Басты ақпаратРуханият

Шәкенді неге шетке тебеді?

Оны танымайтын ұстаз бен ұрпақ пайда болуы білім реформасының «жемісі» ме?

Өткен жылдың соңына таман БАҚ беттерінде «Астанадағы бірде-бір мектеп ­Шәкен ­Аймановтың есімін алғысы келмейді» деген ақпарат шықты. Көрген жерден көзі ашық, көкірегі ояу адамды селк еткізетін бұл ақпараттың шығуына бастысы мына жағдай себеп болған. Қаладағы мектептерге танымал тұлғалардың есімін беру үшін алдымен сол білім ұясы тарапынан ұсыныс түсуі керек. Ұсыныс түспесе, оған «сен мына адамның есімін мектебіңе бер» деп ешкім күштеп бұйрық бере алмайды.

Жалпы Аймағамбетов министр болған тұста мектепке «қол сұғуға болмайтын» тәртіп қалыптасты. Олар қоғамнан тыс сияқты, тіпті оларға түрлі ұлттық басылымдарды, кітаптарды оқы деп айтуға да болмайды. Мынау сол өзімбілемдіктің салдары болса керек. Сосын да Шәкен Аймановтың аты, қарапайым тілмен айтқанда, «елеулі тұлғалар» тізімінің ішінде болғанмен, бас қаладағы білім ордасының бірде-бірі оның есімін алғысы келмейді. Басты себеп – осы. Ендеше неге мектептер Шәкенді шетке тебеді? Шәкен Аймановтың білім ордасына атын беретіндей салмағы жоқ па?

Қазақтың әйгілі актері, режиссер, қазақ киносының атасы, Кеңес Одағының халық әртісі атанған Шәкен Аймановтың дүниеге келгеніне келер жылы 110 жыл толады. Саналы ғұмырын ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуына және дамуына арнаған майталман – қазақ киносындағы ұлттық режиссураның дамуына өлшеу­сіз үлес қосқан бірегей тұлға.

Шәкеннің шекпені

Кино саласындағы танымал тұлғалардың бірі Нұржұман Ықтымбаевты иісі қазақта білмейтін адам жоқ шығар, тым құрығанда кино көретін қазаққа түр-түсі әбден таныс. Голливудта фильмге түскен тұңғыш қазақ атанған сол Нұржұман Ықтымбаев та Шәкеннің «шекпенінен» шыққан.

– Мен киностудияның штатына кіргеннен кейін бір күні Шәкен аға шақырып жатыр деді, – деп бастады Нұржұман аға әңгімесін. – Ол кезде студияның көркемдік жағын басқаратын Шәкен аға директормен терезесі тең адам еді. «Бірдеңе бүлдіріп қойған жоқпын ба, бір аптаның ішінде аяқ астынан неге шақыра қалды?» деп сасып қалдым. Қорқа-қорқа кабинетіне барсам, келген бетте «әй, қалқанқұлақ, жоғары шық» деді үлкен қазақы мінез танытып.

Шәкен түсірген фильмдер:

«Дала қызы» (1954 ж.), «Махаббат туралы аңыз» ­(1954 ж.), «Біз осында тұрамыз» (1956 ж.), «Біздің сүйікті ­дәрігер» (1957 ж.), «Бір ауданда» (1960 ж.), «Ән шақырады» (1961 ж.), «Жол қиылысы» (1962 ж.), «Алдар көсе» (1964 ж.), ­«Ата­мекен» (1966 ж.), «Тақиялы періште» (1968 ж.), ­«Атаманның ­ақыры» (1970 ж.).

