Басты ақпарат

Шағатай тілі: ізі қайда?

Әлемде қанша халық болса, сонша тіл бар және олардың өзіне тән күрделі тағдырлары мен неше түрлі кезеңдерден тұратын тарихының болуы да заңды. Өйткені тіл – халықтың мәдениетін, тарихын, дүниетанымын, әлеуметтік және жеке өмірін сақтаушы, қалыптастырушы элемент. Біздің қаузамақ болып отырған тақырыбымыз – бір дәуірдің жүрегін соқтырып, халық пен халықтың арасындағы мәдениет пен әдебиетті тұтастырған алтын жіптей болып, бүгінгі заманға жетпей үзіліп қалған шағатай тілі туралы болмақ.

Көне тілдердің бір-бірімен байланысы

Тарих барысында көміліп қалған көне тілдер аз емес. Ұлт тіліне айналмай ұмыт болған шағатай тілімен ұқсас және оған дейін қолданылған ескі түркі тіліне жататын VIII ғасыр­да Орхон ескерткіштерінде кездесетін орхон тілі болған, ол Түркі қағанатының ресми тілі болып, қазіргі Түркия мен Қазақстанның кейбір бөліктерінде қолданылған. Оның шағатай тілінен айыр­машылығы – көне дәуірдің жазба тілі болғандығында. Ал Қыпшақ тілі XIV-XV ғасыр­ларда Қазақстан, Ресей, Қырым, Украина аумақтарында қолданылып, түркі халықтарының арасында ортақ байланыс тілі болды. Оның шағатай тілінен айырмашылығы – араб, парсы тілдерінің әсеріне ұшырамағандығында. Осыған ұқсас, қараханид тілі болса, оның шағатай тілімен көп ұқсастықтары болды. Екеуі де – түркі тілдерінің бір тармағына жатады және араб-парсы мәдениетінің ықпалында болған тілдер. Міне, осылай тізе берсек, тілдердің тарихы мен тамыры, бір-бірімен тұтасып кете береді. Ал енді нақты шағатай тілі қай дәуірде қолданылды деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Шағатай тілі шартты атау ма?

Журналист, тарих ғылымдарының магистрі Ерлан Мазан бұл кітаби тіл деп аталғанмен, ғылымда көбінесе шағатай тілі деген терминмен белгілі екенін айтады.

– Шағатай тілі – шартты атау, ол Шығыс Түркістан, Жетісу және Мәуереннаһр өлкелерін билеген Шағатай хандығында ресми тіл есебінде қолданылғандығы үшін осылай аталып кеткен. Алайда бұдан шағатай тілінің қолданыс аясы айтылған өлкелермен ғана шектелген деген ұғым шықпауға тиіс. Фонетикалық, грамматикалық және лексикологиялық тұрғыдан ежелгі қарлұқ тілдерінің, соның ішінде кейінгі ұйғыр, өзбек халықтарының тіліне жақын диалектілердің әсеріне ұшырауымен және араб, парсы тілдерінен көптеген сөз бен сөз тіркесін және сөзжасам, бейнелеу тәсілдерін қабылдағанымен ерекшеленді. Шағатай әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуына Орталық Азия кеңістігіндегі түркітілдес халықтардың өкілдері тең атсалыс­ты. Әсіресе, 17-ғасырдан кейін жазу нұсқасы түркі тілдерінің табиғатына тіпті жақындап, араб, парсы сөздерінің топаны біртіндеп азайып, жергілікті тілдік ерекшеліктермен байытыла түсті. Мысалы, қазақтан шыққан жылнамашы ғалым Қадырғали Жалайридің «Жами ат-тауарих» атты шежірелік еңбегінде ескі қазақ тілі деп атау­ға тұрарлық тілдік белгілер бірден көзге түседі. Сондай-ақ қазақтың хан-сұлтандары мен би-батырларының ойда орыс, қырда қытаймен алысқан хаттары түркілік немесе шағатайша ресми іс қағаздардың стилін емін-еркін пайдалана отырып, қазақ тіліне тән орфографиялық, стильдік белгілерімен оқшауланып тұрды. Басқаша айтқанда, осы кезеңде шағатай тілі деп аталған әдеби-жазба тіл Орталық Азиядағы түркі халықтарына ортақ тілдік нұсқаны сақтай отырып, халықтық сипат ала бастады. Ол қазақ ортасында кітаби тіл деген атаумен мәшһүр болды, бірақ оны таза шағатайша дегеннен гөрі шағатай тілінің ескі қазақ нұсқасы, немесе шағатай қазақ тілі деген дұрыс болар еді, – дейді Е.Мазан.
Бұл пікірді тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев та растайды.

