне кепiлдiк беруге тиiс», – деген батыл бастама көтердi.
Вашингтон саммитiнен кейiнгi екi жылдың жаһандық ядролық қауiпсiздiк саласындағы елеулi оқиғаларға толы болғанын, яғни, әлемде жоғары деңгейде байытылған уранның басым көпшiлiгi жойылғанын, жер бетiндегi отыздан астам мемлекеттiң ядролық қауiпсiздiк саласында ұлтық мiндеттемелер қабылдағанын және 2010 жылы Астанада Ядролық терроризм актiлерiмен күрес жөнiндегi жаһандық бастама конференциясы табысты өткенiн де атап өттi.
Осы екi жыл iшiнде Қазақстан 210 тонна өңделген ядролық отынды қауiпсiз сақтау орнына тасымалдауда теңдесi жоқ жобаны жүзеге асырды.
Жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы «Сегiздiк тобы» (G-8) елдерiнiң Жаһандық серiктестiгiне қосылды.
Қазақстан Президентi ядролық энергетика тек абсолюттiк қауiпсiздiк кепiлдiгi жағдайында және ең басты үш қағидат негiзiнде дамуы тиiстiгiн атап өттi.
Бiрiншiсi – Әмбебаптық. Бейбiт атомды игеру саласындағы халықаралық-құқықтық тәжiрибенi жинақтау және жүйелеу қажет.
Екiншiсi – Транспаренттiлiк және Жеделдiк. Ядролық нысандардағы кез келген оқиға туралы толық және жедел ақпаратпен хабардар етумен қатар, төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етудiң айқын тетiктерi жасалуы керек. Үшiншiсi – Теңдiк және Сенiм. Барлық мемлекеттерге бейбiт ядролық тех-нологияларға қол жеткiзуде, сондай-ақ төмен деңгейде байытылған халықаралық уран банкiнiң кепiлдендiрiлген қорын пайдалану мүмкiндiгiнде тең құқықтар берiлуi тиiс.
Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi екiншi саммит аясында Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Президентi Дмитрий Медведевтiң және АҚШ Президентi Барак Обаманың үшжақты кездесулерi болып өттi.
Кездесудiң қорытындысы бойынша үш мемлекеттiң басшылары бұрынғы Семей сынақ полигонына қатысты үшжақты ынтымақтастық жөнiнде бiрлескен мәлiмдеме қабылдады.
Мәлiмдемеде үш ел Президенттерi ядролық қаруды тарату қауiп-қатерiне және ядролық лаңкестiкке қарсы күрес жолын ұстанатыны айтылған.
Саммит соңында Сеул коммюникесi қабылданды.
Келесi саммит 2014 жылы Голландияда өтетiнi белгiлi болды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың Сеул саммитi қатысушыларына ядролық материалдарды физикалық қорғау конвенциясына 2005 жылғы түзетулердi, олар 2014 жылға дейiн күшiне енуi үшiн тезiрек рати-фикациялау жөнiнде шаралар қабылдауға шақыруы да қорытынды құжатта көрiнiс тапты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button