– «Қазақфильм» деген – қазақ мәдениетінің бір үлкен шаңырағы. Осы киелі шаңыраққа жақында штатпен актер етіп қабылдадық. Енді сендер осы киностудияның штатындағы актер деген атты абыроймен алып жүріңдер. ­Дубляждан жалақыңды аласың, түсіп жатсаң, кинодан да ақша табасың. Ол үшін дұрыс жүру керек, – деді. Ол кісінің айтқаны – заң. Мақұл деп шығып кеттім. Бірақ екі-үш күннен кейін көшеде келе жатсам, үш орыс жігіті тонамақ болып маған жабылды. Бірақ мен де бой бермей, қарсыласып, төбелесіп едім, бір көзім көгеріп қалды. Ертесі студияға келсем, соны Шәкен аға көріп қойып: «мынау бет кімдікі?» деп сұрады, ойымда ештеңе жоқ, «өзімдікі ғой, аға» деп едім, «жоқ, бұл бет – сенің бетің емес, халықтың беті. Ендігәрі халықтың мүлкіне зиян келтірсең, онда мен сені аямаймын, жұмыстан кетесің» деді. Шошып кеттім, «аға, енді тыныш жүрем» деп уәде бердім.

Бір күні Әзірбайжан Мәмбетов кездесіп қалып, «сен маған кел, театрдың қыр-сырын білесің, үйренесің, театр кинодан арқан бойы жоғары нәрсе ғой» деді. Ол кісі Қазақ драма театрының режиссері еді. Мен де қызықтым. «Аға, шын айтасыз ба, аласыз ба?» деп едім, «Шын, алам» деді. Содан киностудияның кадрлар бөліміне барып, документтерімді жинаттым. Аралықта дубляж болды да, соған кіріп кетіп, қайта шықсам, Шәкен аға шақырып жатыр деді, барсам, кадрлар бөлімінің бастығы отыр екен. Шәкен аға бірден «сенің жаныңа не зорлық туды, неге кетем деп жүрсің?» деп шүйілді де, кадрлар бөлімінің бастығына бұрылып, «егер мына қалқанқұлақтың документін беретін болсаң, сен де жұмыстан кетесің. Екеуіңді бірдей қуып шығам. Қалқанқұлақ менің рұқсатымсыз ешқайда кетпейді» деді. Ана кісі шығып кетті. «Қалқанқұлақ, сен отыр» деп мені алып қалып, былай деп ақыл айтқаны бүгінге дейін есімде, – деді Нұржұман аға дауысы дірілдеп.

Қазақтың әйгілі актері, режиссер, қазақ киносының атасы, Кеңес Одағының халық әртісі атанған Шәкен Аймановтың дүние­ге келгеніне келер жылы 110 жыл толады. Саналы ғұмырын ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуына және дамуына арнаған майталман – қазақ киносындағы ұлттық режиссураның дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға

– Сенің бақытың – осы кинода. Мен адам танысам, сенің бақытың да, өмірің де, болашағың да осы кинодан, – деді. Сонымен Шәкен ағаның ақылымен кино­студияда қалдым.

«Қазақфильмде» ол кезде кинопроба деген бар еді, рөлдерге актер таңдау үшін жарысқа түсіретін. Сол кезде «Атаманның ақырындағы» Әкімнің рөліне Шәкен аға жарысқа түсірмей-ақ мені таңдап алды. Содан Әкімнің шұңқырға құлайтын жері бар ғой, түсірілім кезінде шұңқырын қазып дайындап қойды да, киноны түсірмей бір-екі күн өтіп кетті. Шәкен ағадан қашан түсіреміз десем, «түсіреміз ғой» дейді де қояды. Бір күні «Аға, мен дайынмын ғой, қашан түсіресіз?» деп шындап сұрап едім, «әй, анау каскадерлер келмей жатыр» деді. «Олар қай жақтан келеді?» десем, «Мәскеуден» дейді. «Ой, аға, аттан құлағанды өзім-ақ қатырам ғой, оған басқа адам не керек, талай аттан құладық қой» десем, «Жоқ, актерлерге болмайды» деп басын шайқады. Ақыры көндірдім, бірақ жығылатын шұңқырымды көрейін деп келсем, Шәкен аға шұңқырға матрас сияқты жұмсақ нәрселерді төсетіп қойыпты. «Аға, мұныңыз не, мен мұның ішіне ұйықтаймын ба?» десем, «Денең ауырмасын деп төсетіп қойдым» дейді. «Жоқ, болмайды, мен құлағанда бұрқ етіп шаң шығу керек қой» деп алдырып тастадым. Бірінші рет ат жығылғанда, мен өзім жығылмай жүгіріп кетіппін. Шәкен аға ішегі қатып күліп жатыр. «Әй, қалқанқұлақ, оқ тиген адам жүгіріп кете ме, қайтадан түсір» деді. Қайта түсірдік, екінші реткісі дұрыс болды. Шұңқырдың ішінде шаң-шаң боп жатсам, Шәкен аға қобалжып кетсе керек, шұңқыр­дан өзі тартып шығарды. Сол кезде қайдан пайда болғанын білмеймін, «мынау киелі қол мені талай жерге апаратын шығар» деп ойлап үлгердім. Солай болды да.

