Жаңалықтар

СЕЗІММЕН ЖЕТІП, АҚЫЛМЕН ТАНЫҒАН АҚИҚАТ

Немесе «Китаб тасдиқ» туралы бірер сөз

Бүгінгі қазақ баласын не үшін оқытады? Бүгінгі қазақтың баласын оқытудағы мақсат-мұраты Абай заманынан өзгеше ме? Әлде сол «баяғы жартас, бір жартас» па? Осы сауалдарға жауапты Абай мұ­ра­сын зерделегенде табарымыз анық. Абай айтады: «Ләкин осы күн­де орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы да қазақты аңдысам дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Қазақ­қа күзетші болайын, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қата­ры­на қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек».

Міне, бізге қазір осындай «қазаққа күзетші болатын» оқыған жас­тар керек.

Ал енді, осы елге жаны ашу, оған қор­ған болу, бар күш-жігерін ел үшін сарп ету секілді адам бойындағы асыл қасиеттер ұлттық тәрбиеге тіке­­лей байланысты екені бесенеден белгілі. Сондықтан да ғылым-білім­нің негізінде адамгершілік қағи­дала­ры негіз болып қаланбай, көкте­мейті­німіз, кө­гер­мейтініміз айдан жарық, күн­нен анық ақиқат.

Ғылым-білім алудағы ұлттық тәр­­бие­­­нің негіздерін ұғыну ұшін Абай шы­ғар­машылығындағы отыз сегі­зін­ші қара сөздің алатын орны ерек­­ше. Ақынның жүз елу жылдық мерей­­тойына орай шығарылған шығар­­ма­ла­рының екі томдық толық жинағындағы түсініктерде бұл жайында былай делінген: «Отыз сегізінші сөз. Алғаш рет 1933 жылы жинаққа енгізілген. Мүрсейіт қолжаз­баларында «Китап тасдих» деген тақырыбы бар. 1905-1907 жылдардағы қолжазбаларда 1-бет­тен басталады». «Тасдиқ» – орыс­ша-арабша сөз­дікте «утверж­де­ние истинности», «ақи­қатқа сен­діру» деген мағынаны береді деп көр­се­тілген. Абайдың бұл еңбекке бұлай ат қоюы тегіннен-тегін болмаса керек. «Китап тасдих» – ақиқатқа сендіру кітабы. Әл-Хақ (ақи­қат) – Алла тағаланың көркем тоқ­сан тоғыз есі­мінің бірі. Ендеше, бұл кітап – Алла Тағаланың бар екендігіне, бір екен­дігіне сендіру кітабы. Алла таға­ланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) ар­қылы бізге түсірілген Құран Кәрім­ге сендіру, Құран арқылы бізге жет­кен Алла ілімінің ақиқатына сендіру кіта­бы. Және жоғарыда көрсетіл­гендей, Мүрсейіттің алғашқы қолжаз­баларында бұл шығарманың бірінші беттен басталуы, бірінші болып келуін­де зор мәніс бар. Өйткені, бұл – Абай хакімнің ең басты, ең негізгі еңбегі. Ойшылдың бүкіл дін туралы, діннің, иманның ақиқаты туралы ойлары осы еңбекте жүйелі түрде баяндалған. Абайдың өлеңдерінде, поэмаларында, басқа ғақлияларында берілген діннің ақиқаты, иманның тазалығы туралы ойлары осы шығармада ғажайып дәлелмен көркем түрде баяндалған. Бұл еңбекті, «Китап тасдиқті» Абай­дың діни-философиялық ойларының қоры­тын­дысы, квинтэссенциясы десе де болады. Сөз қылып отырған шығар­маның басқа қырық төрт ғақ­лиядан тағы бір айырмашылығы – нақты адресатының барлығы. Бас­қа ғақ­лия­лардың бірде-біреуінің нақты адресаты жоқ, олар болашақ оқыр­манға, қажет деп табуы мүмкін оқыр­манға («…кімде-кім ішінен керекті сөз тапса…») арналады. Ал «Китап тасдиқтың» нақты оқырманы бар.

