Шәмші рухы шарықтады
Астана қаласы әкімдігінің Байқоңыр ауданына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай «Әнім сен едің» тақырыбында көрініс қойылды. Аталған қойылым композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, ән өнерінің алыбы Шәмші Қалдаяқовтың 94 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Қойылымды аталған орталыққа қарасты «Тіл шаңырағы» әдеби-танымдық клубының белсенді мүшелері сахналады. Басты рөлді сомдаған Торғауыт Шахзада және басқа да қойылым қатысушылардың сомдап шыққан образдарына көрермен қауым қатты ризашылық білдіріп, ұзақ қол соғып тұрды.
Көрініс барысында сыған қызы Изольда мен оның құрбыларын Гүлжан, Светлана, Бақтыгүл және Наталья сынды зейнеткерлер алып шықты. Олар өздерінің тартымды бейнесі, жарасымды киімдері, әдемі билерімен көрерменнің көзайымына айналды. Ал қойылымның сценарийін жазған Халима Мұхамеджанова композитордың өмір жолының негізгі кезеңдерін көрсетуге талпынған.
Ал аз ғана ғұмырында алаштың жүрегінен орын алған Шәмші әндерінің өміршеңдігі ұрпақтан ұрпаққа жете беретіндігіне сенім білдірген клуб жетекшісі, аталған орталықтың қазақ тілі оқытушысы Маржан Пірімбетова қазақ өнерін барынша дамытқан, отандық өнер жұлдыздарының әрқайсысының төлқұжатына айналған аса талантты композитор Шәмші Қалдаяқов алашқа ғана емес, әлемге ортақ тұлға деп айтуымызға әбден лайық дегенді айтады.
– Біз бүгінгі қойылым барысында талантты тұлға Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолымен және өнер жолымен жақсы таныса білдік. Талантты өнер иесін халық лирикалық әндеріне қарай «Қазақ вальсінің королі» деп атаса, Шәмші әндеріне ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек» деген екен. Бұдан біз оның адамзат баласына ортақ тұлға екенін аңғара аламыз, – дейді М.Пірімбетова.
Бұл қойылымға 100-ге жуық көрермен қатысып, соңынан концерттік бағдарламаны тамашалады.