Шәкен ағамен өте жақын болдым. Ол кісі мандолинамен өлең айтады, мен домбырамен айтам. Көп бірге жүрдік. Үйіне шақырып алатын. Жастар ­театрында «Абайдың жастық шағын» қойды ғой, сол спектакль­ден мені бір күн қалдырған емес, шақыртып алатын.

Сол деңгейге жете алмай жүрміз

– Шәкен Аймановтың кезінде киноның өресі өте жоғары еді. Өткенде Олжас Сүлейменовтен «сіз неге сценарий жазбайсыз?» деп журналистер сұрап жатыр. Сонда Олжас «Абдолла тіріліп келсе, мен жазар едім» деп жауап берді. Сол Олжас айтқандай, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Шәріп Бейсенбаев, Абдолла Қарсақбаев бір-бір төбе еді. Қазір заман басқа, еркіндік бар, не жазам, не қоям деп ешкімге жалтақтамайсың. Кезінде түсірілген кинолардың көбін кесіп-кесіп тастап, жұрнағы ғана қалатын. Сондықтан қазіргі кинолар мен Шәкен ағалар жасаған дүниені салыстыруға келмейді. Қазіргі киноларды «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа», «Қыз Жібекке» жақындата алмай жүрміз. Режиссурамыз саяз, – деп қазіргі киноөнердің кемшілігін де атап өткен Нұржұман Ықтымбаев «Көп уақытым жоқ, Шәкен аға деген соң ғана келісіп, сізге уақыт бөліп тұрмын» деп әңгіменің нүктесін қойды.

«Атаманның ақыры» аяқсыз қалған жоқ

Әрине, Нұржұман Ықтым­баев айтып отырған «Атаманның ақыры» – қазақ кино қоржынына теңдессіз олжа болып қосылған қомақты туынды. Айтулы фильм отандық кинематография тарихына детектив жанрында түсірілген тұңғыш кинокартина ретінде енуімен құнды болса, екіншіден, ол Шәкен Аймановтың соңғы түсірген туындысы болуымен қастерлі. 90 пайызы – Өзбекстанда, 10 пайызы Қазақстанда түсірілген бұл фильм Шәкен Айманов түсірген екі сериямен аяқталған жоқ. Атап айтқанда, осы еңбектің жалғасы ретінде 1977 жылы «Транссібір экспресі», 1989 жылы «Манчжурлық нұсқа» фильмдері түсірілсе, 2010 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «ИЗАРУС-фильм» кинокомпаниясымен бірлесе отырып, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты фильмнің тұсауын кесті. Оқиға сюжетіндегі жалғастық тұрғысынан алып айтсақ, бұл фильм де аты аңызға айналған тыңшы Шадияров жайындағы туындылардың тақырыптық жалғасы еді. Үш фильмде де бас кейіпкердің бейнесін Асанәлі Әшімов сомдады. Оны Қасымхан Шадияровтың рөліне ұсынған да Айманов болатын. Міне, артына осындай айшықты із қалдырған танымал тұлғаны елордадағы мектептердің алғысы келмейтіні қынжылтады. Бұл нені түсіндіреді? Бұл Шәкенді танымайтын ұстаз бен ұрпақ өсіп келе жатқанын түсіндіреді. Ендеше «Шәкен Айманов кім?» деген тақырыпқа да тоқталып, мақаламыздың соңын «соқырға таяқ ұстатқандай» түйіндейік.