– Шағатай тілі – шартты атау. Алайда менің түсінігімде шағатай тілі Қарахан дәуірінде қалыптасты әрі оның негізін салған – қарлұқ тілі. Солар бұл тілді өз мемлекетінде қолданған. Содан 20-ғасырдың басына дейін шағатай тілі жазба тіл, яғни әдеби тіл есебінде түркі халықтары қоныстанған жерлерде ортақ жазба тіл қыз­метін атқарып келді. Тіпті ол тілді Алаш Орда қайраткерлері де алғашқы кезеңдерде қолданды. Алайда бертін келе 20-ғасырдың басында түркі халықтарының әрқайсысының өз әдеби тілдері қалыптаса бастады. Соған байланысты шағатай тілі өз дәуірін аяқтады. Бүгінгі таңда оған ең жақын тіл деп өзбек тілін айтуға болады. Түркімен тілінің де жазба нұсқасы сол тілге бейім, – дейді ­Ж.Артықбаев.

АУЫЗЕКІ ЕМЕС, ЖАЗБА ТІЛ

Ал филология ғылымдарының кандидаты, профессор, лингвист, доцент Алмасбек Белботаев шағатай тілін ең әуе­лі әдеби тіл ретінде және өзінен бұрынғы көне орхон-енисей, ұйғыр жазба ескерткіштері тілінен араб-парсы әдеби дәстүрінің ықпалымен қалыптасқан жазба ескерткішінің тілі ретінде танығанымыз жөн екенін айтады.

– Бұл – араб әліпбиі негізінде құралған XIV-XVI ғғ. жазба ескерткішінің тілі. Бұл тілдегі мұраларға әр алуан орта ғасыр ескерткіштері жатады. Ал тарихқа зер салсақ, араб жазуының түркі тілдеріне әсер етіп, қолданылуы XI ғасырдан-ақ басталатыны белгілі. Мұндай түркі тілдес ескерткіштердің бізге мағұлым болған тұңғыш нұсқасының бірі – «Құтадғұ біліг» (1069 жыл) дастаны мен Махмуд Қашғаридың «Диуан лұғат ат-түрік» деген түркі тілдері саласындағы арабша жазылған тарихи-салыс­тырмалы сөздік-зерттеуі. XII-XIV ғасырларда араб әліпбиімен түркі тілінде жазылған ескерткіштеріне Ахмед Йүгінекидің «Хибат ул-хақаиқ» («Ақиқаттар тұжырымдары»), «Қисас ул-анбия» («Әулие-әнбиелер қиссасы») т.б. туындыларды жатқызуға болады. Мейлі не десек те, көне түркі тілі, оның бір тамыры саналатын көне ұйғыр тілі бір-біріне ұласып тұр. Сондықтан да бұл тұрғыда зерттеушілердің бірі «Шағатай тілі» дегеніміз – Шыңғысханның екінші ұлы, Шағатайдың ұлысына енген Орта Азия, Жетісу және Шығыс Түркістан жерінде кең тараған жазба әдеби түркі тілінің тұспалды атауы ретінде кеңінен танылды десе, енді бірі Түркітану әдебиетінде «шағатай тілі» деген термин Ақсақ Темір мирасқорлары заманында өз дамуының классикалық түріне жеткен XIV-XVI ғасырдағы орта азиялық әдеби «түркі тілі» деген атауға ие болды дейді. Яғни бұрынғы кезеңде Жетісу, Орта Азия аумағында тілімізге енген көне ұйғыр тілі, қарлұқ, қыпшақ, оғыз тілдеріндегі кейбір элементтерді қамтитын түркі жазба тілі кейін «Шағатай тілі» аталып кетті.

