Әлеумет

Шағым айта бiлесiз бе?

Биылдан бастап автордың рұқсатынсыз ғаламторға бейнебаян, фильм, әндердi орналастыруға және оларды жүктеуге, көшiруге жол жоқ. Егер жүктесеңiз айыппұл төлейсiз. Бұл – «Авторлық құқық пен сабақтас құқық жөнiндегi» заңға енгiзiлген толықтырудың түйiнi.
Заң бойынша өзгенiң зияткерлiк меншiгiне қол сұққандарға бiрiншi ескерту берiледi. Оны елемеген жағдайда айыппұл төлейдi. Мөлшерi – заңды тұлғаларға 100-ден 150, ал, жеке тұлғаларға 10-нан 15 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде. Арнайы интернет ресурстарын құрушыларға да қадағалау қатаң болмақ. Олар заңға мойынсұнғысы келмесе, айыппұлмен ғана құтылмай, бiр жылға бас бостандықтарынан да айырылуы мүмкiн. Заңға енгiзiлген толықтырудың тағы бiр жаңалығы, ғаламторға жүктеушiлер ғана емес, оны көшiрiп алушылар да жауаптан жалтара алмайды. Айта кету керек, мұның бәрi автордың шағымынан кейiн орындалады. Осыған қатысты әншiлердiң пiкiрiн сұраған едiк.

Нүркен Өтеуiлов,
«Бәйтерек» тобының әншiсi:

– Әрине, шағым айтар едiм, егер заңсыз пайдаланып жатса. Егер бiздiң сөзiмiздi сөйлеп, жоғымызды жоқтайтын заң қабылданып жатса, неге қолдамасқа?! Бiрақ, рұқсатпен бiздiң өнерiмiздi көпшiлiкке паш етiп жатқан бауырларға айтар сөзiм жоқ. Әр нәрсенiң өз орнымен пайдаланылғаны жөн.

Жазира Байырбек,
белгiлi эстрада әншiсi:

– Мен бұл нәрсеге түбегейлi қарсымын. Егер менiң әнiмдi бiреу көшiрiп ғаламторға салса, аталмыш заң негiзiнде шағым айтпақ түгiлi, керiсiнше, қуанамын. Өйткенi сол әндi бiз халық үшiн жаздырып, халық үшiн орындаймыз ғой. Одан бұрын егер қарапайым студент бiздiң әнiмiздi тыңдағысы келiп көшiрiп алса, оған қалай шағым айтамын? Ол айыппұлды қалай төлейдi? Сондықтан бұл енгiзiлген өзгерiске мен қосылмаймын. Әрi бұл заңның қаншалықты орындалатынына сенiм жоқ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button