Ел тынысы

Сеулде қазақ-корей мәдени көрмесі өтті

Сеул орталығындағы галереяда Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени алмасу көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі «Diplomacy Journal» журналының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Көрмеге дипломатиялық қауымдастықтың өкілдері, өнер және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ қызығушылық танытқан көптеген қонақтар қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Елшісі Нұрғали Арыстанов көрменің Қазақстанның туристік әлеуеті мен мәдени мұрасына арналғанын атап өтті.

Н. Арыстанов мәдени алмасудың Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мен өзара түсіністікті дамытудағы маңыздылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол 2024 жылы маусым айында Корея Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары мен қазан айында Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикері У Вон Шиктің сапары сияқты маңызды оқиғаларға ерекше назар аударды. Бұл сапарлар және алдағы «С5+К» ынтымақтастық форумы аясындағы министрлік отырысы екі ел арасындағы, соның ішінде мәдени және туристік бағыттардағы байланыстардың іргетасын нығайтты.

Көрмеде Қазақстанның мәдени көрікті жерлері, табиғи пейзаждары және туристік әлеуетін таныстыратын 40-қа жуық фотосурет қойылды. Экспонаттардың ішінде 2024 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан фотосуреттер ерекше орын алады. Ойындарға 89 елден, соның ішінде Оңтүстік Кореядан келген 2800 спортшы қатысты. Бұл фотосуреттер мәдени алмасудың маңыздылығын көрсетіп, Қазақстан мен Корея халықтары арасындағы нығая түскен байланысты бейнелейді. Сондай-ақ, іс-шарада қазақ және корей суретшілерінің туындылары да қойылды.

Іс-шараның ерекше сәті ретінде Ёнсэ университетінде білім алатын қазақстандық студент Тазабек Аланға стипендия табысталды. Сыйлықты «Diplomacy Journal» журналының төрағасы Ли Джон Ён табыстап, студенттің Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталған іс-шараларға белсенді қатысуын ерекше атап өтті.

Көрме 5 қарашаға дейін жалғасады және барлық қызығушылық танытқан адамдар Қазақстан мен Кореяның бай мәдени мұрасымен таныстыратын ерекше экспозицияларды тамашалай алады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button