В.В.Радлов, А.Н.Самойлович, А.К.Боровков, А.М.Щербак сияқты зерттеушілер «шағатай» тілінде көне ұйғыр тілінің толып жатқан элементтерін, әдеби тіл нормаларының белгілі бір жасандылығын және қатып қалған қағидалық сипатын көрсеткен. Алайда өзбек пен қазіргі ұйғыр сияқты өте жақын туыс тілдер үшін ХІV-ХVІ ғасырдағы біртұтас әдеби, жазба тіл дәстүрінен айырылу тіпті қиын. Бұған қоса, «шағатай» тілінде қазақ тілінің де өзіндік элементтері жоқ емес. Мысалы, Әлішер Науаи «Хамса» («Бес дастан кітап») деген шығармасын 1484 жылы «түркіше» жазар алдында өзінен ілгерірек аттас шығармаларды «фарсы» тілінде жазған ұлы ақындарға медеу қылып мынадай тілек білдіреді:

«Мен ки талап йолыда қойдум кәдәм, Бар-дур умидим ки чу түгсам қалам, Йолдаса бу йолда Низами йолүм, Қолдаса Хусрау білә Жами қолүм».

Бұл мысалда қолдаса мен йолдаса сөздері есім сөзден етістік тудырушы -да жұрнағымен қолданылған қазақтың қолдаса, жолдаса сөздері сияқты, бірақ қазіргі ұйғыр мен өзбектің қолласа, йолласа (қулласа, йулласа) түрлеріндей емес.

Демек, шағатай тілі түркі тілдес өзбек, ұйғыр, түрікмен, қазақ пен қарақалпақ халықтарының жазба әдеби тілінің қалыптасуына мейлінше зор әсерін тигізді. ХІV-ХVІ ғасырдағы орта түркі тілінің негізгі дәстүрлері мен атауын сақтап тұрғанына қарамастан, ХVІІ-ХІХ ғасырдағы ұйғырдың классик, әдеби тілі мен ескі өзбек әдеби тілінде, ескі түрікмен, ескі қазақ және ескі қарақалпақ жазба әдеби тілдерінде халықтық сөйлеу тілдерінің ықпалы барған сайын айқындалып, күшейе берді, – дейді А.Белботаев.

ДІНГЕ ҚАТЫСЫ ҚАНДАЙ?

С.Мұқанов, «Өмір мектебі» кітабында «Шағатай тілін түркітанушылар Орта Азия түркі әдеби тілі деп те атаған (ҚҮЭ). Олар діни кітапты шағатай және татар тілінде таратты» деген дерек келтіреді. Осы дерек негізінде қазақ даласына келген ғалымдар мен ғұламалар исламды шағатай тілі арқылы насихаттады ма деген сұраққа исламтанушы, «Діндерді зерттеу орталығының» теологы Әділхан Жақсыбек былай жауап берді.

– Шағатай тілінің қалыптасуы жайлы ғылыми-зерттеу­лерде пікірлер, тұжырымдар сан алуан. Зерттеушілердің бір пікірі шағатай тілі Қарлұқтар хандығы (766-940 жж.) орнына келген Қарахан мемлекетінде (940-1210 жж.) қалыптасқан қарлұқ тілінің моңғол шапқыншылығынан (1220 ж.) кейінгі жалғасы дегенге саяды. Яғни, Қарахан мемлекетіндегі түркі тайпалары (қарлұқ, яғма, түргеш, ұйғыр, қыпшақ т.т.) парсы тілді халықтармен бір мәдени кеңістікте өмір сүріп, Саманидтер мемлекетіндегі парсы әдеби тілімен ықпалдасып, өз бетінше даму арнасына түсіп, осы тілді қолданысқа енгізген.