Шәкен Айманов кім?

Ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған Шәкеннің азан шақырып қойған аты – Шаһкерім. 1914 жылы Баянауылда дүниеге келген ол 1924 жылы Семейге барып, алғашында Қазкоммунаға, кейін Қазақ халық ағарту институтына оқуға түссе, 1928 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумында білім алды. Осы арада Ғабит Мүсіреповтің көзіне түсіп, Алматыдағы кәсіби театрда оқығанмен, оны толық аяқтаған жоқ.

Шәкен Аймановтың алғашқы баспалдағы театрдан басталды. Осы өнерде жүріп, өз талантын әйгілей білген ол кейін кино өнеріне көшті. Шәкен Аймановтың киноға келу тарихы да қызық. Бұл туралы ол өз естелігінде: «1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссері – М.Левин. Бір сағат қана тамашалауға келгем. Бірақ кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім. Режиссерге келіп, рөл беруін өтініп едім, рөлдердің бәрі тарқатылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса несі бар. Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім. Сол күні мені түсіріп алды. Сол күннен бастап менің киноға деген ерекше махаббатым оянды. Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім. «Алда тағы кино түсіретін болсам, саған міндетті түрде рөл беремін» деп өз уәдесін берді М.Левин. Режиссер өз уәдесінде тұрды. Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмінде Сәрсеннің рөліне бекітті. Осылайша, мен кино актері болдым» деп жазады. Болашақ режиссердің Сәрсеннен кейінгі ойнаған рөлі – «Абай әніндегі» Шәріп бейнесі. «Абай әніне» Шәкенді алып келген Қалибек Қуанышбаев болды. Аймановтың бағын жандырған рөлдің бірі – Жамбыл бейнесі. Жамбыл рөліне Шәкен Аймановтың бекітілуінің өзі бірталай әңгімеге арқау боларлықтай еді. Әуелде режиссерге Шаймұхамедтің рөлі тиген екен. Түсірілім басталар сәттен Е.Арон Аймановтың ерекше талантын байқап, басты рөлді оған тапсырған.

1945 жылдан 1952 жылға дейін Қазақстанның киноин­дустриясы тоқтап қалды. Мықты режиссерлердің көбі Алматыны тастап, орталыққа кетті, бос қалған павильондар мен цехтарда жұмыс істейтін кадрлар жоқтың қасы еді. Кино өнері дәл осындай тұралап тұрған сәтте Айманов сияқты тұлғалардың келуі қазақ киноөнерін қайта түлетті. Шәкен Айманов 1953-70 жылдар аралығында «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ киноөнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы (1958-70) қызметін атқарды.

Шәкен Айманов белгілі биші Шара Жиенқұлованың сіңлісі Хадишаға үйленіп, одан Мұрат есімді бір ұл сүйген. Хадишаның бірінші некесінен сүйген қызы Майраны да бауырына басып, бұлаңдатып өсірді. Ал күйеу баласы – Асанәлі Әшімов. Тағдыр Шәкен Аймановтың бір басына барлық дарынды үйіп-төгіп берген. Театрда, кино саласында өшпес із қалдырған Шәкеннің әншілік өнері де бір төбе. Себебі жұрт арасында қазақтың халық әні – «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» Шәкендей ешкім орындай алған жоқ деген сөз көп айтылады. «Атаманның ақыры» фильмінде де «Жиырма бесті» орындаған Шәкен Аймановтың өзі болатын.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының(1952) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты атанған Шәкен Айманов Мәскеуде жол апатынан қайтыс болып, Алматы қаласында жерленді. 1984 жылдан бастап «Қазақфильм» студиясы Айманов есімімен аталды. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Алматы, Астана қалаларынан көше берілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button