«Ей, жүрегімнің қуаты – перзент­лерім! Сіздерге адам ұғылының мінез­дері туралы біраз сөз жазып, ядкар (ескерткіш – О.Т.) қалдырайын. Ықы­­лас бірлән оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады». Бұл үзін­­діден кітап нақты ілім үйренуші жас­тарға арналып жазылғанын бай­қаймыз. Әрі бұл кітаптың мақсаты да айқын – оқырманның жүрегіне іңкәр­лік ұялату, жас перзенттің бойын махаб­бат сезімімен толтыру. Бұл кітап – Абайдың ұзақ жылдар бойы ізде­нісінің нәтижесінде көз жеткізген, ақы­­лымен таныған, жүрегімен сезген Ақиқат ілімнің жұртқа ұсынылуы; Ислам дініндегі Хақ ілімінің қазақ тілін­дегі тәпсірі (түсіндірмесі) десе де, ақи­­қаттан алшақ кетпеспіз. Енді сөзіміз дәлелді болу үшін Уәсила Абайқызының естелігін ұсыналық: «Әкем балаларды жеті жастан сегізге шығарында оқуға беретін, еркек балаларымен қабат қыздарын да оқытатын. Мен де сегіз жасқа шығарымда оқы­дым. Ол кезде молда балаларға дін оқуын оқытатын, қазақ тілінде кітап жоқ бола­тын. Сондықтан, балалардың ойы, дүние тануы кемсін болады деп әкем ай­тып жүрді. Әлі есімде, бір күні біз­дің оқып отырған үйімізге әкем кел­ді. Әдет­тегідей, бәріміз орында­ры­мыз­дан тұрдық, әкем айнала қарады да, «оты­рыңдар» деді. Біз отырып жай­­ғас­қан соң молдаға қарап: «бала­лар­ға­ мына бір кітапты әкелдім, осыны көшіріп, көбейтіп, бала басына бір-бірден таратып бер. Бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт» деді. Біз қуа­нып кеттік, әкем үйден шыққан соң, молда әлгі кітапты алды да, бас жағын оқыды, кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып, оқи баста­­дық. Басқа кітаптарға көп көңіл бөл­­мей­тін болдық. Өйткені, бұл жаңа кітап­тың тілі ұғымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейіннен байқасам, сол кі­тап әкемнің «Ғақлия» атты қа­ра сөзбен жазылған кітабы екен. Біз­­дің молдадан бұл кітапты естіген бас­қа мол­далар келіп көшіріп алып, өз шәкірт­теріне оқытып жүрді». Абай­­дың «Ей, жүрегімнің қуаты – пер­­зент­­лерім!» дегені енді түсінікті болды. Абай дін оқуын оқытатын қазақ­ша кітаптың жоқтығынан дін­нің негіздерін түсіндіріп беретін кітап жазған және де оған «Китап тас­дих» (ақиқатқа сендіру) деп ат қой­ған. Әрине, басқа да ғақлиялары оқы­тылған шығар, бірақ басқа діни кітап­тардың орнын басып, оларды жоқ­татпай, қазақ тілінде-ақ дінді оқытуға жараған негізгі шығарма «Китап тасдиқ» болғаны сөзсіз. Өйт­кені, бұл шығарманың аты да, заты да діни мақсатқа сәйкес келіп тұр. Және де бұл шәкірттердің ішін пыс­ты­ратын, оларды жалықтырып, запы қы­латын жалаң схоластика емес, әр нәр­сеге ақылмен көз жеткізіп, ақыл­мен дәлел келтіріп отыратын қазақ тілін­де жазылған бірден-бір кітап. Оқу­­шы­лардың қуанып кетуі де, олар­ға бұл кітаптың сонша ұнауының да сыры осында болса керек. Ендеше, бұл кітапты қазақ тілінде мұсылман мек­тептеріне арналып жазылған оқу құра­лы десе де болады.

(Басы. Жалғасы бар)
Омар ТЕМІРБЕКОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button