Екінші пікір, бұл тіл бір кездері Әмудария өзенінің жоғарғы ағысындағы жерлерде мекен еткен Шығыс Иран тайпаларының тілі болған. «Арабтар бұл тайпаны Хуразм деп, ал олардың тілін хорезм тілі деп атады» дейді. Яғни, Хорезмге Х-ХІ ғғ. Орта Азияны мекен еткен қыпшақ, печенек, оғыз сияқты түркі тайпаларының орнығып, тәжіктер мен соғдылықтардың бір мәдени кеңістікте өзара тығыз қарым-қатынаста болуы және өңірде ХІ-ХІІ ғғ. этникалық және саяси тұрғыда түркілену процесі жүруі нәтижесінде түркі тілінің шығыс­тық (Г.Рамстед) немесе ортаазиялық (В.В.Радлов) диалектісі – қарлұқ-ұйғыр және қарлұқ-хорезм тілі орнығады. Хорезм жазба ескерткіштеріне қарлұқ-ұйғыр тіліндегі «Һибат әл-Хақāи’қ», қарлұқ-хорезм тіліне Қожа Ахмет Ясауидің «Диуан-хикметі», Сүлеймен Бақырғанидің (1192 ж.қ.) «Хәкім ата кітабы» әдебиеттері жатады. Ал шағатай тілі – сол Хорезмдегі қалыптасқан әдеби тілдің XІV ғ. кейінгі жалғасы.
Оның қазақ даласына діннің таралуына ықпал етуіне келсек, шағатай тіліндегі «нәсір» үлгісіндегі алғашқы жазылған діни шығармалар ішінде шамамен ХІІ ғ. аяғында жазылған авторы беймәлім Құран Тафсирі аталады. Оны А.К.Боровков жан-жақты қарастырып, мәтіндік талдау жасап, сөздігін құрап, тілдік бірліктерін зерттеген болатын. Сондықтан шағатай тіліндегі діни әдебиеттер әлі де болса тек тілдік тұрғыдан ғана емес, этнографиялық, деректанулық, функционалдық тұрғысынан да зерттеуді және тың теориялық, методология­лық ізденістерді қажет етеді. Түркілік рух пен мұсылмандық құндылықтардың өзара сабақтасып, түркі-мұсылмандық дүниетанымын қалыптас­тырған бұл шығармалар қатары әлі де кешенді зерттеулерге зәру, – деп тұжырымдайды теолог.

АРНАЙЫ ПӘННІҢ ІШІНДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ

Жалпы әдебиет пен қазақ тарихын білу үшін шағатай тілін білу маңызды. Түркияда арнайы бір жыл бойы гуманитарлық мамандықтар үшін шағатай тілін оқытады. Ал олардың шағатай тіліне қатысы жоқ. Сонда тікелей қатысы бар біздің мемлекетте неге шағатай тілін қайта жаңғыртып, оқытуды қолға алмаймыз?

– Шағатай тілі – белгілі бір ұлттың тілі емес. Ол Орта Азия­дағы түркі халықтарына ортақ, араб-парсы әліпбиіне негізделіп жасалған жазба тіл деп атасақ болады. Сондықтан сол замандағы тарихи, әдеби жәдігерлердің көбі осы шағатай тілінде жазылды. Бұған атау берген де – еуропалық ғалымдар. Ал қазіргі таңда бізде арнайы көне қазақтың әдеби тілін оқытатын пән бар. Соның ішінде осы шағатай тілін де бір шолып өтеді. Әрине, онда тереңдетіп оқытпайды, оған маман тапшылығы деген сияқты себептер бар. Сондықтан алдағы уақытта бұл пәнді тереңдетіп оқытса, жас ұрпақтың тарихымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді тереңірек түсінуіне зор ықпалы болар еді деп ойлаймын, – дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин.

Шапағат ӘБДІР

P.S: Міне, қарап тұрсаңыз, бір дәуірдің жүрегін соқтырып, түркі халықтарын бір ортақтыққа, бір-бірімен тұтастырып, Орталық Азияның медициналық білімін дамытуға, әдеби шығармаларын жазуға кеңінен қолданылған шағатай тілі бүгінде архивтерден ғана табылатын жазба тіл есебінде сақтаулы. Мүмкін алдағы уақытта ұлы Тұран одағы құрылып жатса, мың жылдар бойы ұйықтап жатқан жанартаудай шағатай тілінің де тамырына қайта қан жүгіретін күні алыс емес.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button